Ғибратты жолдың ғанибеті

14 Маусым, 2021 14:31

Жақында «Әдебиет порталында» жас қаламгер Алима Момынханның «Антрополог неге жылады?» деген атпен студенттік күндері, ондағы ерекше естен кетпес оқиғалар мен ұстаздары жайлы сырлы сұхбаты жарық көрген болатын. Сол сұхбатты оқып, шәкіртінің жазбасына тебіренген ұстазы, белгілі ғалым Қайырбек Кемеңгер ағамыз сұхбатты оқығаннан кейінгі ой толғамын жолдаған екен. Ұстаздың шәкіртіне берген жауабын оқырманға ұсынып отырмыз.

Айналайын Алима!

«Әдебиет порталындағы» сағыныш пен тебіреніске толы эссеңді асықпай тағы бір оқып шықтым. Өткен жолы поштаға салып едің. Бұл жерде толықтырып, сұхбатқа айналдырып берген екенсің. Бірінші жақтан әңгімелеп отырғаның тамаша шыққан. Оқырман жылы қабылдайды. Риясыз көңілден туған әңгімеңе иланады. Филологияны қалаған оқушылар, мектеп түлектері сөзіңе сенеді. Олар да сенің мысалыңда тіл мен әдебиет мамандығын таңдағысы келеді. Бірге оқыған құрбыларың қатар өткізген қызықты күндерін көз алдына елестетіп, қиялында сол жаққа сапарлап қайтады.

Мәңгі есте қалатын, ұмытылмайтын студенттік өмірдің сәулелі шақтарын, көрнекті тұлғалармен болған әсерлі кездесулерді, тағылымды дәрістерді, қызықты оқиғаларды әсем баяндапсың. Бұл естелігіңмен сен, бір жағынан, студенттік кездің керемет күндерін көркем әңгімеге айналдырғансың, сонымен қатар, оқыған университетіңе, білім берген ұстаздарыңа алғысыңды, ыстық ықыласыңды жеткізгенсің.

Әлбетте білім беру мекемесі түрлі рейтингіге қатысуға мәжбүр болады. Соның ішінде мысалы өздерің оқыған білім беру бағдарламаларың да белгілі мерзім өткенде акредитациядан өтіп жатады. Ол кезде кафедра даярлайтын мамандық қызметі тұтас тексеріледі. Қол жеткізген нәтижесі ескеріліп, профессор-оқытушылардың ғылыми табысына, шәкірттердің шығармашылық жұмысына баға беріледі. Халықаралық дәрежедегі сондай рейтингтен өту үшін жарты жыл дайындаламыз.

Жаңағы халықаралық агенттіктің берген бағасынан бір елі төмен емес, қайта маңызы артық тұратын шәкірттің риясыз көңілі біздер үшін қымбатырақ деп айтар едім. Әдебиеттің тылсым әлемін жан дүниесімен жақсы көретін, мамандығына адаспай келген, түбі осы салада өмірлік мұратыма жетемін деп армандаған жастарға дәріс оқығаның да қызықты. Ұстаздық қызметтің ғанибеті де, рахаты да – берген біліміңнің кәдеге жарағанын көру, шәкіртіңнің жанарынан қуанышты байқау, әдебиеттегі өмірдің көркем суретін солармен бірге түсіну, бірге талдау.

Ұстаздық – қасиетті мамандық, ғибратты жол. Алты алаштың баласы бас қосса, төрдегі орын мұғалімдікі болуға тиіс деген мағынадағы Мағжанның қанатты сөзін жақсы білесіңдер ғой. Мағжан ақынның қаламдас серігі, ниеттес жолдасы алаш ардақтысы Қошке Кемеңгерұлы қысқа ғұмырында ұстаз болды. Қызылжарда, кейін Ташкентте Әскери училищеде дәріс оқыды. Жалғыз ұлы, мені тәрбиелеп өсірген Нарманбет атам да мұғалім жолын таңдады. Мектеп басқарды, ұстаздық жолда 53 жыл қызмет істеді. Ризабек әкем орта мектепте, колледжде, жоғарғы оқу орнында 47 жыл жұмыс атқарды. Сол қасиетті ұстаздық жолды төртінші буында, және үзбей филология бағытында жалғастыру бақыты біздің маңдайға бұйырды. Бұл бақыттың салмағы мен жауапкершілігін бірдей сезініп, білгенімізді шәкіртке үйретуді, ізгі жолды абыроймен жалғастыруды тілейміз. Осы жолда жеткен жетістігіміз, азды-көпті табысымыз алған ғылыми атақ-дәрежемен, түрлі рейтинг орталығының сертификатымен, құрмет грамотасымен өлшенбейтіні белгілі. Ұстаз үшін ең үлкен бақыт – дәрісін жүрегіне қондыра алған шәкірттің ықыласы, оның шын пейілі, пәк көңілі, жолын жалғауға ұмтылан ниеті.

Өздерің сынды өлеңнің тылсым иірімін түсінетін, әдебиетті, өнерді сүйетін, шығармашылықтан ләззат алатын талапты шәкірттермен дәріс өткізген де ғанибет. Еуразия ұлттық университетінде төрт жылда алған білімің, көрген тәлім-тәрбиең сарқылмас рухани азық болып, ризығы өмірлік кәдеге жарасын. Қоршаған өмірден талғампаз көңілмен алған әсеріңді көркемдеп қағазға түсіретін қаламың ұштала берсін. Бойыңдағы ата-бабаңның қасиетті қанымен, ананың ақ сүтімен дарыған талантыңды аялай біл. Күннің шуағына бөленген, суарылған гүл де жайқалып өседі ғой. Сол секілді сен де өнеріңді тасада қалдырма, талабыңбен ұштастыра біл.

Бағың баянды, жолың лайым ақ болсын. Айтулы шәкіртіміз еді деп өздеріңмен үнемі марқая берейік.


Қайырбек Кемеңгер,

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті

Қазақ әдебиеті кафедрасының меңгерушісі

 


Барлық жаңалықтар