• Главная
  • Гинеколог дәрігер жүкті келіншектер мен аналарға COVID-19 ауруынан сақтанудың жолдарын айтты
19 августа, 2020 09:36

Гинеколог дәрігер жүкті келіншектер мен аналарға COVID-19 ауруынан сақтанудың жолдарын айтты

17 тамыздан бастап елде коронавирус инфекциясына байланысты енгізілген карантиндік шектеу шаралары жеңілдетілді. Алайда вирус жұқтыру толық тоқтаған жоқ. Жүктілік кезеңі – әйелдің ерекше күтімді қажет ететін уақыты. Жүкті келіншектер індет кезінде қалай күтіну керектігін, инфекция жұқтырған жүкті әйелдерге қандай ем жасалатынын акушер-гинеколог дәрігер, «Астана медициналық университетінің» кафедра меңгерушісі Хамидуллина Зайтуна Ғаділқызымен Strategy2050.kz тілшісі сұхбатында айтты.

Гинеколог дәрігер жүкті келіншектер мен аналарға COVID-19 ауруынан сақтанудың жолдарын айтты

Зайтуна Ғаділқызы, індет басталғаннан бері Сіздің жұмысыңызда қандай өзгерістер бар? Ковидпен ауырған келіншектерді қабылдадыңыз ба? Олар аурумен қалай күресті?

Биыл әлемнің барлық дәрігерінің жұмысы басқаша жүріп жатыр. Бұрын- соңды болмаған әйелдерді онлайн қабылдау деген жаңашылдық келді. ПТР тест тапсыру жүкті әйелдерге міндеттелді. Көп жағдайда ауру белгілері жоқ, бірақ ПТР тест оң нәтиже көрсеткен келіншектер болды. Жүктілік кезеңінде вирус жұқтырған көптеген жағдайды тіркедік. Біздің пациенттер аурудың жеңіл түрімен немесе орташа ауыр дәрежесімен ауырды.

Коронавирус жұқтырған әйелдерді емдеу қалай жүргізіледі?

Бұл жерде біз бірден екі науқасты емдейміз. Өйткені анаға да, оның ішіндегі балаға да ем жасалуы керек. Тек акушерлер емес, инфекционист, терапевттер де қосылады емдеуге. Әр түрлі сынамалардан кейін, өкпеге КТ жасалған соң арнайы препараттармен емдеу басталады.

Әйелдерді пренеталды қарауды онлайн жүргізу ыңғайлы ма?

Минус жақтары бар. Әдетте жүкті әйел белгілі уақытта дәрігердің қаралуынан өтеді. Дәрігер іштегі баланың жүрек қағысын тыңдайды, іштің өлшемін алады, қан қысымын тексереді. Міндетті сараптамаларды алады. Ал онлайн қабылдауда жүкті әйелдің тек субъективті мәліметтері алынады.

Ал онлайн қабылдауға келіспеген әйелдер болса ше?

Емхана болған соң, онда науқастар болады. Қазір вирус жайлаған кезеңде емханаларда коронавирус жұқтырғандардың жүретіні айқын. Олардың кейбіреуі өздерінің вирус жұқтырғанын сол сәтте білмеуі мүмкін. Маска, әлеуметтік ара қашықтық дейтұрғанмен, жүкті әйелдер адам көп жиналатын жерге шықпағандары жөн. Жүктілік кезеңінде әйелдің организмі толық өзгеріске ұшырайды. Біз карантиндік шектеу шаралары кезінде әр әйелмен жеке онлайн бақылау жүргізіп отырдық. Егер Үкімет тарапынан осындай шектеу шаралары міндеттелмегенде, ковид жұқтырғандардың саны әлдеқайда көп болуы мүмкін еді.

Егер жүкті әйелдің дене қызуы 38 градусқа дейін көтеріліп, тұмаудың белгілері пайда болса, ол үйде қалай әрекет етуі керек?

Бірінші немесе екінші триместрде тұмау белгілері пайда болса, дереу өзінің акушеріне хабарласу қажет немесе учаскелік терапевтті шақыртып, тиісті емшара қабылдайды. Ал егер дене температурасы тым жоғарылап, мысалы 39 градус болса, онда жедел-жәрдем қызметін шақырады. Мұндай жағдайда науқасты ауруханаға жатқызады. Тез арада ПТР тестті тапсыру да маңызды.

Егер жаңа босанған немесе бірнеше ай бұрын босанған ана ковид жұқтырса, сәби де ауырып қалуы мүмкін бе?

ЮНИСЕФ-тің мәліметі бойынша, емізулі әйел омыраумен емізуді тоқтатпау керек. Өйткені, вирус ананың сүті арқылы берілмейді. Егер анасы өзінің инфекция жұқтырғанын білсе, қорғану шараларын сақтай отырып, емізуді жалғастырады. Бірақ міндетті түрде педиатрдың, инфекционист дәрігердің қарауында болған дұрыс. Егер өкпесі қабынса, ауруханаға жатқызылады.

Вирустың таралуы әлі тоқтаған жоқ. Осыған байланысты жүкті келіншектерге қандай кеңес бересіз?

Әйелдер күн сайын дене қызуын өлшеп отыруы керек. Дүкенге шыққанда әлеуметтік ара-қашықтықты сақтау керек. Қолды сабынмен жиі жуу маңызды. Танысының немесе туысының осы дертпен ауырып қалғанын білсе, олармен мүлдем көріспеген дұрыс. Оқшаулану қажет! Әрине, бәрі уақытша. Үйден шыққаннан медициналық бетперде киіп, қолды спирт қосылған антисептикпен өңдеп отыру да өте маңызды. Бұл еш қиындық туғызбайтын қарапайым шаралар, алайды вирус деген үлкен проблемадан құтқарады.

Қоғамдық денсаулық сақтау Ұлттық орталығының мәліметінше, әйелдер еркектерге қарағанда коронавируспен аз ауырады екен. Бұл немен байланысты деп ойлайсыз?

Әйелдердің иммунитеті еркектерге қарағанда күштірек. Өйткені олар өз-өздеріне қарайды, салауатты өмір салтын ұстанады, зиянды әдеттерге әуес емес. Вирус иммунитеті төмен ағзаға құмар.

Жүкті келіншектердің иммунитеті төмен болады деген түсінік бар. Сонда олардың коронавируспен ауырып қалу мүмкіндігі жоғары ма?

Егер әйелдің денсаулығы жүктілікке дейін жақсы болса, онда оның иммунитеті жақсы! Барлық жүкті әйел бірдей инфекция жұқтырыпты дегенді көрмедім. Егер қыз-келіншектер саналы түрде жүктілікке дайындалса, салауатты өмір салтын ұстанса, құнарлы тамақтанса, иммунитеті күшті болады.

Ал коронавирус бәріне бірдей қауіпті. Өйткені, бұл инфекция өкпе қабынуына әкеледі. Сондықтан Нұр-Сұлтан қаласындағы 1 қалалық аурухананың акушерлік блогі толықтай коронавирус инфекциясын жұқтырған пациеттерге арналды. Егер үйде күйеуі, туысы, ата-анасы COVID-19 жұқтырған болса, жүкті әйел де жұқтырады.

Сұхбатыңызға рахмет! Өзіңізге де денсаулық тілеймін! Ұлт денсаулығын сақтаудағы еңбегіңізге табыс тілеймін!