• Басты
  • Г.Құрбанбаева: Қазақстандықтардың отандық автомобильдерге сенімі артып келеді

Г.Құрбанбаева: Қазақстандықтардың отандық автомобильдерге сенімі артып келеді

5 Наурыз, 2020 17:42

Еліміздегі автоөңдеу саласынының жағдайы мен жетістіктері туралы Қарағанды облысы кәсіпкерлер палатасының президенті Гүлнара Құрбанбаевамен сұхбаттасқан едік. Ол азаматтардың отандық автокөліктерге деген сұранысының өсіп, халықтың сенімі артқанын айтты, деп хабарлады Strategy2050.kz тілшісі.

Гүлнара Құрбанбаевның айтуынша, Қазақстанда автоөңдеу саласы жолға қойылған. Бүгінгі күні республика көлемінде ескі көліктерді қабылдайтын 15 орталық бар.

"Өндірушілердің кеңейтілген жауапкершілігі  отандық автомобиль өндірісін дамыту үшін, сонымен қатар пайдалануға жарамай қалған автокөліктерді кәдеге жаратып, олардың экологияға тигізетін зиянын алдын алу мақсатында құрылған болатын. Өйткені пайдаланылмайтын автокөліктердің қосалқы бөлшектері қоршаған орта үшін зиянды. Қазір Қазақстанда ескі автокөліктерді қабылдайтын 15 нүктесі бар. Бұл орталықтарда қабылданған ескі көліктер қайта өңдейтін кәсіпорындарға жіберіледі", - деді ол.

Сонымен бірге ол кәдеге жарамайтын көліктерді өткізгені үшін азаматтарға мемлекет тарапынан ынталандыру мақсатында қаржылай сыйақы тағайындалғанын атап өтті. Оның сөзінше, осылайша, мемлекет азаматтардың әлеуметтік жағдайын жақсартып, әрі отандық автомобиль саласын дамытып, сондай-ақ қоршаған ортаны қорғауға үлес қосады.

"Мемлекет азаматтар арасында кәдеге жарамайтын ескі көліктерін өткізгендерді қаржылай ынталандыруды қолға алды. Өйткені ескі көліктерді, оның қосалқы бөлшектерін лақтырып тастағаннан гөрі оны тапсырып, өткізгені үшін қаржы алу азаматтар үшін тиімді. Қаржының көлемі көліктің комплектациясына байланысты болады. Мәселен, автомобильдің толықтай комплектациясы болған жағдайда, ол 150 мың теңгеге бағаланады. Ал егер де бір комплектациясы толық болмаса, 48 мың теңге  беріледі. Сондай-ақ егер де отандық автокөлік сатып алғыңыз келсе, ақшалай емес, 350 мың теңгелік сертификат алсаңыз болады. Бұл азаматтар үшін де, отандық автомобиль өндірісін дамытуда мемлекет үшін де, сонымен бірге қоршаған ортаны қорғау үшін де тиімді", - деді Гүлнара Құрбанбаева.  

Бұдан басқа оның айтуынша, ескі көлігін тапсырып, 350 мың теңгелік сертификат алғысы келетіндер саны жылдан-жылға артып келеді. Бұл қазақстандықтар арасында отандық автомобиль сатып алу көрсеткішінің  жоғары екенін көрсетеді.

"2016 жылы ескі көліктерін тапсырып, 150 мың теңге компенсация алғандардың саны  5 650 адамды құрады. Ал 2018 жылы пайдаланылмайтын автомобильдерін өткізген 27 мыңнан астам адам компенсация алды. Ең бастысы, айта кету керек дүние қазақтандықтардың отандық автокөліктерге деген сенімі арта бастады. Олар отандық көліктерді сатып алуда. 2016 жылы 7 мың адам ескі көлігін тапсырып, 350 мың теңгелік сертификат алған болатын. Ал 2018 жылы олардың саны екі есеге артты, нақтырақ айтсақ, 13 700 адамды құрады. Ал 2019 жылы 25 мыңнан астам адам ескі көлігін өткізіп, сертификатқа ие болды",- деді Қарағанды облысы кәсіпкерлер палатасының президенті.

Демек, оның айтуынша, осы төрт жылы ішінде 40 мыңнан астам азамат отандық көлікті сатып алған. Сондай-ақ ол 78 мыңнан астам адам ескі көлігін тапсырғаны үшін 150 мың теңгелік компенсацияға ие болғанын атап өтті. Ал аталған сертификат пен компенсацияларды беретін ӨКЖ операторы осының бәріне 12 млрд теңге жұмсады деді ол.

Назерке Сүйіндік

Барлық жаңалықтар