• Главная
  • Г.Мұштанова: Үкіметтік емес ұйымдардың жобалары ауыл-аймақтағы проблемаларды шешуге бағытталған
7 сентября, 2020 13:35

Г.Мұштанова: Үкіметтік емес ұйымдардың жобалары ауыл-аймақтағы проблемаларды шешуге бағытталған

Бүгінде үкіметтік емес ұйымдар қоғам өміріне белсенді түрде араласа бастады. Әсересе, ауыл-аймақтардағы азаматтардың әлеуметтік-экономикалық жағдайының жақсаруына, инфрақұрылымын дамытуға оң ықпал етіп отыр. Осы орайда осыдан 4 жыл бұрын құрылып, қазіргi таңда өңірдегі жаңадан құрылған үкіметтік емес ұйымдарға бағыт-бағдар беріп, үлгі болып отырған Батыс Қазақстан облысы, Орал қаласындағы «Жайық таңы» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Гүлбаршын Мұштановамен сұхбаттасуды жөн көрдік. Ол әңгіме барысында ұйымның бағыты мен атқарылған жұмыстарға тоқталып, бірлестіктің болашақтағы жоспарымен бөлісті, деп хабарлады Strategy2050.kz тілшісі.

Г.Мұштанова: Үкіметтік емес ұйымдардың жобалары ауыл-аймақтағы проблемаларды шешуге бағытталған

-Гүлбаршын Мақсотқызы, сұхбаттасуға келісім бергеніңіз үшін рахмет! 2016 жылы құрылған «Жайық таңы» қоғамдық бірлестігінің бағыты, мақсаты, немен айналысатыны жөнінде айтып өтсеңіз.

-«Жайық таңы» қоғамдық бірлестігінің ашылғанына 4 жылдан астам уақыт өтті. Қазіргі таңда біздің басты мақсатымыз – ауыл-аймақтағы үкіметтік емес ұйымдардың жұмысын жандандыру, олардың жұмысын жүргізуге септігімізді тигізу, ұйымдардың әлеуетін арттыру. Мәселен, үкіметтік емес ұйымдардың деректер қорына өздері жайлы ақпаратты толтыру, қаржыландыру жолын іздеу, порталға тіркелу, жобаларды жасау жолы, бюджетті жұмсау секілді тақырыптарда вебинар, семинар сабақтар өткіземіз. Белсенді азаматтар мен жастармен қоғамдық ұйымды құру туралы тәжірибемізбен бөлісіп, ұйым ретінде тіркелуге жәрдем береміз. Наурыз айынан бастап елордадағы «Азаматтық бастамаларды қолдау ортылығынан» биыл екінші жыл қатыранан грант ұтып алдық. Наурыздан бастап жұмысты бастадық. Қазіргі таңда елдегі жағдайға байланысты курстар онлайн түрде жүріп жатыр. Алғашында аудандардағы, ауылды елді мекендердегі проблемаларға үңіліп, өздеріне сұрау салып, сауалнама жасадық. Сол бойынша сәуір айынан бастап вебинарлар өтуде.

-Аудандарға сапарлауға мүмкіндіктеріңіз болды ма? Әлде шаралардың барлығы онлайн түрде өтіп жатыр ма?

-Елдегі карантин режимі жеңілдегеннен кейін 7-8 ауданға іс-сапармен барып, кездесулер ұйымдастырдық. Мәселен, Шыңғырлау, Теректі, Бәйтерек, Тасқала, Бөрлі аудандарына барып, қоғамдық ұйымдардың жұмысымен таныстық. Шыңғырлау ауданына екі рет бардық, алғашқыда ақпарат беру үшін, екіншісінде өздерінің сұрауы бойынша тағы да кездестік. Сонымен қатар айта кету керек, әлеуметтік желілеріміз де бар, ол жерде де біраз ақпарат салып отырамыз. Қазір үкіметтік ұйымдарға сыйақы береді, сонымен қатар түрлі гранттар бар, сол жөнінде мәлімет береміз.

WhatsApp Image 2020-09-07 at 12.56.03.jpeg

-Аудандағы, ауыл-аймақтағы үкіметтік емес ұйымдардың басым көпшілігінде қандай проблема бар?

-Оларда жобаны дайындау, қаржы көзін қайдан алу керек, жобаны қалай дайындау керегін, өздерінің жұмыс тобымен қалай жұмыстану керегі жөнінде ақпарат аз. Сонымен қатар заманауи технологияны қолдану жөнінде де мәлімет беріледі. Сондай-ақ аудан, ауылдардағы интернеттің жылдамдығының аздығы, кейбір өңірлерде интернеттің жоқтығы да кері әсерін тигізіп жатыр. Қазір пандемия кезінде онлайн, мәселен, Зум арқылы курс өткізу керек болған жағдайда қиындықтықтар туындайды. Орталықтарында бар, бірақ жылдамдығы аз, ал ауылдарда мүлдем жоқ деуге болады. Тек телефон арқылы байланысқа шығамыз. Сонымен қоса қаржыландыру да аз екенін айта кету керек. Мемлекеттік гранттарға қатысатын болса, команда керек. Ал ондағы кадрдың жетіспеушілігі де мәселе болып отыр. Сондай-ақ жобалар да тұрақты емес. Мысалы, жобалардың көпшілігінің жүзеге асу уақыты - 5-6 ай ғана. Егер екі жыл болса, біраз проблема шешілуші еді. Өйткені олар мәселені анықтап, ол туралы мәлімет жинап, шешу жолдарын ұсынғанда жобаның уақыты бітіп қалады. Ал екі жыл болса, олар келесі жылы анықталған проблемаларды шешумен айналысар еді. Мысалы, наурыз айында ойнатылады, жаз мезгілінде көп адам еңбек демалысына шығады, содан күзде ғана жобаны жүзеге асыруға бар күшін салады. Алайда ол уақыт жеткіліксіз.

Біз осыған дейін ауыл-аймақтардағы үкіметтік емес ұйымдардың проблемасын білу мақсатында сауалнама жүргіздік. Сол сауалнаманың нәтижесі бойынша қазір Орал қаласында үкіметтік емес ұйымдарға нақты 4 бағытта көмек көрсететін Ресурсты орталық ашқалы отырмыз.

WhatsApp Image 2020-09-07 at 12.56.03 (1).jpeg

Оның бірі – қоғамдық ұйымдарға әдістемелік көмек көрсету. Шараны қалай өткізу керек, сыйақыға ұсыну үшін қандай құжаттар керек секілді сауалдарға жауап алады. Екіншіден, көп аудан орталықтарында бухгалтер маман тапшы. Салық жағынан қандай төлемдер бар, жалақыны қалай есептеу керек, банкке қалай төлем жасау қажет, келісім шарттарды жасауға байланысты кеңестер беріледі. Үшіншісі – заң туралы, мәселен, меморандумдардың құрылуы, жұмысқа кадр алу мәселелері жөнінде ақпарат алады. Төртінші – СММ жүргізу. Себебі қазіргі кезде әлеуметтік желі арқылы ақпарат тарату да маңызды болып отыр. Мәселен, оның не екенін, қалай жұмыс істеуге болатынын, қалай жүргізілетіні жөнінде курстар өткізіледі.

Сонымен қоса бізде «Жас отбасы» клубы ашылады. Оның мақсаты – жастарды отбасы құруға әзірлеу, жас отбасылар мен жастарға отбасы құндылықтарын дәріптеп, насихаттау. Жоба аясында облыстық деңгейде шаралар өткізу жоспарланып отыр, оның ұйымдастырушы - Жастар саясаты басқармасы. Сонымен қоса Орал қаласының әкімшілігінің ішкі саясат бөлімі де осыған ұқсас жобаны қолға алды. Бір айырмашылығы – бұл шаралар қала деңгейінде өтеді. Оның да мақсаты - ажырасудың алдын алу. Біз осы жоба шеңберінде неке қию орталықтарында түрлі тренингтер өткізу, сотта кеңес беру секілді шараларды ұйымдастырамыз.

WhatsApp Image 2020-09-07 at 13.25.13 (1).jpeg

Бұдан бөлек ауылдағы жобаларды қаржыландыру көзі аз екенін айта кету керек. Оның себебі де жоқ емес. Өйткені ауылды жерлердегі азаматтардың белсенділігі де төмендеу. Жақсы жобаларды іске асыру үшін жақсы команда керек. Біз сол себепті былтыр да, биыл да ауылдағы үкіметтік емес ұйымдар арасында байқаулар өткіздік. 500 000 теңгеден 10 грант берілді.

-Грант қай аудандарға және қандай жобалар үшін берілді?

-Аталған байқауға облысымыздағы 12 ауданның қоғамдық ұйымдары, сонымен қоса ауылдың мәселесін шешуге ат салысып жүрген белсенді жастар мен азаматтар да қатысты. Бізге 28 жоба ұсынылды. Оның 10-ы үкіметтік емес ұйымдардан болса, 18-і белсенді азаматтардың тарапынан түсті. Әр жобаның өзінің мақсаты, шешу жолдары бар. Біз сол 28 жобаны іріктеп, 10-ына грант тағайындадық. Мәселен, Бөрлі ауданында біраздан бері жұмыс істеп жатқан «Жас дарын» деген қоғамдық ұйым бар. Оның ішінде әйелдерге көмек көрсететін дағдарыс орталығы ашылған. Қиындық көрген әйел адамдар онда уақытша тұрады, психологиялық көмек алады, реабилитациядан өтеді, оларға заң жағынан кеңестер беріледі. Әйелдер жалғыз келмейді, балаларымен келеді көмек сұрап. Сол себепті кішкентай бүлдіршіндерге арналған балалар алаңының жобасын ұсынды. Сонымен қоса бұл жоба ауылдағы меценаттардың көмегімен, жергілікті әкімдіктің қолдауымен жүзеге асты.

WhatsApp Image 2020-09-07 at 13.25.12.jpeg

Қазір көп аудан орталықтарында психолог мамандар жетіспейді, себебі ондай орталықтарды қаржыландыру көзі жоқ. Сондықтан, мысалы, Тасқала ауданында психологтардың қызметі ұсынылатын кабинет ашылды. Бұдан бөлек Теректі ауданындағы Магистральный деген ауылда жастар көп екен. Алайда жастар үшін спорттық алаңдар жоқ. Сол ауылдың тұрғыны бір жас жігіт турник орнату секілді спорт құралдарымен жабдықтау туралы жобасын ұсынды. Оны Алматыға тапсырыс бердік, қазіргі таңда орнатылып жатыр. Сонымен қоса Теректі ауданында отбасылар үшін дамыту орталықтары ашылды. Онда гинекологтың, психологтың қызметі көрсетілуде. Сондай-ақ Ақжайық ауданында футбол алаңы орнатылуда. Ал Бәйтерек ауданында балаларды дамытуға арналған орталық ашылды. Бұл жобалардың барлығы ауылдағы басты проблемаларды шешуге бағытталған.

Сұхбатыңызға рахмет!

Фото Гүлбаршын Масотқызының жеке архивінен