• Басты
  • Г.Бурибаева: 2019 жылы "Даму" қоры 85 мың жобаны қаржыландырды
20 Қаңтар, 2020 12:52

Г.Бурибаева: 2019 жылы "Даму" қоры 85 мың жобаны қаржыландырды

Өткен жылы "Даму" кәсіпкерлікті дамыту қоры 85 мың жобаны қаржыландырған. Бұл туралы аталған қордың 2019 жылы атқарған шаралары мен қорытындылары және де 2020 жылға қойылған мақсаттары туралы өткен баспасөз мәжілісінде Басқарма төрайымы Гаухар Бурибаева айтты, деп хабарлады Strategy2050.kz тілшісі. 

Г.Бурибаева: 2019 жылы "Даму" қоры 85 мың жобаны қаржыландырды

Басқарма төрайымының сөзіне сүйенсек, 2019 жылы аталған қор халықтың кәсіпкерлікпен айналысуына жағдай жасауға баса назар аударған. 

"Өткен жылы қазақстандықтардың кәсіпкерлік әлеуетін дамытуға және бизнес ашып, оны әрі қарай жүргізуге жасалатын жағдайды жақсартуға көп көңіл бөлінді. Әлемдік экономикада дәл осы кезде шағын орта бизнес экономиканың қозғаушы күші болып, жаңа жұмыс орындары ашылып, халықтың әл-ауқатының көтерілуіне ықпал етіп отыр. Мәселен, 2019 жылы ҚР Үкіметі "Қарапайым заттар экономикасы" атты басымдық берілген жобаларды несиелендіруге арналған бағдарламасын іске қосты. Сонымен қатар "Бизнестің жол картасы 20-25" мемлекеттік бағдарламасы бекітілді. Бизнесті дамытуға сеп болатын бірқатар мемлекеттік бағдарлама жетілдірілді", - деді Гаухар Бурибаева.

Оның айтуынша, "Даму" қоры жоғарыда айтылған мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыруда негізгі қаржы операторының қызметін атқарып отырғандығын және негізінен 4 қаржылық құрал ұсынатынын атап өтті.

"Даму" қоры – микро, шағын және орта кәсіпкерлікке мемлекет қолдауын ұсынатын негізгі ұлттық институт. Қор 4 қаржылық құрал ұсынуда. Біріншісі - жеңілдікпен несиелендіру, екіншісі - сыйақы мөлшерлемесін субсидиялау, үшіншісі - несиеге кепіл болу және онлайн оқыту мен клиентті қаржы иституттарына дейін сүйемелдеу. Осы аталған қаржы құралдарын пайдалана отырып, аталмыш қор өткен жылы 85 мың жобаға 5,3 трлн  теңге бөлген", - деді Басқарма төрайымы. 

Бұдан басқа Басқарма төрайымы "Даму" қорының биыл жүзеге асыратын жобаларына тоқталып өтті. Оның айтуынша, дамудың бірнеше негізгі бағыты айқындалған.

"Атап айтсам, микро және шағын бизнестегі кәсіпкерлердің мемлекеттік жеңілдікті несиеге қол жеткізуін одан әрі қамтамасыз ету, МҚҰ арқылы ұсынылатын қаржылық өнімдер санын көбейту арқылы кепілдікті арттыру, лизинг және факторингке берілетін жаңа кепілдік шарттарын енгізу. Сонымен қатар қаржыландырудың альтернатив механизмдерін енгізу, оның ішінде құнды қағаздар шығару ісін қолға алып, ислам қаржыландыру құралын қосу. Сондай-ақ биыл мамыр айында отандық өндірушілердің "Ulttyq ónim" көрмесін өткізуді жоспарлап отырмыз. Бұдан басқа ШОБ дамыту үшін сырттан 50 млрд теңгеге дейін қаражат тарту көзделіп отыр", - деді ол.

Сонымен бірге ол кәсіпкерлікті дамытудағы халықаралық қаржы институттарымен және екемелермен  әріптестікті әрі қарай дамыту қолға алынғанын айтып өтті.

Бұдан басқа баспасөз мәжілісіне қатысқан Басқарма төрайымының орынбасары Фархат Сәрсекеевтің айтуынша, болжам бойынша "Бизнестің жол картасы" бағдарламасын жүзеге асыру аясында Қазақстанда өткен жылы 8,7 мың жұмыс орны ашылған.

"Алдын-ала мәліметтер бойынша, өткен жылы Қор қолдау берген клиенттер 5 550 млрд теңгенің өнімін шығарып, 450 млрд теңгеден астам салық түсірген. Сондай-ақ мемлекеттен қолдау алған кәсіпкерлер Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық дамуына зор үлес қосуда. Атап айтқанда, Қор қолдаған кәсіпкерлер былтыр 5 471 млрд теңгенің өнімін шығарған, 443,2 млрд теңге  салық түсіріп, 8,7 мың жұмыс орнын ашуға септігін тигізген. Сонымен қатар 2019 жылы отандық кәсіпкерлерді қолдау мақсатында 67,5 млрд теңге тартылды. Оның ішінде Азия даму банкінен 35,3 млрд теңге бар. Әріптестік жөніндегі халықаралық ынтымақтастық аясында 8 келісімге қол қойылды", - деді Фархат Сәрсекеев.

Сонымен бірге ол аталмыш қор еліміздегі кәсіпкерлік саланы одан әрі дамытып,  насихаттауды жалғастыратынын айтып кетті. Сондай-ақ оның айтуы бойынша, қор микро, шағын және орта кәсіпкерлік нысандарының ел экономикасындағы ІЖӨ үлесін 2050 жылға қарай  50 пайызға арттыруды көздейтін стратегиясын жүзеге асыруға ат салыспақ.

Назерке Сүйіндік

Барлық жаңалықтар
3.238.107.166, 192.168.88.100