• Басты
  • «Frankofonı Naýryzy 2021» мәдени маусымы 13 наурыздан бастап Қазақстанда өтеді

«Frankofonı Naýryzy 2021» мәдени маусымы 13 наурыздан бастап Қазақстанда өтеді

12 Наурыз, 2021 14:04

Бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте «Frankofonı Naýryzy 2021» мәдени маусымының ашылуыны байланысты Марокконың Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Абделжалил САУБРИ, Бельгияның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Алекси де КРОМБРЮГХЕ де ПИКЕНДАЛЬ, Францияның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Дидье КАНЕСС, Канаданың Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Николя БРУССО, Швейцарияның Қазақстандағы дипломатиялық өкілдігінің Уақытша Сенімді Өкілі және Басшысы Штефан КЛЕЦЛИ шара барысымен таныстырды, деп хабарлады Strategy2050.kz тілшісі.


2021 жылғы 13 наурыз бен 30 сәуір аралығында Қазақстандағы Бельгия, Канада, Франция, Марокко және Швейцария елшіліктері Француз Альянстарымен және қазақстандық франкофон қауымдастықтарымен бірлесіп Қазақстанда франкофон көктемін ұйымдастырады. Әр жылы халықаралық франкофония ұйымына мүше елдердің елшіліктері Қазақстанда мәдени іс-шаралар ұйымдастырып, франкофон мәдениеттерінің және жалпы француз тілінің байлығын атап өтеді. Осы аралықта Қазақстанның жеті қаласында 50-ге жуық іс-шара өткізу жоспарланған. Қазақстандықтар кинокөрсетілімдерге, шеберлік сыныптарына, пікірталас клубтарының кездесулеріне, әдеби және лингвистикалық ойындарға, сондай-ақ аспаздық шеберлік сыныптарына қатыса алады. Ұйымдастырушылардың айтуынша, шаралар санитарлық талаптарды қатаң сақтай отырып жүзеге асырылады.

Халықаралық Франкофония Ұйымы 1970 жылы құрылған. Бұл ұйымға 51 мемлекет мүше. Ұйымның негізгі міндеттері: мәдени және тілдік әртүрліліктің таралуына жағдай жасау, француз тілінің қолданылу өрісін кеңейту, сонымен қатар, бейбітшілікті, демократияны, Адам құқықтарын, білім беруді және тұрақты дамуды қолдау. Француз тілі сөйлеушілер саны бойынша әлемде бесінші орында, бұл тілде сөйлейтін 300 млн адам дүниежүзінің барлық 5 құрлығында тұрады. Француз тілі 29 мемлекетте ресми тіл дәрежесіне ие, ол ағылшын тілінен кейін екінші орында. Сонымен қатар, бұл тіл ғаламторда қолданылу бойынша төртінші, ал үйренушілер саны бойынша (132 млн. адам үйренеді) екінші тіл болып табылады.

Қазақстанда Франкофония француз мәдени мекемелерінің бай және ауқымды желісінің қызметіне негізделген. Ол Алматы, Нұр-Сұлтан, Шымкент және Қарағанды қалаларындағы төрт Француз Альянсынан және Қостанай мен Өскемен қалаларындағы Француз орталықтарынан тұрады.

Сондай-ақ, Атырау қаласындағы франкофондар клубы, Назарбаев Университетінің франкофондар бірлестігі, Алматы қаласындағы Blablathé қауымдастығы, Astana Francophone қауымдастығы және т.б. көптеген франкофон клубтары бар.

Францияның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті елшісі Дидье Канесстің айтуынша, Биыл Франциядағы ең танымал жазушы Давид Фонкиносқа басымдық беріліп отыр. Соған орай, шаралардың шымылдығын детектив саналатын «Анри Пиктің құпиясы» атты фильмінің көрсетілімі ашады. Сондай-ақ, сценарийін Дэвид жазған «Қызғаншақ» фильмі көрсетіледі, ал режиссер - оның ағасы. Екінші өте маңызды шара франко-қазақстандық қатынастарымызбен байланысты. Айдың соңында 22-ші жылғы Кубок аясында ұлттық футбол командалары арасында матч өтеді. Осы іс-шара шеңберінде мектеп оқушылары үшін байқау ұйымдастырылады, футбол тақырыбы бойынша викторина болады. Әрине, барлық қатысушыларға, соның ішінде француз футбол федерациясынан сыйлықтар, кәдесыйлар қарастырылған. 

«Тағы бір айта кетер жайт, Француз мәдениетінің көріністерінің бірі, бұл, әрине, гастрономия. Сондықтан біз Нұр-Сұлтан қаласында танымал француз аспазының қатысуымен шеберлік сабақтарын, семинарлар өткізуді ұйғардық. Баршаңызды елшіліктің сайтында, әлеуметтік желілерде біздің іс-шараларымызды көруге шақырамын, онда қосымша ақпарат ала аласыздар», - деді елші.

Бельгияның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті елшісі Алекси де Кромбрюгхе де Пикендальдің айтуынша, 2021 жылы франкофон көктемінің басты тақырыбы пандемиядан зардап шеккендерге арналады. Сол үшін ерекше болмақ.

«Бельгия жыл сайын Халықаралық франкофония күніне арналған іс-шараларға қатысады. Өткен жылы санитарлық дағдарысқа байланысты көптеген іс-шаралар кенеттен тоқтап қалғаннан кейін, 2021 жылы франкофон көктемі біз үшін ерекше – үлкен үміт артамыз. Мен биылғы жылды пандемиядан зардап шеккендердің барлығына арнағым келеді», - деді Бельгия елшісі.
 50 жылдан астам уақыт бойы халықаралық франкофония ұйымы халықаралық ынтымақтастықты, бейбітшілік пен адам құқықтарын көптілділік, сондай-ақ мәдени теңдік призмасы арқылы насихаттауда. Осы тұрғыда Бельгия халықаралық ұйымның негізін қалаушы мүше ретінде де ерекше назар аударады, бүкіл әлемдегі біздің дипломатиялық іс-әрекеттеріміздің негізінде жатқан ұйымның құндылықтары мен қағидаттарын толық қолдайды. Француз тілі менің елімнің мәдени байлығының маңызды бөлігі болып табылады, онда ол басқа екі ұлттық тілмен тең дәрежеде қолданылады. Осы үш тіл бірге менің елімнің мәдени ерекшелігін қалыптастыруға ықпал етеді, көбінесе бұл әртүрлі сын-қатерлерге, оларды еңсеру үшін қажетті ашықтық пен прагматизмге байланысты. Француз тілі, ән және спорт конкурстарына кез келген адам қатыса алады.

 Іс-шаралардың толық бағдарламасы  https://www.culturefrance.kz сайтында жарияланған.

Барлық жаңалықтар