• Басты
  • ФОТО: Астанада полиэтилен пакеттерінен жасалған экологиялық арт-инсталляция ұсынылды
29 Шілде, 2020 17:10

ФОТО: Астанада полиэтилен пакеттерінен жасалған экологиялық арт-инсталляция ұсынылды

Бүгін елордадағы «Жетісу» саябағында белгілі заманауи суретші Сәуле Сүлейменованың пайдаланылған полиэтилен пакеттерден жасалған арт-инсталляциясының таныстырылымы өтті, деп хабарлады Strategy2050.kz тілшісі.

ФОТО: Астанада полиэтилен пакеттерінен жасалған экологиялық арт-инсталляция ұсынылды

Бұл жұмысты ұйымдастыру үшін 2020 жылдың 1 шілдесінде Қазақстанның экологиялық ұйымдары қауымдастығы астана әкімдігінің қолдауымен қала тұрғындары мен қонақтары арасында полиэтилен пакеттерін жинауды ұйымдастырған. Акция қаланың үш паркінде күні бойы өткізіліп, нәтижесінде 4000-нан астам пакет жиналған. Сонымен қатар қосымша эко-бокстар ZETA дүкендерінде орнатылып, шамамен тағы да 1 500 пакет жиналды.

Қазақстанның экологиялық  ұйымдары қауымдастығының басқарма төрағасы Айгүл Соловьеваның айтуынша, бұл акция "StopMusor" әлеуметтік жобасы аясында ұйымдастырылды, сондай-ақ халықаралық полиэтилен пакеттерінен бас тарту күніне орайластырылған.

photo5264784368025579259.jpg

«Менің ойымша, полиэтилен пакеттерінің ыдырауы көп уақыт қажет ететінін көпшілік жақсы біледі. Сонымен қатар оның қоршаған ортаға тигізетін залалы да дәлелденіп қойған. Акцияның мақсаты – полиэтилен пакеттерінің зарары көп екенін насихаттаумен қатар, қазақстандықтарды полиэтилен пакеттерін тастамай, керісінше жинауға ынталандыру. Сондай-ақ оны өңдейтін арнайы орындарға тапсыру керегін жеткізу. Тіпті, пакеттерді тапсыру арқылы ақша да жасауға болады. Себебі полиэтилен пакетін өңдейтін зауыттар оны сатып алады», - деді басқарма төрағасы.


Сонымен қатар Айгүл Соловьева қазақстандықтардың экологиялық мәдениетін арттыру керегін сөз етті. Оның сөзінше, қоршаған ортаға зарар келтіретін азаматтардың экологиялық сауаты жоқ.

«Бұл біздің азаматтардың мәдениетіне, сауаттылығына да байланысты. Қазіргі таңда азаматтардың сауаты жетпегендіктен, экологияға кері әсер ететін оқиғалар орын алып отыр. Республикадағы бірнеше паркте полиэтилен пакеттері осы экологиялық инсталляцияны жасау үшін жиналды. Арнайы сондай акция өткен болатын. Белгілі суретші Сәуле Сүлейменова жобаны дайындады», - деп толықтырды ол.

Алматылық суретші әрі аталмыш жобаның авторы Сәуле Сүлейменова арт-нысанды жасауға 3 күн жұмсағынын айтады. Ал идеясы мен жеткізу тәсілін табуға бірнеше жылын жұмсаған. Өзінің айтуынша, мақсаты - адамдарға қоқысқа толы қаланы арт-нысан арқылы көрсетіп, азаматтарды мәдениетті болуға шақыру.

photo5264784368025579258.jpg

«Соңғы бірнеше жылда полиэтилен пакеттерімен жұмыс істейді. Экологиялық ұйым өкілдері мені осы жобаға қатысуға шақырды. Ұйымдастырылған акция нәтижесінде бірнеше мың пакет жиналды. Осы жиналған полиэтилен пакеттерінен мен арт-инсталляцияны жасадым. Соңғы үш күн бойына 12-14 сағат жұмыс істедік. Жобаның эскизі жөнінде көп ойландым. Біздің бүкіл даламыз қоқысқа толы. Даланы қазақ елінің символы десек, оның полиэтилен пакеттеріне, қоқысқа толғаны мені осындай жоба жасауға итермеледі. Мен 2 жыл бойына осы ойымды жеткізу үшін әдіс-тәсілін, нені қолдану керегін іздедім. Міне, қазір желім пистолеті мен силикон термо-желімін пайдаланамын. Ешқандай да бояу құралдары қолданылған жоқ, тек түрлі-түсті пакеттерді, жобаға сәйкес келетін полиэтилен пакеттерді іріктеп алдым. Мен түрлі түсті түстерді анық беру үшін түрлі түсті полиэтилен пакеттерін қолданамын. Мен боямаймын, салмаймын, пакеттерді тек түсі мен реңктеріне қарай таңдаймын, барлық түстерді осы пластикалық қоқыстардан табуға болады», - деді суретші.

Сонымен қоса туындының авторы осы жоба арқылы адамдарға үміт сыйлағысы келгенін де жасырмады. Оның сөзінше, қазіргідей пандемия кезінде адамдарға шабыт беретін, қиындықты жеңіп шығуға деген сенім мен күш беретін арт-инсталляция жасауды ойға алған.

photo5264784368025579260.jpg

«Пакеттердегі жарнамалық слогандар да мен айтқым келген дүниені жеткізеді. Оларды ұтымды пайдалануға тырысамын. Бұл жолы көк аспанның инсталляцияда көп болғанын қаладым. Қазіргідей қиын кезеңде адамадардың инсталляциядағы аспанды көру арқылы үміт үзбеу керегін түсінгенін қаладым», - деді Сәуле Сүлейменова.

Бұдан бөлек ҚР Экологиялық ұйымдар қауымдастығының басқарма төрағасы орынбасары Елдос Абақанов аталмыш инсталляцияның күзге дейін астанада тұратынын атап өтіп, қыркүйек-қазан айларында Алматыға жеткізілетінін айтты.

«Біз шілде айының басында "StopMusor" әлеуметтік жобасын іске асыру барысында елордадағы үш паркте арнайы бокстар орнаттық. Содан соң халық пакеттерді осында әкелді. Азаматтардың әкелген полиэтилен пакеттер осы инсталляция жасалды. Суреттен астананың силуэтін көріп отырмыз. Жобаның негізгі концепциясы – әр қалдықтың даусы бар, яғни қаланы сырттай қарағанда қоқысқа толы екенін көрсету болды. Жоспар бойынша бұл инсталляция елордада тұрады. Қызкүйек-қазан айында Алматы қаласына жеткізіліп, оңтүстік астана тұрғындары тамашалауға мүмкіндік алмақ», - деді басқарма төрағасының орынбасары.

photo5264784368025579257.jpg

Сонымен қоса ол "StopMusor" әлеуметтік жобасы аясында 2021 жылға дейін бірқатар шара ұйымдастыруды жоспарланғанын атап өтті.

«Жалпы кез келген жобаны бастар алдында біз мәселені зерттейміз. Халық арасында арнайы әлеуметтік сауалнама жүргізіледі. Сондай сауалнаманың негізінде екі үлкен қалада, атап айтсақ, астана мен Алматыда 50 пайыздан астам халқы көшеде қатты қалдықтарды көптеп көреді. Көп жағдайда түрлі қатты қалдықтар қоқыс жәшігіне жетпей, айналамызда жатады. Жоба арқылы біз қалдықтарды қоқыс жәшігіне тастау керегін жеткізгіміз келеді. Ал сұрыптау мәселесін бөлек тағы көтереміз. Одан бөлек биыл сенбіліктер өткізу, жастармен жұмыс істеу, келесі аптада өтетін эко-волонтерлар арасындағы онлайн мектепті ұйымдастыруды қолға аламыз», - деді Елдос Абақанов.

StopMusor жобасы халықтың сауаттылығы мен әлеуметтік жауапкершілігін арттыруға, сондай-ақ азаматтар арасында тұрмыстық қалдықтарды кәдеге жарату мәдениетін тәрбиелеуге бағытталған.

Барлық жаңалықтар