COVID-19: Әлемнің қай елдерінде балаларға вакцина салуға рұқсат етілді

29 Қыркүйек, 2021 17:22

Әлемде COVID-19 вирусын 233 миллионнан астам адам жұқтырған. Елімізде 29 қыркүйектегі мәлімет бойынша, 61 490 адам коронавирус инфекциясынан емделуде. Оның ішінде 10 368 пациент стационарда, 51 122 науқас амбулаториялық деңгейде ем қабылдауда. Әлемдегі және еліміздегі вакциналау қарқыны туралы Strategy2050.kz тілшісінің материалынан оқи аласыз.

Еліміздегі эпиджағдай

29 қыркүйектегі мәлімет бойынша, елімізде 61 490 адам коронавирус инфекциясынан емделуде. Оның ішінде 10 368 пациент стационарда, 51 122 науқас амбулаториялық деңгейде ем қабылдауда. Өткен тәулікте 2857 адам коронавирус инфекциясынан жазылып шықты.

Елімізде коронавирусқа қарсы вакцинаның бірінші компонентін 7 594 542 адам салдырды. Ал екінші компонентімен 6 500 573 адам егілді.

Филиппинде 15 қазаннан бастап жасөспірімдер ковидке қарсы вакцина алады

29 қыркүйекте Филиппиндік Денсаулық сақтау министрінің орынбасары Мирна Каботахэ 15 қазаннан бастап 12-17 жас аралығында жасөспірімдерге COVID-19 вакцинасын бастауға ниетті екендігін жеткізді. Сондай-ақ, ол егу науқаны ел астанасы Манила қаласынан басталатынын айтты.

«Біздің мақсатымыз-жасөспірімдерді COVID-19 -ға вакцинациялауды 15 қазанға дейін бастау», - деді ол.

Сонымен қатар, Филиппин Денсаулық сақтау министрлігі басшысының орынбасары алдымен екпелер жүрек, бүйрек немесе тыныс алу жолдары сияқты ілеспе аурулары бар адамдарға жеткізілетінін айтты.

«Сынақ басталғаннан кейін екі аптадан кейін вакцинаны республиканың басқа аймақтарына таратамыз», - деп түсіндірді Каботахе.

Сондай-ақ, ол балалар мен олардың ата-аналары мен қамқоршылары вакциналау туралы келісімге қол қоюы қажет екенін айтты.

Украинада 5,5 миллионнан астам адам COVID-19-ға қарсы толық егілді

Украина денсаулық сақтау министрлігі елде COVID -19 вакцинасының екі дозасын 5,5 миллион адам алды деп хабарлады. Жалпы саны 12 491 987 екпе жасалған. Алғашқы дозаны 6 926 717 адам толық егілген және екі дозаны 5 565 270 адам қабылдаған. Тұрғындарға Pfizer, Sinovac және AstraZeneca вакциналары егіледі.

Өткен тәулікте Украинада коронавирустық инфекцияның 9666 жаңа расталған жағдайы анықталған болатын.

Біріккен Араб Әмірліктері Индонезияға коронавирусқа қарсы вакцинаның 450 мың дозасын жіберді

Индонезия Біріккен Араб Әмірліктерінен (БАӘ) коронавирусқа қарсы вакцинаның 450 мың дозасын алған. Сондай-ақ, мүмкіндігі шектеулі адамдарды вакциналау Ява аралының алты провинциясында жүргізіледі. Оларға Батыс Ява, Орталық Ява, Шығыс Ява, Бантен, Джокьякарта және Джакарта кіреді.

Индонезияда «Sinopharm» вакцинасы мүмкіндігі шектеулі жандар үшін қолданылады. Жалпы саны 225 000 мүмкіндігі шектеулі адамға вакцина беріледі.

Индонезияда вакцинаның алғашқы компонентімен 89,2 миллион адам және вакцинаның екінші компонентімен 50 миллион адам қамтылған.

Мексикада вакцинаның шамамен 100 миллион дозасы қолданылды

Мексиканың Денсаулық сақтау министрлігі өткен жылдың аяғынан бастап 18 жастан асқан тұрғындарын қорғау үшін коронавирус инфекциясына қарсы шамамен 100 миллион доза түрлі вакциналар қолданылғанын айтты.

«Барлығы 99 366 403 доза қолданылды. Бірінші дозамен елдің 63 473 608 азаматы егілді, олардың 44 626 347-і толығымен егілді», — делінген ведомствоның Facebook-аккаунтында.

Мексикада ересек тұрғындардың 93% - ы вакцинаның кем дегенде бір дозасын алған.

Өзбекстанда жасы 12-ден асқан балаларға вакцина салуға рұқсат етілді

Өзбекстанның бас мемлекеттік санитарлық дәрігер мен Ұлттық техникалық иммунологиялық сараптама келісіміне сәйкес, ата-аналары немесе қараушылары рұқсат еткен жағдайда жасы 12-ден асқан балалар Pfizer вакцинасын ерікті түрде салдырта алады.

«12-15 жас аралындағы балаларға өткізілген Pfizer вакцинасының клиникалық сынамалары жақсы нәтиже көрсетті. Осындай кеңесті Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы да беріп отыр», - делінген Денсаулық сақтау министрлігінің хабарламасында.

Сондай-ақ, қыркүйектің ортасында елге Pfizer вакцинасының 1,2 миллион дозасы жеткізілген. Бұл екпе Өзбекстанда пайдалануға рұқсат етілген бесінші вакцина болып отыр.

Өзбекстанда вакцина салу науқаны 1 сәуірден бастау алған болатын. Вакциналау AstraZeneca, ZF-UZ-VAC2001, «Спутник-V», Moderna және Pfizer препараттарымен жүзеге асырылады. Бүгінгі күні республикада 4 миллион адам толығымен вакцина алған.

Барлық жаңалықтар