• Басты
  • Фармацевтика саласын дамыту: Отандық өндірушілерді қолдау шаралары
6 Қазан, 2020 14:11

Фармацевтика саласын дамыту: Отандық өндірушілерді қолдау шаралары

Бүгін үкімет отырысында ҚР Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой «Фармацевтикалық және медициналық өнеркәсіпті дамытудың 2020 - 2025 жылдарға арналған кешенді жоспар жөнінде, сонымен қоса отандық фармацевтика саласын дамыту үшін қолға алынған шараларға тоқталды. Оның сөзінше, жаңа дәрі-дәрмектерді шығару, төтенше жағдайлар және карантин кезінде қолданыстағы өндірістердің әлеуетін арттыру қажет. Толығырақ Strategy2050.kz тілшісінің материалында.

Фармацевтика саласын дамыту: Отандық өндірушілерді қолдау шаралары

Фармацевтикалық препараттардың отандық өндірісінің өсуіне негізгі ынталандыру - отандық өндірушілермен 10 жылға дейінгі ұзақ мерзімді келісімшарттар жасау бағдарламасы болып отыр.

«Бірыңғай дистрибьютордың жұмысы барысында 2009 жылдан 2019 жылға дейін 3600 тауар жеткізіліміне 32 отандық тауар өндірушілердің реестрімен 63 ұзақ мерзімді келісімшартқа қол қойылды. 2020 жылы оның 586 атауы жеткізілген», - деді министр.

COVID-19 ауруына қарсы дәрі-дәрмектердің 48 пайызын отандық тауар өндірушілер шығаратынын атап өту керек. Бұл министрдің сөзінше, қазіргі елдегі эпидемиологиялық жағдайды ескерсек, аймақтардағы медициналық препаратқа деген қажеттілікті өтейді.

Министрліктің дерегінше, 10 жыл ішінде отандық тауар өндірушілер шығарған медициналық препаратттар 300 миллиард теңгеге сатып алынған. Ал оның медициналық көмектің кепілдендірілген көлеміндегі үлесі бүгінгі күні шамамен 70 пайызға жетті.

Отандық өндірушілерді қолдау шаралары

-  тіркеу кезінде дәрі-дәрмектердің жеделдетілген сараптамасы қамтамасыз етілді (210 күннен 70-ке азайды)

- дәрілік заттардың және медициналық мақсаттағы бұйымдардың сапасын бағалау жеделдетілген рәсім бойынша 3 жұмыс күні ішінде жүзеге асырылады

-  төтенше жағдайлар кезінде импортталатын дәрі-дәрмектер мен медициналық бұйымдарға қолжетімділігін жеңілдету

Фармацевтикалық білім берудің басты міндеті - елдің фармацевтика саласын қазіргі заманғы фармацевтикалық ұйымдар мен халықаралық сапа стандарттарының талаптарына жауап беретін кәсіпорындар үшін жоғары білікті және бәсекеге қабілетті кадрлармен қамтамасыз ету.

Министрлік келтірген дерекке сүйенсек, еліміздің фармацевтикалық өнеркәсібі үшін мамандар «Фармация» мамандығы бойынша дайындалады. Олар еліміздің 41 колледжінде, 8 жоғары оқу орнында бакалавр, 5-еуінде – магистр, 2-еуінде – докторантура бойынша білім ала алады.

2020 жылы фармацевтердің 277-сі бакалавр, 16-сы - магистратура және 5-еуі докторантураны тәмәмдады. Ал «фармация» мамандығы бойынша 853 түлектің орта медициналық білімі бар. Фармацевтика саласында барлығы 17150 маман жұмыс істейді.

Фармацевтикалық және медициналық өнеркәсіпті дамытуға арналған кешенді жоспар

«Фармацевтикалық және медициналық өнеркәсіпті дамытудың 2020 - 2025 жылдарға арналған кешенді жоспарын бекіту медициналық және фармацевтикалық өнеркәсіпті дамыту үшін маңызды. Әсіресе, жаңа дәрі-дәрмектерді шығару, төтенше жағдайлар және карантин кезінде қолданыстағы өндірістердің әлеуетін арттыру қажет», - деді министр.

Кешенді жоспар фармацевтикалық және медициналық өнеркәсіпті қолдау мен дамытудың негізгі бағыттары:

-  фармацевтикалық қызмет

-  ЕАЭО шеңберінде дәрі-дәрмектер мен медициналық мақсаттағы бұйымдардың айналымы

-  мемлекеттік қолдау шараларын

-  ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды

-  инвестиция тартуды

-  өнеркәсіпті кадрлармен қамтамасыз ету

-  дәрі-дәрмектерді таңбалау

-  отандық дәрі-дәрмектер мен медициналық мақсаттағы бұйымдарды өндірушілердің әлеуетін арттыру

Қазіргі уақытта фармацевтикалық нарықтың құрылымы көрсеткендей, бірінші жартыжылдықта ақшалай мәндегі отандық кәсіпорындардың нарықта болуы 17 пайызын, физикалық тұрғыдан 39 пайызын құрайды.

Сонымен қатар министрдің сөзінше, кешенді жоспардың жоспарланған іс-шараларын іске асыру өндірілетін дәрілік заттардың желісін 297 атауға және медициналық мақсаттағы бұйымдарды 2348-ге кеңейтуді көздейді.

«Бұл 2025 жылға қарай ҚР дәрілік заттар мен медициналық бұйымдар нарығында отандық өндірушілердің үлесін ақшалай түрде 17 пайыздан 30 пайызға дейін ұлғайтуға, ал заттай түрде 39 пайыздан 50 пайызға дейін мүмкіндік бермек.

Қазақстан Республикасының нарығында отандық өндірушілер үлесінің физикалық тұрғыдан 50 пайызға жетуі ұлттық дәрілік қауіпсіздікті қамтамасыз етеді, бұл ретте ДДҰ әр елде шығарылатын дәрілік заттар мен медициналық мақсаттағы бұйымдардың үлесі кем дегенде 30 пайызын құрауды ұсынады.

Барлық жаңалықтар