• Басты
  • Жаңалықтар
  • Есірткі қылмысымен күрес: зерханаларды жабу, сайттарды бұғаттау және заңсыз жарнамалау мәселелері

Есірткі қылмысымен күрес: зерханаларды жабу, сайттарды бұғаттау және заңсыз жарнамалау мәселелері

11 Қазан, 2021 12:14

Бүгін ҚР Ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметінде ҚР ІІМ Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл департаментінің басқарма бастығы Берікхан Нұрғалиев еліміздегі есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл бойынша атқарылған жұмыс нәтижелері туралы баян етті.Толығырақ Strategy2050.kz тілшісінің материалынан оқи аласыз.

Есірткі қылмысына қарсы күрес

ҚР Ішкі істер министрлігінің баспасөз алаңында ҚР Ішкі істер министрлігінің ресми өкілі Нұрділдә Ораз синтетикалық есірткілерді бақылауға енгізу тетігі жеңілдетілгенін атап өтті. Соның ішінде оны жарнамалау және интернет арқылы тарататындарға жауапкершілік күшейтілген. Сондай-ақ, «электрондық әмияндарды» анонимді пайдаланушыларға ақша аударуға тыйым салатын түзетулер енгізілген.

«14 қазаннан бастап синтетикалық есірткінің тағы 11 жаңа түрі мен 17 прекурсордың айналымы үшін қылмыстық жауапкершілік енгізілді. Өйткені, осы заттардың көмегімен есірткі жасалуы мүмкін», - деді Нұрділдә Ораз.

ІІМ Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл департаментінің басқарма бастығы Берікхан Нұрғалиевтің дерегінше, осы жылдың ішінде 1929 есірткі қылмысы анықталғанын атап өтті. Нақтырақ айтқанда, 1136 есірткі өткізу фактісі және 326 есірткіні аса ірі көлемде сақтау фактілері. Сондай-ақ, ұйымдасқан 7 қылмыстық топтың жолы кесілген.

«Осы топты құрды және басқарды деген 13 қылмыстық іс қозғалды. 12 тоннадан астам әр-түрлі есірткі құралдары алынды, оның ішінде 4,9 кг героин, 9 тоннадан астам марихуана, 376 кг гашиш және 107 кг синтетикалық есірткілер», - деді Берікхан Нұрғалиев.

Оның дерегінше, 13 есірткі зертханасы жойылған. Олар Нұр-Сұлтан, Қарағанды облысы, Алматы мен Солтүстік Қазақстан облысында және Ақтөбе облысында орналасқан. Соның ішінде, Қарағанды облысында ауқымды операция жүргізіліп, нәтижесінде республиканың бірнеше өңірінде жұмыс істеген ірі есірткі синдикаты жойылған. Тергеу барысында халықаралық қылмыстық байланыстар орнатылып, трансұлттық қылмыстық қоғамдастық құру және оны басқару бойынша қылмыстық іс қозғалған. Осы ҰҚТ бойынша есірткі сатумен байланысты 8 қылмыстық іс қозғалды. Сондай-ақ, Алматы қаласында Медеу ауданындағы бау-бақша қоғамының аумағындағы жеке үйде екі азамат құрған ірі есірткі зертханасы жойылған. Тінту барысында 13 килограмм дайын зат, сондай-ақ мефедрон өндіруге арналған жабдықтар алынған.

«Рефлекс» жедел -профилактикалық іс -шарасы

Департамент басшысының айтуынша, шараның мақсаты - операцияға қатысушы мемлекеттердің бақылауындағы синтетикалық препараттарды өндіру мен сату фактілерін анықтау. Операция желтоқсанға дейін жалғасады. Нәтижесінше, бірінші аптада синтетикалық есірткінің заңсыз айналымына қатысты 6 қылмыстық құқық бұзушылық қозғалған.

«3 сату, 2 аса ірі көлемде сақтау және 1 есірткі құралдарын заңсыз жарнамалау мен насихаттау. Заңсыз айналымнан шамамен 1 кг есірткі алынды, бұл үш мың бір дозаға тең», - деді ол.

«Қарасора» арнайы операциясы

Сонымен қатар, ол жыл сайын жабайы өсетін қарасораның пісуі кезінде өтетін республикалық «Қарасора» арнайы операциясы аяқталуға таяғанын айтып өтті. Оның мәліметінше, ағымдағы жылы операция аясында 851 есірткі қылмысы ашылған.

«Оның ішінде 416 сату, 126 есірткі сақтау, 233 құрамында есірткі бар өсімдіктерді өсіру фактілері. Сондай-ақ, 10 тоннадан астам есірткі тәркіленді. 8,5 тонна марихуана, 65,6 кг. гашиш, 60,2 кг. синтетикалық есірткі, 764 грамм героин», - деді Берікхан Нұрғалиев.

Сондай-ақ, ол жалпы салмағы 8 тоннаны құрайтын 12,9 мыңнан астам түп қарасора жойылғанын жеткізді. Оның айтуынша, есірткінің жаңа түрлерімен күресу мәселелерін Мемлекет басшысы халыққа Жолдауында мемлекеттік органдардың бірінші кезектегі міндеттерінің бірі ретінде анықтайтынын айтып өтті. Нәтижесінде, соңғы екі жыл ішінде ұлттық заңнаманы едәуір жетілген.

«Біз жаңа заттарға бақылауды орнату тәртібін жеңілдеттік, олардың интернетте таралуы үшін жауапкершілікті қатайттық, есірткіні жарнамалау мен насихаттау үшін қылмыстық жауапкершілікті енгіздік», - деді департамент басшысы.

Берікхан Нұрғалиев құқықтық статистика комитетінің мәліметі бойынша қазір есірткіге тәуелді 18 мың адам тіркеуде тұрғанын атап өтті. Оның ішінде 1500 әйел мен 62 жасөспірім бар. Сондай-ақ, тіркеуге алу тәртібін өзгерту Денсаулық сақтау министрлігінің құзырына кіретінін жеткізді.

Сондай-ақ, ол есірткіні саудалайтын сайттар бұғатталуы үшін Ақпарат және қоғамдық даму министрлігіне жіберілетінін айтып өтті. Оның айтуынша, бұл мәселе бойынша жедел шешім қабылданған.

«Жыл басынан бері 965 сайт анықталып, 555 сайт бұғғатталды. Бұл жұмыс үнемі жүзеге асырылып жатыр» - деді ол.

 

 


Барлық жаңалықтар