• Басты
  • Есірткі саудасы немесе адамзатқа қарсы қылмыс жайлы

Есірткі саудасы немесе адамзатқа қарсы қылмыс жайлы

19 Сәуір, 2021 11:22

Есірткі саудасы әлемдік деңгейдегі ауқымды трансұлттық қылмыс түріне жатады. Біріккен Ұлттар Ұйымының Есірткі мен қылмыс басқармасы жариялайтын жыл сайынғы баяндамаға сүйенсек, 2018 жылы әлемде 269 миллионға жуық адам есірткі тұтынатыны анықталған. Бұл 2009 жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 30 пайыздай көп. Сонымен қатар, әлемде 35 миллионнан астам адам есірткі пайдаланудың кесірінен денсаулығын бұзып, зардап шегуде. Бұл цифрлардың артында қиыншылыққа душар болған қаншама тағдыр, түрлі қылмыстар, олардың зардаптары тұр. Сондықтан есірткі пайдалануды барынша шектеу, онымен ымырасыз күрес жұмыстары ешқашан толастамауы тиіс. Бұл ретте, бүгінгі мақаламызда есірткі саудасымен күрестегі әлемдегі тенденциялар және қазақстандық жағдай туралы аз-кем баяндайтын боламыз.

Есірткі саудасы әлемде тауар айналымы бойынша қару-жарақ саудасы сияқты заңсыз, мұнай саудасы сияқты ірі сауда түрлерінен кем түспейді. Есірткі саудасы көлеңкелі бизнес түріне жататындықтан, оның тауар айналымы жайлы нақты, анық дерек жоқ. Кейбір деректерде әлемдік есірткі саудасының көлемі 800 миллиард АҚШ доллары екендігі айтылса, тағы бірі деректерде бір триллион АҚШ долларына дейін жететіндігі жазылады.

Назар аудара кететін бір жайт, уақыт өткен сайын жаңа технологияның, коммуникация түрлерінің өркендеуін есірткі саудасымен айналысатын трансұлттық қылмыстық ұйымдар да өз пайдасына жаратып, қылмыстардың көлемін, ондағы тауар айналымының дамуын, интернет арқылы маркетинг жасау сияқты жеңілдіктер арқылы қамтамасыз ете алуда. Бұл олардың ақпарат алмасу тәсілдері, қылмыс жасаудағы кәсібилігі, қылмыстық операциялар т.б. әрекеттерінен көрініс тауып келеді.

Есірткі саудасымен ірі транұлттық ұйымдар айналысқанымен, бұл саудадан пайда табатын тұлғалардың саны әлеуметтік жағдайы төмен қылмыскерлер мен оны тұтынушыларға қарағанда әлдеқайда аз. Есірткіге тәуелді жағдайға түскен нашақорлар есірткінің аз дозасын өз рахатына пайдалану үшін есірткі тасымалын ұйымдастыру ісіне саналы түрде араласып, осы жолда өзінің физикалық әлеуетін де жұмсайды.

Қазіргі таңда астыртын жүргізілетін есірткі саудасы тарихта ашық түрде, әрі алпауыт мемлекеттердің сыртқы саясаты ретінде жүргізілген. Мәселен, «күн батпайтын империя» болған Англия ХІХ ғасырда Үндістанға есірткі ектіріп, қытайлықтарға оны шектіру арқылы қыруар табысқа кенеліп отырды. Отар елдерді қанаған Англияның бұл әрекеті Қытайдағы атақты «Апиын соғыстарын» туғызған болатын. 

Әлемде географиялық орналасу, атмосфералық ерекшеліктеріне байланысты есірткі түрлерін өндіретін, экспорттайтын негізгі бірнеше өңір бар. Мысалы есірткі саудасындағы кокаинды дайындаушы және экспорттаушы елдердің негізгілері Оңтүстік Америкадағы Перу, Колумбия, Венесуэла мен Боливия сияқты елдер болса, апиын мен героинды өсіріп, таратушы мемлекеттер қатарында Ауғанстан, Иран, Пәкістан мен Оңтүстік-Шығыс Азиядағы Лаос пен Мьянма бар. Ал марихуананы Солтүстік Африка, Таяу Шығыс және Оңтүстік-Батыс Азияның кейбір мемлекеттері өндіріп, экспортқа шығарады. Бұлардан бөлек синтетикалық есірткі заттарын өндіретін Нидерланды, Қытай Халық Республикасы және Морокко сынды елдер де бар. Сондай-ақ, Қазақстанның Жамбыл облысы, Шу ауданындағы 150 мың шаршы метрлік есірткі алқабында өсетін қарасора да еліміздің өңірлеріне ғана емес әлемнің өзге аймақтарына тасымалданатын есірткі түріне жатады.

Есірткінің әлем елдеріне таралу жолдары бірнеше. Оның Еуразия құрылығындағы негізгі транзит жолдарын төменде келтірілген картадан байқауларыңызға болады. Картада 2020 жылғы шілде-желтоқсан айлары аралығындағы жағдай сипатталғанымен, есірткінің осы транзит жолдары арқылы таратылуы ұзақ жылдардан бері сақталып келеді.


Дереккөз: UNODC Drugs Monitoring Platform Brief: Possible impact of the COVID-19 pandemic on trafficking in opiates and methamphetamine originating in Afghanistan

Картадан байқағанымыздай Ауғанстан мен Пәкістаннан шығарылған есірткіні Еуропа мен Ресейге тасымалдаудың құрлықтағы негізгі ірі үш жолы бар. Олардың бірі «Иран және Кавказ елдері арқылы Ресейге», ал екіншісі «Иран, Түркия арқылы Еуропаға» бағытталған дәліз. Үшінші ірі жол «Қырғызстан, Қазақстан арқылы Ресейге, одан әрі Еуропа елдеріне» таратылатын транзиттік бағыт. Бұл бағыт Қазақстан үшін аса маңызды, яғни үнемі күрес жүргізуге тура келетін, қырағы бақылауды талап ететін фактор.

Есірткінің сондай-ақ, мұхит және теңіз арқылы да тасымалданатын жолдары бар. Бұдан бөлек есірткі саудасының солтүстік америкалық бағытына «Оңтүстік Америка елдері – Мексика – АҚШ» бағыты, ал Африкалық бағытына «Африка – Оңтүстік Америка – Мексика – АҚШ – Еуропа – Балтық жағалауы елдері» жолы жатады.

Есірткінің адам денсаулығына, мемлекеттің қауіпсіздігі, әлеуметтік-экономикалық, саяси және мәдени өміріне кері әсері, мүдделі, құзырлы органдардың есірткімен күрес барысында, адамдарды емдеу сияқты мәселелерде туындайтын қосымша қаржылық, физикалық шығынға ұшырауына, қылмыс түрлерінің көбеюіне, заңсыз қару-жарақ саудасының ұлғаюына т.б. кері әсері бар.

Есірткі саудасының өзге де ірі қылмыс түрлерімен тығыз байланысты екенін де айта кеткен жөн. Мәселен, Ауғанстандағы немесе өзге де локальды соғыс алаңдарындағы содырлар есірткіні экспорттау арқылы оның өтемі ретінде қаржылай немесе қару-жарақ түрінде заңсыз тауарларға иемденіп отыр. Сондай-ақ, осындай жолмен қолға түскен қару-жарақтар халықаралық деңгейдегі террористік топтардың қылмыстық операцияларында жиі пайдаға асуда. Сондықтан бұл әлемдік масштабтағы кешенді проблема.

Осы ретте, мемлекеттік органдар есірткімен күресті тек ел ішінде ғана емес мемлекетаралық құрылымдар аясында және ортақ әріптестік шеңберінде халықаралық деңгейде жүзеге асыруға назар аударады. Өйткені есірткінің таралымы тек бір-екі ел арасында ғана емес бірнеше мемлекеттерді кесіп өту арқылы арнайы жолға қойылған транзиттік дәліздер арқылы іске асырылуда. Егер Орталық Азия елдері есірткі саудасына қарсы бірлескен операциялар ұйымдастырса, есірткінің теңіз жолдары арқылы, сондай-ақ Иран және Түркия немесе Иран және Кавказ елдері арқылы діттеген жеріне жеткізілу мүмкіндігі бар. Сондықтан барлық дәлізді бірдей уақытта қымтап ұстап отыру мүмкін болмағандықтан, әлемдік есірткі саудасы өз қарқынын бәсеңдеткен емес. Тіпті, 2001 жылғы 11 қыркүйектегі террорлық оқиғадан кейін АҚШ бастаған НАТО күштері Ауғанстан аумағына басып кіріп, үлкен әскери операциялар жасап, есірткі саудасын тоқтату немесе азайту әрекеттері туралы жарияланғанымен, Ауғанстанда өндірілген және экспортқа шығарылған есірткі өнімдерінің көлемі алдыңғы жылдардағы көрсеткіштерден бірнеше есе асып түскен.

Соңғы уақытта, яғни 2020 жылдың басында коронавирус инфекциясына байланысты әлемде басталған шектеу шаралары, физикалық, яғни оффлайн коммуникацияның азаюы есірткі саудасының да айтарлықтай кедергіге тап болуына алып келді. Пандемия кезінде есірткі саудасының қанша пайызға азайғаны немесе қандай статистикалық өзгерістер болғанын дәл қазір тап басып айту қиын және бұл жөнінде қорытынды мәліметтер жарияланған жоқ. Алайда кейбір сарапшылар шекаралардың жабылуы, коммуникацияның азаюы есірткі тапшылығының пайда болуына алып келіп, есірткінің бағасын арттырып жібергенін айтуда.

Сондай-ақ, әлемдегі есірткі тасымалының жүзеге асуына транұлттық қылмыстық топтармен сыбайласқан кейбір мүдделі мемлекеттік құрылым өкілдерінің де ықпалы зор екені айтылады. Жеке пайдасын ойлаған сондай лауазымды тұлғалардың есірткі саудасына көз жұмып, оның таралуына жағдай жасап отырғанын да айта кеткен жөн.

Қазақстанда да есірткімен күрес мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі. Халықаралық шарттар және елдің ішкі қолданыстағы заңнамалары аясында есірткі саудасымен айналысушылармен күрес ымырасыз жүргізілуде. www.polisia.kz сайты арқылы еліміздің әр өңірінде күнделікті есірткі сатумен, оны тасымалдаумен, тұтынумен айналысқан тұлғалардың құрықталып жатқанын, онымен күрес жұмыстары туралы мол ақпаратпен танысуға болады.

Мысалы Ішкі істер министрлігінің ресми сайтында жарияланған мәліметте былай жазылған: 2020 жылы жарияланған Есірткі жарнамасы мен насихаттау деректері бойынша 56 қылмыстық іс қозғалды.Бұл туралы Қазақстан Ішкі істер министрлігінің Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл департаменті хабарлайды. ІІМ мамандары: соңғы айларда біздің республикамыздың аумағында есірткі лабораторияларының пайда бола бастағандығы жайлы қауіпті тенденция туралы айтуда. Егер бұрын әңгіме шетелден елге әкелінетін есірткінің таралуы жайлы болса, қазіргі күнде оларды өздігінен өндіру әрекеттері бар...

ІІМ қызметкерлері «Кибернадзор» ақпараттық жүйесінің көмегімен Интернет жүйесінің ұлттық сегментінде есірткі жарнамасы мен өткізу деректерін, сондай-ақ құқыққа қайшы басқа да контенттерді анықтайды.

Жыл басынан бері есірткі құралдар мен психотропты заттардың таратылуы туралы ақпараты бар 700-ден астам сайт, аккаунт және басқа да ресурстар анықталып, бұғатталды. 

Есірткіні сырттан импорттаудан бөлек, оны елдің ішінде өндіру технологиясының пайда болуы, мұның даму тенденциясы өте қауіпті құбылыс және сәйкесінше есірткі бизнесінің ел аумағында өркен жайып отырғанын білдірсе керек.

Есірткімен күрес жолында атқарылған оңды істер жайлы ақпарат жыл сайын жариялануда. Мысалы 2018 жылы Қазақстанда құқық қорғау органдары тыйым салынған есірткілік заттарды саудалаумен айналысатын үлкенді-кішілі 4 700 веб-сайт анықталып, Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникация министрілігі тарапынан бұғатталған (Дереккөз: Біріккен Ұлттар Ұйымы жанындағы Есірткіні бақылау комитетінің 2019 жылғы баяндамасы, 111 бет, (E/INCB/2019/1).

Қазақстан есірткі саудасымен күресте көршілес Қытай, Өзбекстан, Қырғызстан және Ресей сияқты мемлекеттермен және халықаралық қауымдастықпен тізе қосып әрекет етуде. Өйткені есірткі саудасын тоқтату немесе азайтуға бір ғана мемлекеттің әлеуеті жетпейді. Бүкіл әлемдік деңгейде тұрақты күрес жүргізгеніне қарамастан әлемдегі есірткі саудасы қарқынын бәсеңдетпей отыр. Өйткені сұраныс пен ұсыныс барда оны іске асырудың түрлі құйтұрқы әдістері де шығуда. Оны тоқтату кешенді түрдегі ымырасыз күрес пен өркениетті қоғам қалыптастыру арқылы ғана мүмкін болмақ. Бірақ мұның қашан болатыны әзірге беймәлім.

Біздің міндет осы жолдағы күресті үнемі жаңартып, қарқынды амал-әрекеттерді тоқтатпау болса керек.

Барлық жаңалықтар