• Басты
  • Ерлан Сыдықовтың "Құнанбай" кітабы оқырманға жол тартты
4 Ақпан, 2020 15:33

Ерлан Сыдықовтың "Құнанбай" кітабы оқырманға жол тартты

Еліміздің бас қаласында ҚР ҰҒА академигі, тарихшы, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразиялық ұлттық университетінің ректоры Ерлан Сыдықовтың "Құнанбай" атты кітабының таныстырылым өтті.  Аталған еңбек ұлы Абай мерейтойы қарсаңында Мәскеудің "Молодая гвардия" баспасынан "ЖЗЛ" сериясымен жарыққа шыққан, деп хабарлады Strategy2050.kz тілшісі.

Ерлан Сыдықовтың "Құнанбай" кітабы оқырманға жол тартты

Биыл мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен Абайдың 175 жылдық мерейтойы тойлануда. Кітап авторының айтуынша, бұл Абайды, Абай әлемін зерттеушілерге, ғалымдарға үлкен серпіліс болып отыр. 

"Көптен бері ойымда жүрген Құнанбай туралы еңбегім жарыққа шығып отыр. Алғашында кітап жазам деген ой болған жоқ. Семейде Шәкәрім университетін басқарған кезде "Шәкәрім орталығын" ашып, көптеген зерттеу жұмыстарын жүргізіп, шәкәрімтануды Қазақстандағы гуманитарлы ғылымның бір бағыты ретінде қалыптастыруға тырыстық. Шәкәрім тұлғалық энциклопедиясын және журналын шығардық.  Осылайша, Шәкәрім арқылы Абай төңірегі туралы материалдар, деректер мен зерттеулер жиналды. Осы жиналған материалдардың негізінде "Құнанбай" кітабын жаздым", - деді Ерлан Сыдықов.

Автордың "Шәкәрім" атты кітабы осыдан сегіз жыл бұрын Мәскеуде жарық көрген еді. Өзінің айтуынша, Шәкәрім бір қазақ түсінетіндей, қазақ тілді оқырман ұғынатындай зерттелген. Алайда кітап авторы Шәкәрімді тек қазақ қана емес, бүкіл әлем жұртшылығы тануы керек деп санайды. Осылайша, кітап орыс тілінде жазылып, әлемнің 6 тіліне аударылған. 

65ec174576901129409cb8b7fe02c4e3.jpg

"Осы уақытқа дейін Шәкәрімді қазақ тілді азаматтар түсінетіндей етіп бар қазаққа танытыппыз. Маған неге орыс, ағылшын тілі арқылы басқа да жұртшылыққа жеткізбеске деген ой келді. Сол себепті "Шәкәрімді" орыс тілінде жазып, "ЖЗЛ" сериясымен Мәскеуде басып шығарған едім. Осыдан кейін түрік, ағылшын, қытай баспагерлері маған хабарласып, аударуға рұқсат алды. Бүгінгі күні "Шәкәрім" 6 тілге аударылды", - деді автор.

Осылайша ойға алған істің ілгерілеп, "Шәкәрім" кітабының түрлі тілдерге аударылуы - авторды одан әрі шабыттандырған. Сөйтіп ұлы Абайдың әкесі Құнанбай жөніндегі кітапты жазуды қолға алған. Өзінің айтуынша, аталмыш кітапты Құнанбайдың тарихи биографиясы деуге болады.

"Біз Құнанбайды кемеңгер жазушы Мұхтар Әуезовтың "Абай жолындағы" кейіпкер ретінде қабылдап отырмыз. Мұндай образды дүниеге алып келген Әуезовтың ұлылығының арқасында. Дегенмен, ол шығармашылық кітаптағы образ. Құнанбай - тарихи тұлға, оның нақты өмірі болды, нақты қоршаған ортасы болды, нақты істері болды. Осыларды объективті түрде көрсету мақсатында, яғни таптық көзқарасты, партиялық принципті алып тастап, тарихи объективті принципті пайдалана отырып, Құнанбайдың өмірі мен атқарған қызметін көрсету болды", - деді автор.

Автордың сөзіне сүйенсек, бұл кешенді зерттеулердің бір бағыты ғана. Оның айтуынша, ары қарай зерттеу жұмыстары жалғасады, тек Құнанбай ғана емес, Абай маңайын түгелдей зерттеуді қолға алмақ. 

c40f40914340f8cbd7811cc0f76a75ca.jpg

Сонымен қатар Ерлан Сыдықов әлі күнге Абайдың ғылым-биографиялық өмірбаяны жазылмағандығын атап өтті. Болашақта Абайдың да тарихи-ғылыми биографиясын жазу қажеттігін айтып өтті.

"Оның басты биографы - Әуезов, тума-туыстарының жазбалары ғана бар. Ал Әуезовтың Абайдың объективті биографиясын жазбауына бірнеше себеп болды. Идеология рұқсат еткен жоқ. Партиялық принцип сақталмай қалатын болды. Биографиясын жазар болса, Абайдың би, болыс, байдың баласы болғанын жазуға тура келетін еді. Советтік идеология сақталмайтын еді де, біз Абайдан айырылып қалуымыз мүмкін еді. Сол себепті Абайдың объективті тарихи-ғылыми биографиясын жазу алда тұрған міндеттердің бірі деп есептеймін", - деді автор.

Жиынға бірқатар қоғам қайраткері, филология ғылымының докторы, тархшы қатысты. Соның бірі Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, филология ғылымдарының докторы, профессор Серік Негимов аталмыш кітапта Құнанбайдың тұлғасы жан-жақты ашылғанын атап өтті.

"Ерлан Сыдықовтың кітабында Құнанбайдың тұлғасы жан-жақты ашылған. Оның елге,  қазақ қоғамына жасаған жақсылығы, сол заманда Меккеге дейін баруы, қазақтарға үй салып беруі секілді мәселелер көрсетілген. Шариғат заңдарына ширақтығы, оны өмірде қолдана білуі осы кітапта ашық айтылған. Кітаптың тілі жақсы. Автор Құнанбайдың ата-тегі, заманы, ұрпақтары, балаларына берген тәрбиесі, Абайды 14 жасынан бастап елдің шаруасына жегуі,  Абайдың данышпан ойшыл болуы Құнанбайдың арқасы екендігін әдемі суреттеген. Жалпы мемлекетіміздің ілгерілеп,  алға дамуы үшін Құнанбайдың да идеясы керек", - деді ол.

590a3eacd98c2a2c7c9100edf1574945.jpg

Сонымен қатар филология ғылымдарының докторы, профессор Сауытбек Әбдірахман да өз сөзінде кітап Құнанбайдың дәстүрлі қоғамды рулық құрылыс арқылы сақтап қалғысы келгенін, сол ғасырдағы мәселенің қазақ қоғамында әлі де бар екендігін және әлі де болатынын ашып көрсеткен деп есептейді.

"Құнанбайдың қазақтың дәстүрлі қоғамын рулық құрылыс арқылы сақтауға тырысуы сол заман үшін жалғыз жол, әрі ең жақсы жол екендігін білгенін осы кітап жақсы көрсетеді. Оның рулық құрылысты бірлікті сақтау, елдікті сақтау үшін қолданғанын кітап авторы ашып жазған... "Абай жолындағы" ең ғажап бейненің бірі Құнанбай. Құнанбайдай шебер жасалған образ сирек. Образдың жасалу шеберлігі жағынан Әуезов Құнанбайды суреттегенде Абайдан да асырып жіберген деуге болады. Әуезов өзінің ойын атқызғандай. Мәселен, "орысшылсың" демейді, "тым орысшылсың" дейді. Өзі орысқа қызмет етіп отырған адам бола тұра, "тым орысшылсың" деп айтады. Құнанбайдың "тым орысшылсың" деген сөзі ХХІ, ХХІІ, ХХІІІ ғасырда да актуалды болмақ", - деді профессор.

Сонымен қатар Сауытбек Әбдірахманның айтуынша, кітап көптеген өзекті мәселені астарлап көрсеткен.

TEMA5955.jpg

"Кітапта астарлы нәрселер көп. Мысалы, автор Абайдың әкесіне ас бермеуін жылқыларын сатып, метепте оқитын балаларға таратты деп ақтағандай болады. Сол замандағы қоғам үшін Абайдай адамның әкесіне ас бермеуі үлкен мін болатын. Осы кітапта оның дұрыс шешім болмағандығын автор аңғарта алған. Ерлан Сыдықов кітабында осыған акцент берген. Бұл да шеберлік", - деп атап өтті филология ғылымдарының докторы Сауытбек Әбдірахман.

Сондай-ақ қоғам қайраткері, тарих ғылымдарының докторы, профессор Өмірзақ Озғанбаев Абайдың осындай ұлы тұлға болып қалыптасуына әсер еткен ұлылар туралы еңбектің қажет екендігін атап өтіп, кітаптың өзектілігіне, маңыздылығына тоқталып өтті.

"Биыл мерейтойға байланысты Абайдың жер-жерде орталықтары ашылып жатыр. Үлкен жұмыс басталды. Осындай кезде Абайдың шыққан ортасы, Абайдың осындай болып қалыптасуына әсер еткен ұлылар туралы еңбек қажет-ақ еді. Міне, сондай бір еңбек орыс тілінде шығып отыр. Әлемнің көптеген тіліне таралу үшін алдымен орыс тілінде шығуы қалыптасып қалған дәстүр. Енді басқа тілдерге аударылады деп сенеміз. Кітап өте жақсы жазылған. Тілі де шұрайлы. Шынында, Абайдың шыққан ортасы - қасиетті орта.  Кітаптың жарық көргеніне өте қуаныштымыз. Бұл кітап танымдық, үлкен жүк арқалайтын кітап", - деді Өмірзақ Озғанбаев.

Сонымен бірге ҚР Парламент мәжілісінің депутаты Нұрлан Дулатбеков кітап авторының тарих ғылымы мен рухани мұралардың зерттелуіне зор үлес қосып жүрген көрнекті ғалым әрі зерделі өлкетанушы екенін атап өтті.

TEMA5998.jpg

"Ерлан Сыдықов Абайдың айналасы мен Семей қаласының арғы-бергі тарихы, ұлт тарихындағы хандар мен тұлғалар туралы таңдаулы еңбектері ғылыми қауымға жақсы таныс. Басқасын айтпағанда, осы "Молодая гвардия" баспасы "ЖЗЛ" сериясымен шыққан "Шәкәрім" атты танымдық-ғұмырбаяндық еңбегі әлемнің алты тіліне аударылып, Абай шәкіртінің тұғырын одан әрі биіктете түсті. Ресей аудиториясына жол тарқан бүгінгі "Құнанбай" еңбегі де әдебиетіміз бен тарихымыздың қымбат қазынасына айналып, орыс оқырманы арқылы әлемге жетуі мен танылуы - қазақ руханияты үшін үлкен олжа деп білеміз. Ұлтымыздың қайраткерлерін осылай әлемге таныта білсек, елдігімізге мерей, мемлекетімізге мақтаныш болмақ", - деді мәжіліс депутаты.

Сонымен қатар, айта кетейік, тұсаукесерге ҚР Парламенті сенаты мен мәжілісінің депутаттары, ғылыми қауым, білім және мәдениет саласының өкілдері, қаламгерлері қатысты.

Назерке Сүйіндік

ҰСЫНЫЛАДЫ
Барлық жаңалықтар
дерекнама 2050

ШОБ ЖІӨ көлемінің 50 пайызынан артығын өндіреді

Еңбек өнімділігі 126 мың долларға дейін көтеріледі 3-тен 6 жасқа дейінгі балаларды 100 пайыз мектепке дейінгі біліммен қамту

Қазақстан өз нарығын жаңа экологиялық стандарттарға сай келетін жанар-жағармаймен толықтай қамтамасыз етеді

Жалпы экспорт ішінде шикізат емес экспорттың көлемі екі есеге, 2040 жылы үш есеге артады

Әліпбиімізді латын қарпіне көшіру ісі басталады

Қазақстандықтардың 95 пайызы қазақ тілін меңгеруі тиіс

15 пайыз егістік алқаптарына суды үнемдеу технологиялары енгізіледі

Халықты ағын сумен қамту мәселесі шешіледі

Адам басына шаққандағы ЖІӨ көлемі 60 мың долларға көтеріледі

ҚР тұрғындарының үлесі халықтың 70 пайызын құрайды