• Басты
  • Ерлан Қиясов: Қазақстан 23 күн бойы «қызыл» аймақта тұр

Ерлан Қиясов: Қазақстан 23 күн бойы «қызыл» аймақта тұр

21 Сәуір, 2021 17:11

Бүгінде әлемде эпидемиологиялық жағдай күрделеніп, шет мемлекеттер шектеу шараларын күшейтіп жатыр. Мәселен, әлем бойынша КВИ-дің 141 миллионнан астам жағдайы тіркелді, тәулігіне 700 мыңнан астам жағдай анықталып отыр. Ал, 3,0 млн-нан астам адам қайтыс болды. Тек әлемде ғана емес, Қазақстандағы да эпидемиологиялық ахуал мәз емес. Бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәжілісінде ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі, ҚР Бас мемлекеттік санитарлық дәрігер Ерлан Қиясов елдегі эпидахуалға тоқатылып, вакциналау науқаны қалай жүріп жатқандығы жөнінде айтып берді. Толығырақ Strategy2050.kz тілшісінің материалында.

ДСМ-нің дерегінше, 21 сәуірдегі жағдай бойынша Қазақстан Республикасында коронавирустың оң нәтижесімен 294 946 науқас және КВИ-дің теріс нәтижесімен 52 025 жағдай тіркелген. Ал, КВИ-дің оң нәтижесімен ауырған 252 598 науқас және КВИ-дің теріс нәтижесімен ауырған 50 839 науқас емделіп шыққан.

Қазақстан 23 күн бойы «қызыл» аймақта тұр

Эпидемиологиялық жағдай матрицасына сәйкес, Қазақстан Республикасы 23 күн бойы тәуекелі жоғары аймақта, яғни қызыл аймақта тұр. Сондай-ақ, тәуекелі жоғары аймақта 10 өңір бар. Олардың қатарында Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалалары, Атырау, Батыс Қазақстан, Ақмола, Қарағанды, Ақтөбе, Маңғыстау және Қызылорда облыстары бар.

«Бұл ретте, Алматы және Нұр-сұлтан қалалары 43 күн бойы, Батыс Қазақстан облысы – бір айдан астам уақыт бойы, Атырау облысы – 28 күн бойы, Ақтөбе облысы – соңғы 20 күн бойы, Ақмола, Қарағанды облыстары – 16 күн бойы, Шымкент қаласы – соңғы 6 күн бойы, Маңғыстау және қызылорда областары 1 күн бойы қызыл аймақта тұр», - деп нақтылады Ерлан Қиясов.

Ал, бүгінде тәуекелдің орташа аймағында, яғни сары аймақта 4 өңір, атап айтсақ, Жамбыл, Шығыс Қазақстан, Павлодар, Алматы облыстары бар.

Сонымен қоса, жасыл аймаққа 3 өңір - Түркістан, Солтүстік Қазақстан және Қостанай облыстары кіреді.

Ерлан Қиясовтың айтуынша, биылғы наурыз айының соңынан бастап эпидемиологиялық жағдайдың нашарлағаны байқалған, алдыңғы аптаға қарағанда апта сайынғы сырқаттанушылық 46%-ға өскен.

«Наурыз айымен салыстырғанда сәуір айында сырқаттанушылықтың өсуі Ақмола, Қостанай, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстарын қоспағанда, барлық өңірде байқалады», - деді санитарлық дәрігер.

Бұл ретте ел бойынша сырқаттанушылықтың 58%-ы 3 өңірге, атап айтқанда Нұр-Сұлтан, Алматы қалалары мен Алматы облысына тиесілі.

«Қалыптасқан жағдайды ескере отырып, барлық өңірлерде әлеуметтік-экономикалық объектілердің жұмысын шектеу шарттарына сәйкес қосымша шектеу шаралары қабылданып жатыр», - деді Ерлан Қиясов.

Төсек-орынмен қамту

Өңірлердегі күнделікті төсек-орындармен қамту мониторингіне сәйкес, биылғы 21 сәуірдегі жағдай бойынша республиканың инфекциялық төсек-орындармен қамтылуы – 41%-ды (13 746 төсек-орын), реанимациялық төсек-орындармен қамтылуы - 28%-ды (856 төсек) құрап отыр.

«Батыс Қазақстан және Алматы облыстарында инфекциялық төсек-орындардың 58%-ы қолданыста. Алматы қаласындағы 55%-ы пайдаланылуда. Ал, реанимациялық төсек-орындардың ең көп қолданылуы Алматы қаласында – 56% және Нұр-Сұлтан қаласында – 58% байқалып отыр», - деді вице-министр.

Вакцинациялау қалай жүріп жатыр

Ерлан Қиясовтың сөзінше, вакцина алып жатқандардың саны артқаны байқалып отыр. Бүгінде вакцинациялаумен қамту тәулігіне 70 мыңнан астам адамға дейін артқан. Қазіргі таңда бірінші компонентпен 766 614 азамат, екінші компонентпен – 126 500 азамат егілген.

"Бүгінде өңірлерде шамамен 156 мың доза вакцина бар. Вакцинаны жеткізу кестеге сәйкес кезең-кезеңмен жүзеге асырылады. Қажеттілікті ескере отырып, егу пункттерінің саны тұрақты түрде өсіп келе жатқанын атап айтқым келеді. Бүгінгі күні өңірлерде 1051 егу пунктінде иммундау жүргізілуде», - деп толықтырды санитарлық дәрігер.

Бұдан басқа, ол шалғайдағы аудандарда, ұйымдасқан ұжымдарда, адамдар көп жиналатын жерлерде КВИ-ге қарсы вакцинациялау науқанын жүргізу үшін 303 көшпелі егу бригадасы жұмылдырылғанын атап өтті. Оның мәліметінше, иммундау науқанына 10 мыңнан астам медицина қызметкері тартылған.

«Ауыл тұрғындары үшін вакцинацияның қолжетімділігін арттыру мақсатында вакцинация жылжымалы медициналық кешендерді пайдалана отырып ұйымдастырылады», - деді ол.

Барлық жаңалықтар