• Басты
  • Еріктілер бір игі істің басында тоғысуы керек – Е.Хамитов
29 Сәуір, 2020 14:17

Еріктілер бір игі істің басында тоғысуы керек – Е.Хамитов

Қарағанды облысы «Jas Otan» жастар қанатының төрағасы Ержан Хамитов облыста атқарылып жатқан қоғамдық-ұйымдастыру шаралары жайында Strategy2050.kz тілшісіне айтып берді.
 Еріктілер бір игі істің басында тоғысуы керек – Е.Хамитов
«Бүгінгі күні Қарағанды облысында 5460 тұрғынға көмек көрсетілді. Оның ішінде жалғызбасты қарттар, көпбалалы аналар, толық емес отбасылар мен ардагерлер бар. Атап айтсақ, 30 ҰОС ардагері мен 252 тыл ардагеріне қолдау көрсетілді. Ең бірінші қажеттіліктегі тауарларды жеткізіп бердік. Осы күнге дейін облыс бойынша 15 мың маска мен антисептик таратылды. 1-сәуірден бастап ТЖ аяқталғанға дейін 85 жастан асқан 49 жалғыз тұратын ардагерге ыстық тамақ күнделікті жеткізіліп тұрады», - деді Е.Болатұлы.

Е.Хамитов атағандай, бұл тек қана 1-2 адамның қолынан келетін шаруа емес.

«Еріктілер мен жасотандықтар, басқа да волонтерлік ұйымдардың мүшелері ауқымды жұмыс атқарып жатыр. Таңертеңнен кешке дейін еңбектеніп жатыр десек артық айтпаймыз. Бұл жұмыстарды ескеріп Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев алғыс та білдірген болатын. Еріктілер елдің нағыз патриот азаматтары екенін, ел басына сынақ түскенде ешқайсысы бұғып қалмайтынын дәлелдеп жұмыс атқарып жатыр. Әрине, Төтенше жағдай жарияланғаннан кейін біраз уақыт өтті. Дегенмен, еріктілерді алмастырып отыруға тырысамыз. Себебі, волонтерлардың да денсаулықтары біз үшін өте маңызды», - деді ол.

Сонымен қатар, ол Рамазан айы басталған кезде «Шығыс» орталық базарының жеке кәсіпкері өз атынан 30 отбасына иммунитетті көтеретін дәрумендермен қамтамасыз еткенін атап өтті.

«Бұл да біздің еріктілер мен жасотандықтардың көмегімен жеткізілді. Жалпы, біз тұрғындарға жеңіл болу үшін жұмыс атқарып жатырмыз. Бүгін ғана Қарағанды облыстық жастар саясаты жөніндегі басқармасының басшысы Нұржан Жетпіспаевпен бірлесе отырып, проректорлармен бейнеконференция арқылы байланысқа шығып, студенттердің оқуға төлейтін ақыларын шегеру не болмаса емтиханға жіберулері туралы жеңілдіктер жасау бойынша жиналыс өткіздік. Барлық ЖОО ректорлары студенттерді қолдап, егер де қандай да бір қиындық болып жатса, олардың ақысын кейінге шегеру бойынша келісімге келді. Сондай-ақ, мұқтаж студенттерге 50 пайыз жеңілдік көрсетілді. Бұл студенттер үшін үлкен көмек», - деді Е.Хамитов.

Ержан Болтұлы қазір қиын жағдайда үнемі көмек көрсетіп жүрген студенттер мен волонтерлар ешқашан назардан тыс қалмайды.

«Оларға барынша қолдау көрсетуге тырысамыз. Төтенше жағдай басталғалы бері көзі ашық, көкірегі ояу жастарымыздың барлығы қатарымызға қосылды. Дегенмен, көптеген жастар үйлерінде отырып, сынға алған жағдайлар да кездесті. Жастарға айтарым, сөзбен емес,іспен дәлелдейік. Әрине, денсаулық маңызды, алайда қазір біз жас кезімізде елімізге көмектеспесек, ертеңгі болашаққа ешқандай үлгі көрсете алмаймыз. Сондықтан да, қиын-қыстау кезеңде жастардың көмегіне мұқтаж отбасылар мен жалғызбасты қарттар көп. Сол кісілерге қолдау көрсету жолында артық сөзді қойып, бір игі істің басында тоғысуымыз қажет. Әр адам елдің бір бөлшегі ретінде «менің көмегім Отаныма қажет, еліме не бере аламын» деген ойды ұранға алып, оларды қазіргі кезде көмекке зәру адамдарға көмек көрсетуге шақырамын», - деп түйіндеді ол.

Аягөз Құрмаш

Барлық жаңалықтар
66.249.66.90, 192.168.88.100