• Басты
  • «Ерікті болу – ерлік»: Бүгіннің батыр қыздары

«Ерікті болу – ерлік»: Бүгіннің батыр қыздары

7 Желтоқсан, 2020 17:21

Былтыр мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылды «Еріктілер жылы» деп жариялаған еді. Енді, міне, 2020 жыл да бітуге таяу. Осы орайда, еліміздегі бірқатар ерікті ұйымының өкілдерімен жыл бойына қандай қызметтермен айналысып, қай бағытта жұмыс істегені жөнінде сұхбат құрдық. Әңгіме барысында «Қазақстан еріктілері лигасы» республикалық ұйымының төрайымы Айсұлу Ерниязова мен «Дара» қорының жоба менеджері Айнұр Аймурзина өз тәжірибелерімен бөлісті, деп хабарлады Strategy2050.kz тілшісі.

«Қазақстан еріктілері лигасы» республикалық ұйымының төрайымы Айсұлу Ерниязова ұйымның жұмысына мен бағытынатоқталып өтті. Оның сөзінше, аталған ұйымға бүкіл ел бойынша 5000-нан астам ерікті қосылған.

«Ерікті болып жұмыс істеуді қолға алғалы бері белсенді түрде қызмет етуге тырысып келем. Атап айтсам, осыдан бес жыл бұрын, яғни 2015 жылы аталған лиганың «Big love fest» жобасын қорғап, оңтүстік астанада жүзеге асыруға грант алдым. Ал, 2016 жылы «Алматының 1000 жылдығына 1000 игі іс» атты ірі жобаның үйлестірушісі болдым, онда бір жыл ішінде Лига жігіттері және белсенді азаматтармен бірігіп, 1000-нан астам мұқтаж адамға жәрдемдестік», - деді ол.


Сонымен қоса, Айсұлу 2017 жылы Алматыдағы ең үздік студент ретінде 28-ші Дүниежүзілік универсиадада алауын жағып, шараға 3000 еріктінің қатысуына ат салысқан.

«Мен универсиада алауын жағып, аталған шараға 3000 мың еріктіні, сонымен қоса осыдан үш жыл бұрын өткен Экспо-2017 шарасы кезінде 900 еріктіге үгіт-насихат жүргізіп, лига атынан белсенді қатысуға шақырдым. Ал 2018 жылы «Еріктілер лигасының» төрайымы болдым. Командамен бірге «Қарттарым асыл қазынам» қайырымдылық жобасын, «Игі істер марафоны» секілді шараларды ұйымдастырдық», - деді ол.

Сонымен қатар, ол 2019 жылы Жастар жылының ресми ашылуында еріктілер атынан сөз сөйлеп, Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа «Ашық жүрек» жобасын ұсынған. 

«Ашық жүрек» жобасы мұқтаж жандарға 8 бағыт бойынша көмек көрсетуге арналған жүйелі волонтерлік қызмет. Сол жылы «Еріктілер лигасы» бұл жобаны үкіметтің қолдауынсыз, демеушілердің көмегімен жүзеге асырған болатын», - деді Айсұлу,

Сондай-ақ, 2019 жылы президент Тоқаев Алматыға сапары барысында «Еріктілер лигасымен» кездесіп, олардың жұмысымен танысқан.


«Осы кездесуден кейін мені және маған дейін болған лиганың төрағаларын қабылдауға шақырып, онда атқарған жұмысысыз бен жас ұрпақтың тәрбиесіне септігімізді тигізіп жүргеніміз үшін «Алтын Барыс» төсбелгісімен марапаттады», - деп есіне алды.

Бұдан бөлек, Айсұлу Ерниязова 2019 жылдың 12 желтоқсанында мемлекеттік «Шапағат» медалімен марапатталған. Сонымен қатар өзі еріктілерді ынталандыру және тарту үшін спикер ретінде әртүрлі орындарға жиі шақыратынын тілге тиек етті. Мәселен, Қостанайда өткен Қазақстан-Ресей жастар форумында ол ресейлік әріптестерімен ұйымдастыру тәжірибесімен бөліскен.

Сонымен бірге, «Еріктілер лигасының» төрайымы карантин кезінде де бірқатар жұмыстар атқарылғанын атап өтті. Өзінің сөзінше, «Еріктілер лигасының» мүшелері қысылтаяң кезеңде «Жас Отанмен» және аймақтық еріктілер штабымен бірігіп, бүкіл ел бойынша пандемиямен күреске қосылып, мұқтаж жандарға дәрі-дәрмек пен азық-түлік таратқан.

«Карантин кезінде мен әкемнің жанында болу үшін Тараз қаласына келдім. Осында жүріп, Жамбыл облысының «Жас Отанымен» бірге біз қоймаға күнде барып, азық-түлікті жинақтап, жәшіктерге салып, оны орап мұқтаж отбасыларға жеткіздік. Мен бүкіл ел бойынша «Біргеміз» қамқоршылар кеңесінің құрамына қосылып, көмектің расымен де мұқтаж жандарға жеткеніне көз жеткізу үшін күніне 40 үйді аралайтынмын», - деді ол.

Бұдан бөлек ол Мақтарал ауданындағы оқиға кезінде де мұқтаж жандардың жанынан табылып, зардап шеккен тұрғындарға гуманитарлық көмек көрсетуге ат салысқан.

«Дара» қорының жоба менеджері Айнұр Аймурзина аталған ұйымда 2014 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Бұл қордың негізгі мақсаты – ерекше балалардың басқа балалардан айырмашылығы жоқ екенін көрсету. Осы орайда, ол қордағы балалардың жағдайын жасап бермейтінін, бірақ та өздеріне жағдайын жақсартуға мүмкіндік берілетінін атап өтті. Айнұрдың айтуынша, қор «Балық берме, қармақ бер» деген бабадан қалған нақыл сөзді ұстанады.


«Жалпы «Дара» қоры Алматыда 2005 жылы ашылды. Төрт жылдан кейін елордамызда филиалы ашылған болатын. Біздің қордың басты айырмашылығы - біз мұқтаж балаға, мысалы, дайын тамақты емес, оны өз қолымен алуды үйрену үшін қармақ береміз. Мен қорда 2014 жылдың маусым айынан бастап жұмыс істеймін. Мен бұған дейінгі жұмысымды да жақсы көрдім, бірақ маған ылғи бір нәрсе жетіспейтіндей сезінетінмін, яғни қоғамға қандай да бір пайдамды тигізгім келетін. Осылайша, мен астанаға қоныс аудардым, кейін аталмыш қорға жоба менеджері лауазымына шақырту алдым», - деді күліп.

Оның сөзінше, қазіргі таңда қордың жұмысы кеңейіп, еліміздің 6 облысында кеңселері жұмыс істейді. Сонымен қоса, биыл тағы да үш кеңсені ашу жоспарда бар екенін жеткізді.

«Біз қоғамның ерекше балаларға деген көзқарасын өзгерткіміз келеді. Қазіргі кезде біздің қор түзету кабинеттерін мектептерде ашып жатыр. Біз ғимаратты толығымен жөндейміз, жабдықтар сатып аламыз, балалар үшін кедергісіз ортаны қамтамасыз етеміз. Мәселен, пандустар орнатамыз, бөлмені балаларға ыңғайлы етіп безендіреміз. Мамандар балалармен жұмыс істеуге дайындалған. Сонымен қоса біздің қордың географиясы кеңейіп келеді, қазір мұндай кеңселер алты облыста жұмыс істейді, биыл тағы үшеуін ашуды жоспарлап отырмыз», - деді Айнұр Аймурзина.

Бұдан бөлек жоба менеджері ата-анасыз қалған балалар үшін де ұлкен жоба жүзеге асырылып келе жатқанын тілге тиек етті. Оның айтуынша, балаларға мотивация жетіспейді, оларды қолдайтын, қиындықтарды жеңуге көмектесетін адамның жоқтығы көңілдеріне қаяу ұялатады екен.

«Сондықтан осындай жобаны іске асыруды қолға алдық. Жобадағы тәлімгерлер бұған дейін оқып, тесттен өткен жандар. Тәлімгерімен бірге балалар үйінің тәрбиеленушілері өздері сене алатын адамы бар екенін түсінеді. Балалар үйінен шыққан балалар тәлімгерлермен қарым-қатынас жасай отырып, олар адамдармен араласып үйренеді, сонымен бірге өздеріне деген сенімдері қалыптасады. сәттілікке жете аламыз деп сеніп, әлеуметтене бастайды. Қазіргі уақытта бұл жоба «Бала отбасында өмір сүруі керек» қозғалысының қолдауымен Қазақстанның үш қаласында: Астана, Алматы, Қарағандыда жүзеге асырылуда», - деп аяқтады ол.

Біз де қыздардың табандылығы мен жақсылық жасауға деген құштарлығына тәнті болып, сәттілік тіледік.

Барлық жаңалықтар