• Басты
  • Ерекше театр: Жобаны жүзеге асыруға үш жыл уақыт кетті
23 Желтоқсан, 2019 11:05

Ерекше театр: Жобаны жүзеге асыруға үш жыл уақыт кетті

Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен "Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы" үздік әлеуметтік жобаларды жүзеге асыру үшін арнайы грант бөліп келеді. Биыл гранттық қаржыландыру аясында жалпы 3,4 млрд теңгеге ҮЕҰ 128 жоба іске асырылды. Аталмыш орталықтың грантын ұтып алған жобаның бірі - "Ерекше театр" жобасы. Бүгінде 50 ерекше қажеттілігі бар жас өнерпаздан құралған шығармашылық топ Қазақстанның 17 қаласына гастрольдік сапармен барып қайтты. 

Ерекше театр: Жобаны жүзеге асыруға үш жыл уақыт кетті

Ұлттық Дельфий комитетінің атқарушы директоры Дәулет Мырзакеновтің айтуынша, аталған театр жобасын жасауға үш жыл уақыт кеткен. 

"Ұлттық Дельфий комитетінің директоры Құралай Түсіпбекова 3 жыл бойы осы жобаны жүзеге асыруды армандап, ойластырған болатын. Кейін қаржылық жағынан қиынддықа тап болды. Алайда бір жыл бұрын осы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен "Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының" грантын жеңіп алып, Ұлттық Дельфий комитеті ұйымдастырды", - деді комитеттің атқарушы директоры.

Сонымен қатар айт кету керек бір жайт, бұл еліміздегі ерекше балаларға арналған тұңғыш театр. Бүгінде ол жерде 50 ерекше қажеттілігі бар бүлдіршін өнер көрсетуде. Оның айтуынша, жас әртістердің барлығы кәсіби мамандармен бірге жұмыс істеп, арнайы дайындықтан өткен. 

"Бұл ерекше балаларға арналған Қазақстандағы алғашқы театр болып саналады. Оның құрамындағы балалардың барлығының ерекше қажеттілігі бар. Мұнда 14 жастан 27 жасқа дейінгі балалар өнер көрсетеді. Екі труппа бар, оның бірі Петропавл қаласында, екіншісі елордада. Аталған екі театр құрамында жиырма бес-жиырма бестен елу ерекше бала бар. Бұл балалардың барлығы Ұлттық Дельфий комитетінің жеңімпаздары, финалистері. Олардың кейбірі біздің ұстаздардың шәкірттері. Сонымен қатар қазіргі жұмыс істеп жатқан тетарлардың актерлары, режиссерлары актерлық шеберлік сабақтарын өткізді, хореография жағынан кәсіби хореографтардан сабақ алды. Сондай-ақ вокалист мамандардың қатысумен шеберлік сағаттары болды.  Мұның бәрі сол екі-үш айдың көлемінде жүзеге асырылды", - деді Дәулет Мырзакенов. 

Сонымен бірге құрылғанына бірнеше ай болған ерекше балаларға арналған театр еліміздің түкпір-түпіріне гастрольдік сапармен шығып, ірі қалалар мен облыс орталықтарында өнер көрсеткен.

"Соңғы үш айда театр Қазақстанның 17 қаласына гастрольдік сапармен барды. Атап айтсам, елордада, Алматыа, Семейде, Павлодар облысында, Оңтүстік Қазақстанда, Батыс Қазақстанда, Маңғыстауда қойылымдар қойды. Одан кейін олар гастрольге шықты. Қазіргі таңда үш қойылым бар. Оның бірі - әлеуметтік драма, екіншісі - мюзикл, үшіншісі - пантомима жанрындағы (сөзсіз адам денесінің қимылымен, мимикамен көрсетілетін театр өнерінің бір жанры - ред.) қойылым", - деді ол.

Сондай-ақ Дәулет Мырзакенов жоғарыда аталған қойылымдарды Дариға Назарбаева тамашалап, жоғары баға бергендігін атап өтті. Сондай-ақ оның айтуынша, әзірге өздерінің жеке ғимараты жоқ, тек ел астанасындағы бірқатар театрмен келісіп, олардың бос уақытында дайындық жұмыстары жүргізіледі.

"Қазіргі таңда өзіміздің ғимаратымыз жоқ. Қаладағы бір-екі теетрмен келіскенбіз, олардың бос уақытында дайындық жұмыстарын жүргіземіз. Біз ақпаратты әлеуметтік желілер арқылы тараттық. Сондай-ақ осы жобаның басы-қасында жүрген жандардың барлығы таныстарын шақырып, олар таныстарына айтты. Сонымен қатар блогерлерге де өтініш айтқан болатынбыз.  Негізі бұған дейін атап өткен қойылымдар Дариға Нұрсұлтанқызының алдында қойылды, ол кісі жоғары баға бері. Сонымен қатар бұл театрдың жобасы президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевқа да таныстырылды", - деді.

Сонымен бірге Дәулет Мырзакеновтың айтуынша, келесі жылы театр жаңа қайылымдармен сахнаға қайта шықпақ.

Сондай-ақ аталмыш театрдың жас әртісі Мейрам Абраев өз сөзінде осындай мүмкіндік берген жандарға алғыс айтып, болашақта кәсіби әртіс болуды армандайтынын айтты.

"Осы ерекше театрда қойылған қойылымда басты рөлді сомададым. Жастар жылында осындай мүмкіндік берген мемлекетке әрі менің достарыма алғысым шексіз. Мен болашақта кәсіби әртіс болуды армандаймын. Және осы салада жұмыс істеуді одан әрі жалғастырғым келеді. Елордадағы ерекше театрда 25 әртіс және Петропавл қаласында 25 әртіс қызметтерін жалғастыруда.  "Азаматтық бастамаларды қолдау орталығына" рахмет", - деді жас өнерпаз.

Айта кетейік, бүгінгі күні театр құрамында әртүрлі дертке шалдыққан, атап айтсақ, дауна секілді аурумен ауыратын, құлағында мүкісі бар және сөйлей алмайтын 50 жас өнерпаз өнер көрсетеді. Болашақта мұндай театр еліміздің басқа да аймақтарында да ашылса деген тілегіміз бар.

Назерке Сүйіндік

Барлық жаңалықтар
3.216.79.60, 192.168.88.100