• Басты
  • Ерұлан Жамаубаев бюджет қаражатын толық игермеген мемлекеттік органдарды атады
9 Маусым, 2020 10:40

Ерұлан Жамаубаев бюджет қаражатын толық игермеген мемлекеттік органдарды атады

Бюджет қаражатын 5 мемлекеттік орган толық игермеген. Бұл туралы ҚР Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев ағымдағы жылғы 5 айдың қорытындысы бойынша мемлекеттік бюджеттің атқарылу көрсеткіштерін таныстыру барысында айтты, де хабарлады Strategy2050.kz тілшісі.

Ерұлан Жамаубаев бюджет қаражатын толық игермеген мемлекеттік органдарды атады
"Кірістер бойынша мемлекеттік бюджетке 3 трлн 420 млрд теңге сомаға кірістер түсті немесе жоспар 102,9 пайызға атқарылды. Республикалық бюджетке 2 трлн 111 млрд теңге кірістер түсті немесе жоспар 94,4 пайызға орындалды. Кірістер (трансферттерді есептемегенде) бойынша жоспар 125 млрд теңгеге орындалған жоқ", - деді министр.

Оның сөзінше, сыртқы факторлар аясында жоспардың орындалмауына төтенше жағдай кезеңінде бизнесті қолдау бойынша қабылданған шаралар әсер етуде.

"Салық түсімдерінің азаюы сәуір айынан басталып, ағымдағы жылдың мамыр айында жалғасты. "Электронды шот-фактуралар" ақпараттық жүйесі деректері бойынша кәсіпкерлік белсенділіктің ең көп төмендеуі көтерме және бөлшек саудаға тиесілі. 2019 жылғы мамырмен салыстырғанда 54 пайызға немесе 1,2 трлн теңгеге тауарларды өткізу бойынша айналымдар төмендеген Негізгі экспорттық позициялар бойынша бағалар 2019 жылдың 5 айымен салыстырғанда орта есеппен 16,4 пайызға және жыл басынан бері 13,2 пайызға төмендеді. Бұл тау-кен өндіру саласынан түскен салық түсімдеріне әсер етті. Төмендеу 361 млрд теңгені, төмендеу қарқыны 43,6 пайызды құрады", - деді Ерұлан Жамаубаев. 

Сонымен қоса оның айтуынша, өткен жылдың 5 айымен салыстырғанда республикалық бюджетке 1 796 ірі корпоративтік табыс салығы (КТС) төлеушілердің 47 пайызы аванстық төлемдерді төлеуді 35 пайызға немесе 119,5 млрд теңгеге төмендеткен.

"Іште өндірілетін тауарларға салынатын қосылған құн салығы (ҚҚС) бойынша жоспар 76 млрд. теңгеге орындалған жоқ. Негізгі себеп - өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда ҚҚС қайтару сомасының 1,8 есеге немесе 167 млрд теңгеге өсуі. Шикі мұнайға экспорттық кедендік баж бойынша жоспар (ЭКБ) 4 млрд. теңгеге орындалған жоқ. Бұл ағымдағы жылдың мамыр айында белгіленген "0" экспорттық кедендік баж ставкасымен байланысты, өйткені сәуірде мұнайдың орташа бағасы барреліне 25 АҚШ долларынан төмен болды", - деді министр.

Сонымен бірге министр жергілікті бюджеттердің өз кірістері 120,4 пайызға атқарылып, 1 трлн 309 млрд теңгені құрағанын атап өтті.

"Жоспар 222 млрд теңгеге асыра орындалды, оның ішінде   224 млрд теңге – салықтар есебінен.  Барлық өңірлерде кірістердің жоспары артығымен орындалды. Мемлекеттік бюджет шығыстары 97,9 пайызға, республикалық 98,9 пайызға, жергілікті бюджеттер 97,2 пайызға атқарылды.  Республикалық бюджеттің шығыстары есепті кезеңде 5 трлн 620 млрд теңгені құрады. Бюджет қаражаты 61 млрд теңгеге атқарылмады, оның 15 млрд теңгесі үнемдеу болды", - деді ол.

Оның сөзінше, игерілмеу сомасы 46 млрд теңгені құраған.

"Игерілмеудің ең ірі сомалары келесі орталық мемлекеттік органдарда қалыптасты: Ұлттық экономика министрлігі – 7,3 млрд теңге, Ішкі істер министрлігі – 6,4 млрд теңге, Денсаулық сақтау министрлігі – 4,8 млрд теңге, Жоғарғы Сот – 4,5 млрд теңге, Қорғаныс министрлігі – 4,2 млрд теңге. Игерілмеудің негізгі себептері - конкурстық рәсімдерді ұзақ және уақтылы өткізбеу, нақты көрсетілген қызметтер, атқарылған жұмыстар көлеміне төлеу,  шарттарды жасасу рәсімдерін ұзақ жүргізу, төлем бойынша құжаттарды ұзақ мерзімді келісу", - деді министр.

Ерұлан Жамаубаевтың айтуынша, жергілікті бюджеттердің шығыстары 2 трлн. 606 млрд теңгені құраған.

"75 млрд теңге орындалмады. Ағымдағы жылы өңірлерге 2 трлн 317 млрд. теңге нысаналы трансферттер қарастырылған. Алдын ала деректер бойынша оларға 671 млрд теңге бөлінді.  Оның 96 пайызы немесе 643 млрд теңгесі игерілді. Орындалмау сомасы 28 млрд теңгені құрады. Оның 8 млрд теңгесі бюджет қаражатын үнемдеу болса, ал 20 млрд теңгесі игерілмеді", - деді ол.

Сонымен бірге ол қаражатты игермеген өңірлерге тоқталып өтті.

"Ең көп игерілмеген қаражат келесі өңірлерде қалыптасты: Алматы қ. – 3,4 млрд. теңге, Батыс Қазақстан – 2,7 млрд. теңге, Павлодар – 2,6 млрд. теңге, Қызылорда – 2,4 млрд. теңге, Қарағанды – 2 млрд. теңге, Маңғыстау – 1,6 млрд. теңге, Ақмола және Түркістан облыстарында – 0,9 млрд. теңгеден, Нұр-сұлтан қ.  және Алматы облысында – 0,8 млрд. теңгеден", - деді министр.

Министрдің сөзіне сүйенсек, өткен 5 айда камералдық бақылаумен жалпы сомасы 6,5 трлн теңгеге  952 мың мемлекеттік сатып алу процедуралары қамтылған. 

"Тексеру қорытындысы бойынша 535 млрд теңгеге бұзушылықтардың алды алынды. 746 аудиторлық іс-шаралар жүргізілді. Аудитпен бюджет қаражатының 494 млрд. теңгесі қамтылды. Нәтижесінде 101 млрд теңгеге қаржылық бұзушылықтар анықталды. Тауарларды жеткізуді, қызметтерді көрсетуді және жұмыстарды орындауды қалпына келтіру, бюджетке өтеу және есеп бойынша көрсету жолымен бұзушылықтардың 94 млрд теңгесі жойылды. Жүргізілген аудиторлық шаралардың нәтижелері бойынша аудит объектілерінің қызметтерін жетілдіруге 675 ұсыныс берілді. Олардың 548-і орындалды", - деді министр. 

Бұдан бөлек оның сөзінше, 2016-2020 жылдардағы кешенді жекешелендіру жоспарының іске асырылуы 93 пайызды құраған.

"2020 жылға 70 объектіні сату жоспарланған. Оның 40-ы сатылуға қойылды. Есепті кезеңде 6 объект 3,2 млрд. теңгеге сатылды. 34 объекті сауда-саттыққа шығарылды. 4 объект қайта ұйымдастыру және таратуға жіберілді. 26 объект жылдың аяғына дейін сатылуға шығарылады", - деп түйіндеді министр.
Барлық жаңалықтар