• Басты
  • Эпиджағдай: КВИ жұқтырғандар саны 1,4 есе артқан

Эпиджағдай: КВИ жұқтырғандар саны 1,4 есе артқан

2 Тамыз, 2021 15:05

Бүгін Алматы қаласы Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында Алматы қаласы санитариялық-эпидемиологиялық бақылау Департаменті басшысының орынбасары Әсел Қалықова өткен аптада алдыңғы аптамен салыстырғанда КВИ жұқтырғандардың саны 1,4 есе өскенін жеткізді. Сонымен қоса, тәуліктік өсім 1,5% артқан. Жиында Алматы қаласы кәсіпкерлер палатасының директоры Айтуар Қошмамбетов «Ashyq» жобасының оң жұмысының аралық қорытындылары және жоба жаңалықтарымен бөлісті. Толығырақ Strategy2050.kz тілшісінің материалында.

Індет жұқтырғандар саны өскен

Алматы қаласы санитариялық-эпидемиологиялық бақылау Департаменті басшысының орынбасары Әсел Қалықова соңғы аптада эпидемиологиялық жағдай нашарлап жатырғанын айтып өтті. Оның дерегінше, өткен аптада алдыңғы аптамен салыстырғанда КВИ жұқтырғандардың саны 1,4 есе өскен. Нақтырақ айтар болсақ, 5790-нан 8393 жағдайға дейін көбейгенін, тәуліктік өсім 1,5% артқан.

Қаланың қоғамдық денсаулық басқармасының мәліметінше, 1 тамызда коронавирус инфекциясын жұқтырудың 1540 жағдайы тіркелген, оның 1404-і - симптоммен, 136-сы – симптомсыз екен. 1 тамыз күнгі дерек бойынша, бір күнде 1500 адамнан вирус анықталған. Шілде айында 25 544 жағдай тіркелген, ал жыл басынан бері 83 310 адамнан коронавирус анықталған.

«198 адам сауығып шықты, 439 адам ауруханаға түсті. Инфекциялық стационарларда 7 045 орын 4 930 адам 240 бала жатыр. Реанимация және интенсивті терапия бөлімінде жатқан сырқаттар саны – 310», - деді ол.

Оның дерегінше, ӨЖЖ аппаратына - 42, «High flow» аппаратына - 111 науқас қосылған. Бүгінгі күнде үйде алғашқы медициналық-санитарлық көмек және телемедицина орталығының мобильді бригадаларының бақылауында 10 070 пациент емделуде.

Сонымен қатар, 1 ақпан мен 1 тамыз аралығында бірінші компонентпен 725 575 адам вакциналанған. Өткен тәулікте 4 971 вакциналанған. 60 жастан асқан екпе алғандардың жалпы саны 99 587 адам. Қалада медициналық мекемелерде, мектептерде, мәдениет, спорт нысандарында, базарларда және СОСО-да 158 вакцинация пункті жұмыс істейді. 1 038 адамнан тұратын 234 егу бригадасы жұмылдырылған.

«Жастар арасында дерттің асқын және аурудың ауыр түрі тіркелуде. Бұл вирустың жаңа, жұқпалы штамдарына байланысты инфекция тез таралады және жиі ауыр асқынуларға әкеледі. Оның таралуын тоқтатудың, тұрғындардың денсаулығы мен өмірін сақтап қалудың жалғыз жолы коронавирусқа қарсы вакцина», - деді Қалықова.

Алматы коронавирус бойынша «қою қызыл» аймаққа өтті

Әсел Қалықова Алматы қаласы не үшін «қою қызыл» аймаққа өткенін түсіндіріп берді. Оның айтуынша, тәулік сайын тұрғындар арасында коронавирус инфекциясын жұқтырудың 1200-1500-ден астам жағдайы тіркелуде. Осы тұста, қара қызыл аймақты анықтау үшін қандай критерийлерлер қарастырылатынын жеткізді.

«Бас мемлекеттік санитарлық дәрігердің қаулысына сәйкес жалғыз критерий белгіленді. Ол – инфекциялық стационарлардағы, атап айтқанда КВИ жұқтырған науқастарды емдеуге арналған стационарлардағы төсек-орынның толуы», - деді Әсел Қалықова.

Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, ауруханалардағы толып қалған орындардың үлесі 65,6% құрайтынын атап өтті.

«Барлығы 7 625 орын бөлінді, оның ішінде 7 045 орын толып қалған», - деді ол.

Оның сөзінше, соңғы аптада жұқтыру жағдайы туыстармен және көршілерімен қарым – қатынас кезінде орын алған. Сондай-ақ жұмыс орнында жұқыру деңгейі 0,2%-дан -0,4% - ға артқан.

Сонымен қатар, «Ashyq» жобасына қатысушы объектілерге барған жұқтырушылардың үлес салмағы 2,1% - дан 106 адамнан 6,3% - ға 186 адамға дейін ұлғайған.

«Ashyq» жобасы

Жиынға қатысқан Алматы қаласы кәсіпкерлер палатасының директоры Айтуар Қошмамбетов «Ashyq» жобасының оң жұмысының аралық қорытындылары және жоба жаңалықтарымен бөлісті.

Оның айтуынша, жобаға Алматыда жұмыс істейтін жеке кәсіпкерлер мен заңды тұлғалар, соның ішінде қонақ үй мен қоғамдық тамақтандыру қызметтерін ұсыну саласында 6599 кәсіпкерлік субъектілері тіркелген. Олардың 37,4% -ы «Ashyq» жобасына қатысады.

Ал бүкіл Қазақстан бойынша «Ashyq» -та 68 370 кәсіпкерлік субъектілері тіркелген. Егер 4 маусымдағы дерек бойынша, Алматы қаласында тек 1700 қатысушы болса, бүгінде олардың саны 6419-ға жеткен.

Жобаға қатысушылардың ең көп саны:

• қоғамдық тамақтану объектілері - 2242

• базарлар (ішкі және сыртқы), сауда және ойын -сауық орталықтары, сауда үйлері, сауда желілері (азық -түлік емес) - 1117

• сұлулық орталықтары мен салондары, шаштараздар, маникюр мен педикюр қызметтері, косметикалық және косметологиялық қызметтер - 835

• балалар сауықтыру орталықтары- 491

• фитнес -клубтар, оның ішінде йога орталықтары, спорт кешендері, сауықтыру және фитнес орталықтары - 426

Сондай-ақ, ерікті қатысушылар саны артқан. Оның ішінде 8 759 нысан жобаға қатысуда.

«Ashyq жобасының ерікті қатысушыларына қатысты жеңілдіктер мен преференциялар қолданылмайтынын атап өткім келеді. Ерікті қатысушыларға кез келген субъектілер жатқызылуы мүмкін», - деді ол.

Ashyq» жобасы бойынша көшбасшылар

Оның сөзінше, маусым айынан бастап Алматы қаласы бойынша 452–ден астам жоба көшбасшысы анықталған.

"ASHYQ"жобасының көшбасшыларының тізімдері:

1. Қоғамдық тамақтану объектілері

2. Мәдениет объектілері

3. Білім беру объектілері

4. Фитнес, спорт кешендері қызметтерін көрсету объектілері

Сондай-ақ, «Ashyq» жобасына қатысушы мониторингтік топ анықтаған қолданыстағы жұмыс алгоритмін бұзған жағдайда, сондай - ақ аталған негіздер бойынша егер бұрын қатысушы алдын ала ескерту алса, қазіргі таңда жобаға қатысушы алдымен жобадан 1 апта мерзімге, қайталап бұзған жағдайда - 2 апта мерзімге, үшінші бұзған жағдайда-1 ай мерзімге жобадан шығарылады екен.

«Ashyq жобасын ұйымдастыруға және пайдалануға қойылатын талаптарды бұзу фактілері бойынша жобаға қатысушыларға және шектеу немесе карантин шараларын бұзуға жол берген адамдарға қатысты әкімшілік ықпал ету шаралары қабылданатынын еске салғым келеді», - деді Айтуар Қошмамбетов.

Оның айтуынша, мектепке дейінгі ұйымдар мен дәріханаларды жобаға толыққанды қатысушы ретінде енгізу мәселесі қаралып жатыр. Мектепке дейінгі ұйымдарға келетін болсақ, балалардың ата-аналары QR кодты сканерлеу арқылы өткізіледі. Сонымен қатар, қазіргі таңда Алматы қаласының 40 дәріханасы жобаға ерікті ретінде қатысуда.

«Дәріханалар да қауіп төндіреді, себебі олар инфекцияның ошағы болуы мүмкін. Дәріханаларды күніне бірнеше жүз келуші келеді, мүмкін олардың арасында коронивирус белгілері бар адамдар да болуы мүмкін», - деді Кәсіпкерлер палатасының директоры.

Барлық жаңалықтар