• Басты
  • Эпидемиолог: Жамбыл облысында вакцина алғандардың саны күн сайын артуда

Эпидемиолог: Жамбыл облысында вакцина алғандардың саны күн сайын артуда

15 Шілде, 2021 14:00

Бүгінде еліміздің барлық аймағында вакциналау науқаны жүріп жатыр. Денсаулық сақтау министрлігінің дерегінше, 15 шілдедегі мәлімет бойынша 4  705 675 адам толықтай вакцина алған. Осы орайда, Қазақстанның аймақтарында вакцина егу қалай жүріп жатқаны туралы білу үшін Жамбыл облысы Денсаулық сақтау басқармасының штаттан тыс бас эпидемиолог маманы Гүлфайра Мырзабековаға хабарластық. Ол өңірдегі вакциналау науқаны туралы Strategy2050.kz тілшісіне айтып берді.

- Гүлфайра Мырзабекова, бүгінге дейін Жамбыл облысында қанша тұрғын вакцина салдырды?

Жамбыл облысы бойынша коронавирусқа қарсы екпе жұмысы 1 ақпаннан басталды. Қазіргі таңда 582 мың екпеге жоспарланған адамдар арасынан 43%-ы, яғни 251 мың 277 адам бірінші компонентін алды. 21 күннен кейін 22,9%-ы яғни 133066 адам вакцинаның 2 компонентімен егілді. Бүгінгі күнгі дерек бойынша бір тәулікте ковидке қарсы 7662 адам екпе алды. Енді жалпы 18 жастан жоғарғы тұрғындарға 251 мың адамды егу жоспарлануда.

- Өңір тұрғындарының көпшілігі қай вацинаны тұтынуда, қайсына сұраныс жоғары?

- Жалпы Қазақстан бойынша 4 вакцина қолжетімді. Ресейлік «Спутник V» екпесі, QazVac отандық өнімі , қытайлық CoronaVac вакцинасы және араб-қытай елдері өндірген Hayat-Vax вакцинасы. Қазіргі таңда осы төрт вакцинамен екпе жұмысы жасалып жатыр. Қазіргі таңда CoronaVac, Hayat-Vax бірінші компонент вакциналары бітуге таяу. Өйткені CoronaVac және Hayat-Vax вакциналары бір-ақ рет сатып алынған. Ал QazVac отандық вакцинасы мен «Спутник V» вакцинасы толық көлемде бар. Ал екінші компоненттеріне келетін болсақ, барлығы жеткілікті көлемде.

- Вакцина алғандардың арасында жанама әсері болғандар болды ма?

- Вакцина алған өңір тұрғындарының арасында кері әсер алған адамдар тіркелмеді.

- Өзіңіз екпе салдырдыңыз ба, қандай әсері болды?

- Өзім алғашқылардың бірі болып вакцина алдым. Алғашқы компонентін 1 ақпан күні ресейлік «Спутник V» екпесін алдым. 21 күннен кейін екінші компонентін қабылдадым. Бірінші компонентін алғаннан кейін екпе салған орны кішкене ауырды. Ал екіншісінен кейін ондай әсерін байқамадым.

- Қанша егу пункті жұмыс істейді?

- Жамбыл облысы бойынша 20 емхана және коронавирусқа қарсы 5 медициналық орталық екпе салу жұмысымен айналысып жатыр. Оның ішінде 43 екпе кабинеттері ашылған. 10 жылжымалы екпе пунктері және 31 жылжымалы екпе бригадалары бар. Бүгінгі күнде 32 мыңдай 1 компонентті, 77 мыңдай екінші вакцина қолжетімді. Яғни, толық көлемде вакцина жеткілікті.

- Вакцинаны сақтауға барлық жағдай жасалған ба?

- Спутник вакцинасы тасымалдау және сақтау жұмыстары басқа вакциналарға қарағанда ерекше. Ол -18 градуста сақталады. Сол үшін емханалар мен коронавирусқа қарсы медициналық орталықтар жылжымалы тоңазытқышпен қамтамасыз етілген.

- Вакцинаны азаматтар өздері келіп алып жатыр ма?

- Алғаш вакцина келген кезде медицина қызметкерлеріне халыққа бұл екпенің маңыздылығын түсіндіру қиынға соққаны рас. Алайда, түсіндіру жұмыстары нәтижелі деңгейде жүруіне байланысты қазір сұраныс өте жоғары. Сондай-ақ, денсаулық сақтау министрлігінің қаулысына сәйкес барлық жұмысшылар вакцинаның екі компонентін алуға міндетті. Сонымен қатар, үнді штампының елімізге келуінің әсерінен болу керек көп азаматтарымыз екпе алып жатыр. Яғни, вакцина алам деушілердің саны күн сайын көбеюде. Отандастарымды көпшілік жерге бармауға шақырамын. Сонымен қатар, қазіргі вирустан құтылудың жалғыз жолы ретінде осы вакцинаны қабылдауға маман ретінде кеңес беремін.

Барлық жаңалықтар