Эпидемиолог:Ревакцинацияға азаматтардың қызығушылығы жоғары

12 Қараша, 2021 16:50

Мемлекет басшысы алғашқы егуден кейін мерзімі жеткен адамдар үшін халықты коронавирустық инфекцияға қарсы ревакцинациялауды тапсырды. ДСМ мәліметінше, елімізде 22 қарашада ревакцинация басталады. Осы орайда, елордадағы № 2 қалалық көпбейінді ауруханасының инфекциялық бақылау бөлімінің эпидемиолог-дәрігері Алтынай Елтаева ревакцинациялау туралы негізгі сұрақтарға жауап берді.

Коронавирусқа қарсы ревакцинация туралы халық нені білуі керек деп ойлайсыз?

Коронавиурспен күресте вакцинаның рөлі зор. Жалпы осы уақытқа дейін эпидемиямен күресіп жүрген дәрігер ретінде вакцина алған азаматтарда коронавирус жеңіл өткенін көзбен көрдім. Оны халықта түсінді деп ойлаймын. Сондықтан, вакцинаның алғашқы екі дозасын алғанымыз сияқты, қайта вакцинациялауға да қоғам жұмыла кіріскені жөн. Бірақ қазіргі ақпараттың дамыған заманында, халық өз денсаулығына бей-жай қарамайды. Азаматтардың қызығушылығы жоғары. Енді 22 қарашадан бастап қайта вакцинациялауға кірісетін боламыз.

Ревакцинацияның жанама әсері бар ма және оның қорғау деңгейі қанша уақытқа жетеді?

Алдынғы вацина алған кездегідей қалыпты реакция болуы мүмкін. Көп адамдардың тек қолы ауырған. Өзімде де дәл солай болды. Ал дене қызуы көтеріліп, әлісіреп, үш күндей өзін жайсыз сезінгендердің көбі жастар. Бұл иммунитет, керісінше, жұмыс істеп тұрғанының, сырттан келген нәрсені сезіп, жауап қайтарып тұрғанының белгісі. Сондықтан осы бір уақытша ағза жауабынан қорқып, екпеден бас тартудың қажеті жоқ. Әрине, әлсіреу сезімі үш күннен ұзақ, дене қызуы аса жоғары болған жағдайда дәрігерге дереу жүгінген жөн. Мұны коронавирустың күші, қарқыны қалай боларын сәл бақылап барып айтқан жөн шығар. Әлемдік ғалымдардың бірі жүйелі түрде алты ай сайын вакцина салу керек десе, енді бірі “иммунологиялық сал” болып қалу қаупі барын айтып, тоғыз ай немесе бір жыл болуы керек дегенді айтып жүр.

Ревакцинация туралы шешім қабылдағанға дейін ағзадағы антиденелер деңгейі маңызды ма? Оны тексерту қажет пе?

Қаулыға сәйкес, антидене анықталмайды делінген. Бірақ ревакцинаға қатысты мәлімдемеде қайта екпені бірінші кезеңде салдыратын қауіпті топтағы азаматтар тізіміне антиденесі теріс тесті бар адамдар да қосылған. Егер антиденеге тест тапсырып, оның жоқ екені анықталса, сол анықтаманы көрсетіп, бірінші кезеңде қайта екпе салдыруға болады.

Ревакцинация үшін қай вакцинаны таңдаған дұрыс? Мәселен, бұған дейін Спутникпен егілген адам QazVac немесе Hayat-Vax алуына бола ма? Әлде тек Спутникпен егілуі қажет пе?

- Менің ойымша тоғыз ай күтіп жүргеннен гөрі алты айда антиденемді толық қалыптастырып алу маңызды деп ойлаймын. Халықтың өз қалауы қайсысын аламын десе де өзі шешеді. Қазіргі таңда вакциналардың екі түрі ұсынылып отыр. Олар векторлық және инактивтендірілген. Көбі салдырған Спутник V – векторлық вакцина, ал қалғандарының барлығы инактивтендірілген. Векторлық вакцина салдырған адамдарға тоғыз айдан кейін белсенді емес вакциналар - Vero Cell немесе QazVac салуға кеңес береміз. Ал кез келген инактивацияланған вакцинаны алғандар алты айдан кейін Спутник V векторлық вакцинасын салдыруына болады.

Ревакциянация кезінде екі дозамен егіле ме? Әлде тек бір дозамен бе? Неліктен?

Жоқ, ревакцинация кезінде тек бір доза салынады. Бұл вакцина алдыңғы екі вакцинаны қолдайтын вакцина болып саналады. ДСМ мәліметінше, кейін вакцинация паспортында үшінші доза салынғаны туралы мәлімет шығады.

Вакцинаның толық курсынан өткен адам үшін QR-коды бар вакцинация куәлігі тағайындалады. Ал ревакцинациядан кейін бұл құжат жойылады ма немесе қандай да бір өзгеріске ұшырай ма?

Халықты көп мазалайтын дәл осы сұрақ. “Ревакцинациялауға бармасам, Ashyq-тағы жасыл түс қайта көкке ауыса ма?” дегенді өте жиі ести бастадық. Әрине, жоқ. Сіздер міндетті вакцинаның екі дозасын алғандықтан, жасыл статустарыңыз қала береді және ревакцинация құжаты ашыққа әсер етпейді. Біздің министрліктен алған ақпаратқа сәйкес, жағдай әзірге осылай болуы керек.

Барлық жаңалықтар