• Басты
  • Энергетика министрлігінің алқа жиыны: Мұнай саудасы, уран өндірісі, электр энергиясының өнімділігі

Энергетика министрлігінің алқа жиыны: Мұнай саудасы, уран өндірісі, электр энергиясының өнімділігі

5 Наурыз, 2021 14:08

Бүгін ҚР Энергетика министрлігінің кеңейтілген алқа отырысы өтті. Жиында энергетика министрі Нұрлан Ноғаев осы жылы салада орын алатын өзгерістер мен атқарылатын жұмыстарға тоқталды. Қашаған кен орындары, Семей ядролық полигонына қатысты Заң құжаттар, мұнай саудасы туралы толығырақ Strategy2050.kz тілшісінің материалынан оқыңыз.


Министр хабарлағандай қазіргі уақытта Қашаған кен орындарына қатысты тұжырымдама дайындалып, «Семей ядролық қауіпсіздік аймағы туралы» заң қабылданатынын айтты.

Нұрлан Ноғаевтың айтуынша, Қашаған кен орнының операторымен бірлесіп, толық көлемде игеру тұжырымдамасын әзірлеуге дайындық жүргізіліп жатыр.

 «Біз Оператормен бірлесіп, осы жылдың соңына қарай одан әрі кеңейту тұжырымдамасын пысықтауымыз керек. Бүгінгі таңда тәжірибелік-өнеркәсіптік игеру кезеңінің барлық нысаны пайдалануға берілді, олардың өндірістік қуаты тәулігіне 400 мың баррельді құрайды», - деді ол.

Ноғаев басқаратын ведомство 2020 жылғы мамыр айынан бастап енгізген шектеулерге байланысты орташа тәуліктік өндіру 280 мың баррель деңгейіне ғана жеткен. Сонымен қатар ол Қашаған кен орнының шикізаты негізінде құны 860 млн АҚШ доллары, қуаты 1,1 млрд.м3 шикі газ шығаратын газ өңдеу зауытының құрылысын бастау жоспарланғанына назар аударды.

Егер жоба іске асса, нәтиже 800 млн.м3 тауарлық газ өндіріледі деп күтілуде, сондай-ақ, жаңа жұмыс орындары құрылады (құрылыс кезінде – 2800 адам, пайдалану кезеңінде – 600 адам). Ең басты нәтиже –мұнай өндіру көлемін                                     10 млн.тоннаға дейін ұлғайту.

Бұдан басқа, Теңіз кен орнында құны 45,2 млрд. АҚШ долларын құрайтын келешекте кеңейту жобасы іске асырылуда. Жобаны 2023 жылға дейін аяқталуы тиіс. Жоба арқылы жылына 12 млн.тоннаға дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді. Жобадағы қазақстанды қамту көлемі 36%.

«Қазір жұмыстар кестеге сәйкес жүргізіліп жатыр, жоба бойынша жұмыстардың жалпы прогресі 81%. 2021 жылы жұмыстар прогресінің күтілетін деңгейі 90%-ды құрайтын болады», - деп атап өтті министр.

Қарашығанақ жобасына қатысты газ бойынша өндірістік шектеулерді алып тастау және газды кері айдаудың 4-ші компрессоры жобасы сияқты инвестициялық жобалар белсенді іске асырылуда. Аталған жобаларды іске қосу Өнімді бөлу туралы келісім (ӨБТК) мерзімінің соңына дейін қосымша 18,5 млн.тонна сұйық көмірсутегін өндіруге мүмкіндік береді, жиынтық инвестиция сомасы $1 млрд 678 млн.

Сонымен қатар, 2020 жылғы желтоқсан айында Қарашығанақ кен орнын кеңейту-1-кезең (ҚКЖ-1) ірі инвестициялық жобасын іске асыру бойынша Түпкілікті инвестициялық шешім қабылданды. Бұл газды кері айдаудың 5-ші компрессорын іске қосуды ескере отырып, сұйық көмірсутегін өндіруді жылына 10-11 млн. тонна деңгейінде ұстауға бағытталады.

Жобаның бюджеті 970 млн.АҚШ доллары. Аяқталу мерзімі -2025 жыл.

 «Семей ядролық қауіпсіздік аймағы туралы» жаңа Заң

Биыл Семей сынақ полигонының жабылғанына – 30 жыл! Осыған орай, Нұрлан Ноғаев полигонның ластанған жерлерде ядролық және радиациялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін «Семей ядролық қауіпсіздік аймағы туралы» заң қабылдайтынын айтты. Мұнымен қоса, ведомство басшысы осы жылы жалпы ауданы 18 311 шаршы км құрайтын бұрынғы Семей сынақ полигонының аумағында кешенді экологиялық тексеру жұмыстары аяқталатынын да айтты. Тексеру қорытындылары бойынша бұрынғы сынақ аумағының радиоэкологиялық жағдайы айқындалатын болады.

Қазақстан әлемдік уран өндірісінің 42% - ын өндіреді. Демек, әлемдік табиғи уран нарығында көш бастап тұр. 2020 жылы уран өндіру көлемі 19587,0 тоннаны құрады, 2021 жылға арналған уран өндіру жоспары 22 500-22 800 тоннаны құрайды.

Министр өз сөзінде жаңартылатын энергия көздері мәселесіне де тоқталып, 2020 жылы елдің жалпы энергия теңгеріміндегі ЖЭК үлесі 3% - ды құрағанын еске салды. Жалпы, ЖЭК нысандары 3,24 млрд кВтсағ өндірді.

Жалпы, 2015 жылдан бастап ЖЭК нысандарының жалпы қуаты 7 есеге жуық – 240 МВт-тан 1684,7 МВт-қа дейін өсті. Бүгінгі таңда елімізде жиынтық қуаты 1684,7 МВт болатын 116 нысан жұмыс істейді, оның ішінде жел электр станциялары (486,3 МВт), күн электр станциялары (961,6 МВт), гидроэлектр станциялары (229,04 МВт) және биоэлектр станциялары (7,82 МВт) бар.

2021 жылы жалпы қуаты 381,1 МВт болатын 23 жобаны іске асырып, шамамен $370 млн.инвестиция тарту жоспарлануда.

Биылғы жылы Қазақстан жаңартылатын энергия өндірісін 9,4% -ға 3,5 млрд кВт.сағ дейін ұлғайтуға ниетті.

Тауар биржалары арқылы мұнай саудасы

Осы жылдан бастап Қазақстанда бензин мен битумды тауар биржалары арқылы өткізу жоспарланды.

«Президент Жолдауында мұнай өнімдері мен электр энергиясы саласында биржалық сауданы ретке келтіру және жетілдіру, сондай-ақ бәсекелес саясатты дамыту бойынша тапсырма берілген болатын. Мысалы, биылғы наурыз айынан бастап бензин мен битумды тауар биржалары арқылы өткізу жоспарланып отыр, бұл ретте бензинді өткізу көлемі Министрлік бекітетін ай сайынғы жеткізу жоспарларына сәйкес анықталатын болады», - деді Ноғаев.

Дизель отыны мен керосинді тауар биржалары арқылы өткізуді 2021 жылдың 3-тоқсанында бастау жоспарлануда.

2021 жылдың соңына қарай сұйытылған мұнай газын электрондық сауда алаңдары арқылы өткізуге толық көшу жүзеге асырылады.

«Бұл осы саланың ашықтығы мен бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз етеді. Сонымен қатар, бизнес үшін әкімшілік кедергілерді азайту мақсатында газ желісі ұйымдарын аккредиттеу институты жойылады», - деді ол.

Жаңа мұнай-химия зауыттары

Қазақстанның Энергетика министрлігі биыл іске асырылатын мұнайгаз-химия өндірістерін жеделдету және әлеуетті инвесторлар үшін тартымды жағдайлар жасау бойынша міндетті шешуге арналған жоба әзірлеуде. Министрдің айтуынша, мұнайгаз-химия жобасын іске асыру кезінде оның қажеттіліктерін ескере отырып, ел Үкіметі мен инвестор арасында жеке келісім әзірлеу мәселесі пысықталып жатыр.

«Жоба проблемалық мәселелерді, оның ішінде, мұнайгаз-химия жобаларын шикізатпен қамтамасыз ету, мұнайгаз-химия кластерін құру, қайта өңдеуді дамыту мәселелерін шешуге баса назар аудара отырып, саланы нақты дамытуға мүмкіндік береді», - деді басшы.

Бұл шаралар жоспарлы түрде жүзеге асса, 2025 жылға қарай 5 зауыттың құрылысы аяқталадыде. Атырау облысындағы үш зауыт: қуаты жылына 500 мың тонна полипропилен өндіретін зауыт; техникалық газдар: қуаты 57 млн.текше метр азот және 34 млн. текше метр құрғақ сығылған ауа өндіру бойынша; қуаты жылына 430 мың тонна полиэтелентерефталат өндіру бойынша үш зауыттың құрылысын аяқтауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ Шымкентте қуаты жылына 81 мың тонна полипропилен және Шымкент мұнай өңдеу зауытының шикізаты базасында қуаты жылына 57 мың тонна бензинге арналған октан арттырғыш қоспаларды өндіретін жаңа зауыттың құрылысы аяқталады. Оралда қуаты 182 мың тонна метанол (82 мың тонна) және гликоль (100 мың тонна) өндіретін зауыт салынатын болады.

Министр бұдан өндіріс көлемі 9 есе артып, 2 млн. тонна мұнайгаз- химия өнімін алуды көздейді. Сонымен қатар ел экономикасына инвестициялар көлемі шамамен $3,9 млрд. құрайтын нәтиже күтеді .

Қазақстан электр энергиясына қажеттілікті толық өтейді

 Бүгінгі алқа отырысында министр 2020 жылы 108 млрд. кВтсағ электр энергиясын өндірілгенін айтты. Бұл көрсеткіш Қазақстанның электр энергиясына деген қажеттілігін толығымен қамтамасыз ететінін көрсетеді.

Ноғаевтың айтуынша, қуат нарығы шеңберінде электр энергиясын өндіру секторына тартылған инвестициялар көлемі өткен жылы 82 млрд. теңгеден асты.

 Республикалық бюджет есебінен 2020 жылы 31,4 млрд.теңге сомасына 24 жоба іске асырылды, оның ішінде 6 жоба аяқталды (сомасы – 3,6 млрд. теңге).

 6 жобаны іске асыру шамамен 120 мың адамды сенімді және үздіксіз электрмен жабдықтауға; 18,1 мың адамды және 10 әлеуметтік нысанды жылумен қамтамасыз етуге мүмкіндік берді. Бюджетке түскен салық кірістері 5 млрд. теңгеден астам соманы құрады, - деп айтты Ноғаев.

Құрылыс кезінде 902 жұмыс орны, соның ішінде тұрақты – 184 жұмыс орны құрылды.

2021 жылы 109 млрд. кВт.сағ электр энергиясын өндіру жоспарланған. Сонымен қатар, ведомство маневрлік қуаттар құрылысын ынталандыру және гидроэнергетиканы дамыту жоспарын іске асыру жұмысын жалғастыратын болады.


Барлық жаңалықтар