• Басты
  • Заңнамадағы жаңа түзетулер: Студенттерге мемлекеттік үлгідегі диплом берілмейді

Заңнамадағы жаңа түзетулер: Студенттерге мемлекеттік үлгідегі диплом берілмейді

14 Қаңтар, 2021 15:35

Бүгін ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов Білім беру мәселелері жөніндегі заңнамаға енгізілген жаңа түзетулер туралы айтты деп хабарлады Strategy2050.kz тілшісі.



Оның айтуынша жаңа түзетулер жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім деңгейін қамтыды.

Аймағамбетов алғашқы түзетуді жоғары оқу орындарында оқу жетістіктерін сырттай бағалау процедурасының жүргізілмейтінімен сәйкестендірді.

«Жоғары оқу орындарына академиялық еркіндік берілген. Әр ЖОО оқу бағдарламаларын өз бетінше әзірлейді. Сондықтан мұндай бағалау түрін жүргізудің қажеті жоқ», - деп жазды министр.

Екінші түзету білім алғанын растайтын өзіндік үлгідегі құжаттардың мазмұнына, оларды есепке алу және беру тәртібіне қойылатын талаптар да заң негізінде жүзеге асатын болады

«2021 жылдан бастап әрбір жоғары оқу орны білім алған азаматтарға жеке үлгісі бойынша диплом беретін болады. Яғни, енді әр жоғары оқу орнында берілетін дипломдардың барлығы біркелкі болмайды. Әр оқу орны жеке брендке айналып, студенттер оқу орындарын білім беру сапасына қарай таңдайтын болады. Бұдан былай мемлекеттік үлгідегі дипломдар берілмейді», - деп түсіндірді ол.

Бұл шара заңсыз немесе жалған құжат айналымына жол бермеу мақсатында пайдаланылады..

Мәселен, білім берілгенін растайтын құжатты есепке алу және сериялық нөмірлері бойынша бір жүйеге келтіру үшін дипломдардың мазмұнына қатысты бірыңғай минималды талаптар қарастырылған.

БҒМ-нің ақпараттық жүйесінде берілген дипломдардың депозитариі, реквизиттері болады, сондай-ақ Болон процесінің талаптарына сай Diploma Supllement беру қарастырылады.

Аймағамбетов студенттерге арналған жеңілдікті атады.

«Мемлекеттік грант арқылы оқуға түскен студенттердің грантты жұмыспен өтеу шарттары жеңілдетілді. Енді түлектер тек мемлекеттік мекемелерде ғана емес, жекеменшік ұйымдарда да жұмыс істеп, гранттарын өтей алады. Басты шарт – дайындық бағыты (мамандығы) бойынша жұмыс істеуі тиіс. Бұл мәселені түлектер жиі көтеретін», - деді ол.

Министрдің түсіндіруінше, жаңа норма түрлі ұйымдардағы кадр мәселесін шешуге де септігін тигізеді. Сондай-ақ түлектердің жұмыспен қамтылу мүмкіндіктерін кеңейтуге жол ашады.

«Мысалы, студент ауылдық квота арқылы фармацевтика бағыты бойынша оқуын аяқтады делік. Кейін ол ауылға барып, өз мамандығы бойынша мемлекеттік ұйымда жұмыс істеуге міндетті болатын. Ал, ауылда мемлекеттік дәріхана жоқ болса ше? Түлектің қиын жағдайға тап болатыны анық. Сондықтан бұл мәселе де шешімін тапты», - деді ол.

Колледждер жұмыс берушілермен бірлесіп, білім беру бағдарламаларының мазмұнын жасауға қатысуға құқылы.

Оқу жоспарлары мен бағдарламалары жастарға қажетті біліктіліктер алуға және қысқа мерзімде жұмысқа орналасуға жағдай жасайды, сондай-ақ олар қажет болған кезде оқуға қайта оралып, басқа да қосымша біліктіліктер мен дағдыларды меңгере алады.

Бұл шаралар өндірістегі технологиялық өзгерістерге және еңбек нарығының сұраныстарына бейімделуге мүмкіндік береді. ТжКБ жүйесі оқу аяқталғанға дейін іс жүзінде жұмыс берушілердің талаптарына сәйкес келетін мамандарды даярлайтын болады. Айтпақшы, бұған дейін дәл осындай норма академиялық дербестікті кеңейту шеңберінде жоғары білім беру жүйесінде де қабылданып, өзінің тиімділігін көрсеткен болатын. 

Қазір мемлекеттік-жекеменшік әріптестік дамып келеді және мемлекеттік тапсырыс жекеменшік балабақшаларда, мектептер мен ауруханаларда орналастырылып жатыр.

Бұл мәселенің шешімі грантпен оқыған түлек өз дайындық бағыты бойынша жекеменшік ұйымдарда еш кедергісіз жұмыс істей алады.

«Айтпақшы, кейбір грант иегерлері мемлекет шығынын жұмыспен өтеу рәсімін айналып өтудің амалын тапқан. Олар грант арқылы 3-курсқа дейін тегін оқып, үш жыл бойы стипендия алады. Содан кейін мемлекеттік грантты жұмыспен өтемеу үшін 4-курста ақылы бөлімге ауысатын», - деді.

Студенттердің осындай әрекетіне жол бермеу үшін грант иегерін оқытуға мемлекет жұмсаған шығындарды өтеу бойынша жаңа норма енгізілді.

Мәселен, студент грантта екі жыл оқып, кейін ақылы бөлімге ауысты делік. Бұл жағдайда студент қанша жыл грантта оқыса, сонша жыл грантты жұмыспен өтеуге міндетті болады.

Дәл осы норма, ақылы бөлімнен грантқа ауысқан студенттерге де қатысты болады.

Аймағамбетов айтқан тағы бір жаңа норма - қарамағында колледждері бар жоғары оқу орындары да техникалық және кәсіптік білім беру бағыты бойынша мемлекеттік тапсырысты орналастыру рәсіміне қатыса алады.

«Бұған дейін оларда мемлекеттік тапсырыс алу құқығы болмаған еді. Біз бұл мәселені де шештік. Енгізілген түзету жоғары оқу орындарының үздіксіз оқытуды қамтамасыз ету мүмкіндіктерін кеңейтеді», - деді министр.

ҚР Білім және ғылым министрі енгізген бүгінгі түзетулердің барлығы заңнаманы жетілдіруге, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім сапасын арттыруға бағытталған.

Бұған дейін Аймағамбетов әлеуметтік желідегі парақшасында Білім беру туралы Заңнамадағы өзгерістерге түсіндірме жасаған болатын.

 Қабылданған Заңдағы маңызды нормалардың бірі – балаларға қосымша білім беру үшін мемлекеттік тапсырыс институтын енгізу.

Енді мемлекеттік тапсырыс мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында да жекеменшік ұйымдарда орналастырылатын болады.

«Бұл мемлекет тарапынан үлкен шығындарды қажет етпей-ақ балалардың секцияларға, үйірмелерге және басқа да дамыту орталықтарына баруына қатысты мәселелерді кезең-кезеңімен шешуге мүмкіндік береді», - деп түсіндірді ол.

Балабақшалар, мектептер мен колледждер мемлекеттік аттестаттаудан өтетін болады. Ұзақ уақыт бойы талқыланған норма қабылданды. Аттестаттау – сыртқы мониторинг және білім беру ұйымдарының белгіленген стандарттар бойынша орындаған жұмыстарын бағалайтын құрал болады.

«Ең бастысы, аттестаттау тек проблемаларды айқындаушы репресивті құрал емес, анықталған проблемаларды жоюға бағытталған нақты ұсыныстар беру тетігі болып табылады», - деп жазды министр.

Айтпақшы, аттестаттау бес жылда бір рет жүргізіледі. Аттестаттау – білім беру ұйымдарында берілетін білімнің сапасы анықтауға арналған шара. Ата-аналар, оқушылар мен педагогтер арасында сауалнама жүргізіледі, материалдық-техникалық база, кадр құрамы және басқа да аспектілер бойынша белгіленген талаптарға сәйкестігі бағаланады.

Үлгілік оқу жоспарлары мен оқу бағдарламалары білім беру процесіне енгізілгенге дейін міндетті түрде сараптамадан және апробациядан өткізілетін болады.

«Яғни енді оқу процесіне жаңа бағдарламаны енгізу үшін алдымен міндетті түрде сараптама, кейін апробация жүргізіледі. Осылайша орын алуы мүмкін кемшіліктер анықталатын болады. Бұл өте маңызды норма, жаңа оқу бағдарламаларын енгізуге байланысты жұмыстарда асығыстық жасамау керек. Әрине, бұл норма министрлікті шектейді, алайда осы арқылы жан-жақты ойластырылған, ғылыми негізделген және сыналған бағдарламаларды енгізудің механизмі жұмыс істейтін болады», - деді ол.

Сонымен қатар оқулықтар сапасын арттыруға қатысты да бірқатар шара қабылданбақ.

Енді министрлік білім беру ұйымдарына алып кіруге және онда пайдалануға тыйым салынатын заттардың тізімін бекітетін болады. Бұл қауіпсіздік шарасына жатады.

Қашықтан білім беруге қатысты жаңа нормалар пайда болды. Қашықтан оқыту ұғымы және қашықтан оқытуды ұйымдастыру қағидаларын бекіту жөніндегі уәкілетті органның құзыреті бекітілді.

Аймағамбетов колледждердегі және кәсіптік-техникалық білім берудегі жаңа өзгерістер туралы да түсіндіріп өтті.

Барлық жаңалықтар