• Басты
  • ҰЭМ: Ұлттық жобаларды жүзеге асыруға 15,9 трлн теңге көзделген

ҰЭМ: Ұлттық жобаларды жүзеге асыруға 15,9 трлн теңге көзделген

12 Қазан, 2021 11:08

Бүгін үкімет отырысында ҚР Ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев Ұлттық жобалар бойынша қандай іс-шаралар атқаралытанын, қай салаларға басымдық берілгенін, сонымен бірге бағдарламаларды жүзеге асыруға қанша қаражат бөлінгені жөнінде айтып берді. Толығырақ Strategy2050.kz тілшісінің материалында.

Министр Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Реформалар жөніндегі жоғары кеңестің тапсырмасын орындау мақсатында, Ұлттық экономика министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп үш Ұлттық жобаны әзірлегенін атап өтті. Оның сөзінше, жобалардың қатарында «Қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған тұрақты экономикалық өсу» және «Кәсіпкерлікті дамыту», сонымен бірге «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» секілді ұлттық жобалар бар.

Министрліктің мәліметінше, «Қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған тұрақты экономикалық өсу» Ұлттық жобасы келесі 5 бағытты қамтиды:

-        индустриялық-инновациялық даму;

-        мұнай-газ-химия кешендерін дамыту;

-        энергетика кешендерін дамыту;

-        геология саласын дамыту;

-        шикізаттық емес экспортты арттыру.

«Аталған бағыттарды іске асыру шеңберінде 6 міндет, 13 көрсеткіш және 55 іс-шара көзделген», - деді Әсет Ерғалиев.

Ведомство басшысының мәліметінше, Ұлттық жобаны қаржыландырудың жалпы көлемі 15,9 трлн теңге, оның ішінде республикалық бюджеттен 402 млрд теңге қарастырылған. 15,5 трлн теңгеге жеке инвестициялар тарту көзделген.

«Ұлттық жоба 2025 жылға қарай тұрақты экономикалық өсуді 5% пайыздан жоғары деңгейде қамтамасыз етуге бағытталған», - деді министр.

Өндеу өнеркәсібін дамыту шаралары

Оның сөзінше, өңдеу өнеркәсібі кәсіпорындарын технологиялық жаңғырту бойынша шаралар қабылданады. Сонымен қоса, өндіріс көлемін ұлғайтуға және өңдеу өнеркәсібі тауарларының номенклатурасын кеңейтуге ықпал ететін 418 индустриялық жобаны іске қосу жоспарланған.

«Ұлттық жоба шеңберінде 1000 белсенді экспорттаушының сыртқы нарықтарға шығуы, сондай-ақ 350 жуық экспорттаушыны «Alibaba» және «Amazon» сияқты халықаралық электрондық платформаларға шығару қамтамасыз етілетін болады. Өңдеу өнеркәсібінің жоғары технологиялық өнімдерін шығару мақсатында 2025 жылға қарай 5 мұнай-газ-химия зауытын пайдалануға беру жоспарлануда. Энергетикалық кешенді белсенді жаңғырту арқылы электр энергиясын өндірудің жалпы көлеміндегі жаңартылатын энергия көздерінің үлесі 6%-ға жетеді», - деді Әсет Ерғалиев.

Оның айтуынша, қабылданған шаралар нәтижесінде өңдеу өнеркәсібі өнімдерінің өндірісі 1,5 есеге артпақ. Ал, шикізаттық емес экспорт 2 есеге ұлғайып, 2025 жылы 41 млрд. долларды құрайтын болады. Шикізаттық емес сектордың негізгі капиталына инвестицияларды 75%-ға арттыру жоспарланған.

«Экономикадағы еңбек өнімділігі 1,2 есеге өседі. Энергетикалық кешенді жаңғырту есебінен 2000 мегаватт жаңартылатын энергия көздерінің қосымша қуаттарын іске қосу жүзеге асырылатын болады. Геологиялық зерттелетін аймақтың көлемі 2,3 млн. шаршы киллометрге дейін ұлғайту жоспарлануда», - деп толықтырды министр.

Сонымен қатар, ведомство басшысы кәсіпкерлікті дамыту бойынша Ұлттық жоба кәсіпкерлік белсенділікті арттыруға, кәсіпкерлердің өсуін жеделдетуге және жаңа тауашаларды қалыптастыруға, сондай-ақ бәсекелестікті кешенді дамытуға бағытталғанын атап өтті.

«Аталған бағыттарды іске асыру шеңберінде 10 міндет, 30 көрсеткіш және 69 іс-шара көзделген. Ұлттық жобаны қаржыландырудың жалпы көлемі шамамен 8,5 трлн теңгені құрайды, оның ішінде республикалық бюджетте 1 трлн. теңгеден астам қаржы, ал жергілікті бюджеттерде 125 млрд теңге қарастырылған. Сондай-ақ, 7,3 трлн теңге сомасына жеке инвестициялар тарту қамтамасыз етіледі. Ұлттық жоба кәсіпкерлік құрылымында сапалы өзгерістерді қамтамасыз етуге бағытталған», - деді Әсет Ерғалиев.

Оның айтуынша, осы мақсатқа қол жеткізу үшін жеке кәсіпкерлікпен айналысуға жағдайлар жасау, кәсіпкерлердің қажеттіліктеріне сәйкес дағдыларды дамыту, сонымен қатар субсидияланатын жұмыс орындарын ұйымдастыру бойынша шаралар қабылданбақ.

Кәсіпкерлерді қолдау шаралары

«Ұлттық жобаның басты міндеттерінің бірі кәсіпкерлік субъектілері үшін қаржыландырудың қолжетімділігін арттыру және экономикадағы мемлекеттің үлесін төмендету болып табылады. Ұлттық тауар өткізу желісін құру және жаңғырту жоспарлануда. Кәсіпкерлік белсенділікті арттыру мақсатында 690 мың шағын және орта бизнес субъектісі мемлекеттік қолдау шараларымен қамтылатын болады», - деді министр.

Әсет Ерғалиевтің сөзінше, «Бастау Бизнес» аясында жеке ісін ашқан кәсіпкерлер саны 2 есеге өседі, соның ішінде 55 мың ауыл кәсіпкерлеріне нақты қолдау көрсетілетін болады. Сонымен бірге, Сауда инфрақұрылымының заманауи форматтарын құру мақсатында көп форматты сауда объектілері 6-дан 132-ге дейін ұлғайтылмақ.

«Жекешелендіруді дамытуға бағытталған шаралар мемлекеттің экономикадағы үлесін 14% дейін қысқартуды көздейді», - деді министр.

Оның айтуынша, қабылданған шаралар шағын және орта кәсіпкерліктің жалпы ішкі өнімдегі үлесін 2025 жылға қарай 35%-ға дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді.

«Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы

«Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы базалық қызметтерге тең қолжетімділікті және еліміздің көліктік байланысын жетілдіруге бағытталған. Бұл өңірлер арасындағы қатынасты және өңірлер ішіндегі елді мекендердің бір-бірімен байланысын қамтамасыз етеді. Осы бағыттарды іске асыру шеңберінде 4 міндет, 20 көрсеткіш және 94 іс-шара көзделген», - деді министр.

Ұлттық жобаны қаржыландырудың жалпы көлемі шамамен 7,6 трлн теңге, оның ішінде республикалық бюджетте 4 трлн теңгеден астам, ал жергілікті бюджеттерде 786 млрд. теңге қаражат қарастырылған. Бұл қаражат шамамен 2,8 трлн теңге жеке инвестициялар тартуға мүмкіндік бермек.

«Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасының негізгі шаралары:

-        13,5 трлн теңге тұрғын үй құрылысына инвестициялар тарту;

-        16 мың шақырым сумен жабдықтау және су бұру желілерін салу;

-        екінші жолдарды салу және «Достық-Мойынты» учаскесін электрлендіру есебінен Қытай-Еуропа-Қытай қатынасының өткізу қабілетін 5 есеге ұлғайту;

-        «Түркістан-Шымкент-Ташкент» жоғары жылдамдықты магистралінің құрылысы қамтамасыз ету;

Оның сөзінше, Ұлттық жобаны іске асыру қорытындылары бойынша төмендегідей көрсеткіштерге қол жеткізіледі:

-        қалалар мен ауылдарда сумен жабдықтау және су бұру қызметтеріне 100% қолжетімділік қамтамасыз етіледі;

-        2025 жылдың соңына дейін даму әлеуеті бар 3561 ауылдарды жаңғырту жоспарлануда;

-        103 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілетін болады;

-        республикалық автожолдардың барлығы және жергілікті деңгейдегі автожолдардың 95% жақсы жағдайға жеткізу көзделіп отыр.

-        автомобиль жолдарының сапасын арттыру транзиттік жүк ағыны көлемін 2025 жылға қарай 30 миллион тоннаға дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді.

«Жалпы, жоғарыда аталған үш Ұлттық жобаны тиімді іске асыру тұрақты экономикалық өсуді 5% жоғары деңгейде қамтамасыз етуге, халықтың табысын 27% арттыруға және 450 мың тұрақты жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді», - деді Әсет Ерғалиев.

Сонымен қатар, ол Дүниежүзілік экономикалық форумның бәсекеге қабілеттілік рейтингінде инфрақұрылым сапасы бойынша Қазақстанның позициясын 40-орынға дейін жақсарту көзделгенін еске салды.

Барлық жаңалықтар