• Басты
  • ҰЭМ: Қазақстан экономикасы 3 пайызға өсті

ҰЭМ: Қазақстан экономикасы 3 пайызға өсті

14 Қыркүйек, 2021 09:38

Бүгін үкімет отырысында Ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев ҚР элеуметтік-экономикалық дамуының биылғы қаңтар-тамыздағы қорытындылары туралы баян етті. Оның дерегінше, ҚР экономикасының өсу көрсеткіші 3%-ды құраған. Сонымен бірге, жиында ҚР Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев биылғы 8 айдағы мемлекеттік қаржының атқарылуы жайлы баян етті. Толығырақ Strategy2050.kz тілшісінің материалында.

Министр Әсет Ерғалиевтің мәліметінше, ағымдағы жылғы қаңтар-тамыз айларында Қазақстан экономикасының өсу көрсеткіші 3%-ды құраған. Осы есепті кезеңде негізгі трендтер бойынша нақты және қызмет көрсету секторлырындағы өсудің оң динамикасы, өндіруші емес секторлардағы инвестицияның жоғары өсуі, сауда балансының оң сальдосының сақталуы байқалған. Ал, осы уақыт аралығындағы нақты сектордағы өсім 3,5%-ды құраған.

«Қызмет көрсету саласында іскерлік белсенділік 2,3%-ға дейін өсті. Салалар арасында ақпарат және байланыс, құрылыс, сауда, сумен жабдықтау, электрмен жабдықтау, өңдеу өнеркәсібі жоғары өсім көрсетуде. Сондай-ақ, ауыл шаруашылығында да оң өсім байқалып отыр», - деді ведомство басшысы.

Инвестиция

Оның айтуынша, экономикалық өсудің маңызды факторы ішкі және сыртқы инвестицияларды тарту болып отыр. Оның ішінде өндіруші емес салаларда инвестиция тарту белсенділігі байқалуда. Осыған байланысты, ол есепті кезеңде тау-кен өндіру өнеркәсібін есепке алмағанда, негізгі капиталға инвестициялардың өсу қарқыны 18,0%-ды құрағанын тілге тиек етті.

«Инвестиция құрылыс саласында – 2,5 есеге, өңдеу өнеркәсібінде – 81,7%-ға, ауыл шаруашылығында – 43,2%-ға, саудада – 39,9%-ға, ақпарат және байланыста – 37%-ға, жылжымайтын мүлікпен операциялар саласында –16,2%-ға және көлік саласында – 9%-ға өсті», - деді министр.

Оның сөзінше, өңірлер арасында ең жоғарғы көрсеткіш Шымкент қаласында, Ақтөбе, Солтүстік Қазақстан, Түркістан және Жамбыл облыстарында байқалып отыр.

Сыртқы сауда

Сонымен қоса, министр ағымдағы жылғы қаңтар-шілдеде сыртқы саудадағы тауар айналымы 53,7 млрд АҚШ долларын құрап, оның ішінде экспорт бойынша көрсеткіш 32 млрд АҚШ долларына жеткенін еске салды. Бұл ретте, өңделген тауарлар экспорты 23,4%-ға өсіп, 10,4 млрд АҚШ долларына дейін жеткен. Ал, тауарлар импорты 21,7 млрд АҚШ долларын құраса, жалпы, сауда балансы 10,4 млрд АҚШ долларын құрап, оң деңгейінде сақталған.

Өңдеу өнеркісібі

Сонымен бірге, өңдеу өнеркәсібі тұрақты өсу үрдісін сақтап отырғанын жеткізді. Өндіріс көлемі 5,8%-ға өскен.

«14 өңір бойынша оң өсу көрсеткіші тіркелді. Ең жоғарғы өсу Алматы қаласында, сондай-ақ Алматы және Қызылорда облыстарында байқалуда. Өңдеу өнеркәсібі салалары бойынша фармацевтикалық өнім өндіру 40,8%, машина жасау – 23,9%, оның ішінде автомобиль жасау – 34,2%, вагондар мен локомотивтер өндірісі – 48,9%, құрылыс материалдары – 11,6%, пластмасса бұйымдары – 26,5%, дайын металл бұйымдары – 18,6%, киім – 16,3% және жиһаз – 16% деңгейінде серпінді өсуді көрсетіп отыр», - деді Әсет Ерғалиев.

Сонымен қоса, ол ағымдығы жылдың сегіз айында орындалған құрылыс жұмыстарының көлемі 11,4%-ға өсіп, құрылыс секторы жоғары қарқын көрсетіп отырғанын да тілге тиек етті. Оның мәліметінше, көрсеткіштің оң өсімі барлық өңірлер бойынша тіркелген. Құрылыс-монтаждау жұмыстарының ең жоғары өсімі Ақмола және Түркістан облыстарында, сондай-ақ Алматы қаласында байқалуда.

«Тұрғын үйді пайдалануға беру бойынша да оң динамика байқалуда. Ағымдағы жылғы қаңтар-тамызда 8,9 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Көрсеткіштің өсуі 10,5%-ды құрады. Есепті кезеңде барлық өңірлер оң өсім көрсетті. Ең жоғарғы өсім Атырау, Шығыс Қазақстан және Қарағанды облыстарында байқалады», - деп толықтырды ведомство басшысы.

Бұдан бөлек, министр ауыл шаруашылығында өсім 2%-ды құрағанын атап өтті. 14 өңірде оң динамика тіркелген. Ең жоғарғы өсімді Ақмола, Павлодар және Қарағанды облыстары көрсеткен.

Экономиканы жетілдіру шаралары

Сондай-ақ, Әсет Ерғалиев орталық және жергілікті атқарушы органдарға келесі шараларға назар аударуды ұсынды.

-        Инвестицияларды тарту мен сүйемелдеу бойынша тиімді жұмыс атқару, инвестициялық жобаларды іске асырудың тұрақты мониторингін жүргізу.

-        Егін жинау және мал азығын дайындау көрсеткіштеріне қол жеткізу бойынша уақытылы шешімдер қабылдау, құрылыс жұмыстары маусымының аяқталуына дайындалу.

-        Инфляцияға қарсы әрекет ету жөніндегі шаралар кешенін жедел орындау.

-        Халықты вакцинациялау және шағын және орта бизнес қызметін қалпына келтіруге белсенді түрде қолдау көрсету.

-        «Еңбек» және «Жұмыспен қамту жол картасы» бағдарламалары аясында жұмысқа орналастыру шараларын тиімді іске асыруды жалғастыру.

Министрдің сөзінше, жоғарыда аталған шараларды іске асыру еліміздің макроэкономикалық тұрақтылығын сақтауға мүмкіндік береді.

Сонымен қоса, 2021 жылғы 8 айдағы мемлекеттік қаржының атқарылуы туралы ҚР Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаевтың баян етті.

Кірістер бойынша

Министр Ерұлан Жамаубаевтың мәліметінше, мемлекеттік бюджетке 7 трлн. 139 млрд. теңге сомасында кіріс түсті немесе жоспар 105,3%-ға атқарылған. Республикалық бюджетке 4,6 трлн. теңге түсті немесе жоспар 100,7%-ке атқарылды. Ал, кірістер бойынша жоспар 30 млрд. теңгеге асыра орындалса, оның ішінде салықтар - 17 млрд. теңгеге орындалған.

«Салықтар бойынша асыра орындаудың негізгі сомалары ішкі өндіріс тауарларына салынатын қосылған құн салығына, пайдалы қазбаларды өндіруге салынатын салыққа, корпоративтік табыс салығына тиесілі болды. Алайда шикі мұнайға салынатың экспорттық кеден бажы бойынша жоспар орындалмады. Бұл, Теңіз кен орнында күрделі жөндеу жүргізілуіне және шикі мұнай өндіру көлемінің төмендеуіне байланысты болады», - деді министр.

Сонымен бірге, министр импортқа қосылған құн салығы бойынша жоспардың орындалмауы өткен жылдың 7 айымен салыстырғанда үшінші елдермен тауар айналымының 6,7%-ға немесе 875 млн. долларға, оның ішінде шілде айында импорт көлемінің 26%-ға немесе 645 млн. долларға төмендеуіне байланысты болған.

«Салықтық емес түсімдер бойынша жоспардың асыра орындалуы негізінен мемлекеттік органдар салатын айыппұлдар, өсімпұлдар, санкциялар және өндіріп алулар есебінен қамтамасыз етілді. Жергілікті бюджеттердің кірістері 115%-ға атқарылды және 2 трлн. 547 млрд. теңгені құрады», - деп толықтырды Ерұлан Жамаубаев.

Оның дерегінше, жоспар 332 млрд. теңгеге, оның ішінде салықтар бойынша 280 млрд. теңгеге асыра орындалған.

Шығыстар бойынша

Оның мәліметінше, мемлекеттік бюджеттің шығыстары 99,2%-ға, республикалық бюджеттің шығыстары – 99,7%-ға, жергілікті бюджеттердің шығыстары 98,8%-ға атқарылған.

«Өткен жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда бюджеттердің барлық деңгейлерінде атқарылу көрсеткіші жоғары. Республикалық бюджет бойынша 9,9 трлн. теңгеге шығыстар жүргізілді. Атқарылмау 31 млрд. теңгені, оның ішінде үнемдеу
7 млрд. теңгені құрады. Игерілмегені - 24 млрд. теңге», - деді министр.

Оның айтуынша, игерілмеудің неғұрлым ірі сомалары Денсаулық сақтау, Ішкі істер, Мәдениет және спорт, Әділет, Төтенше жағдайлар министрліктерінде қалыптасқан.

Игерілмеудің негізгі себептері:

-        төлемнің негізділігін растайтын құжаттарды ұсынбау

-        төлем нақты көрсетілген қызметтер көлемі үшін жүргізілген, орындалған жұмыстардың актілерін, шот- фактураларды уақтылы ұсынбау

Ал, оның дерегінше, жергілікті бюджеттердің шығыстары 5,2 трлн. теңгені құраған. 64 млрд. теңге атқарылмаған. Ағымдағы жылы өңірлерге 2,5 трлн. теңге сомасында нысаналы трансферттер көзделген.

«1 қыркүйекке оларға 1 трлн. 358 млрд. теңге бөлінген. Оның 98%-ы игерілді. Атқарылмаған-26,5 млрд. теңге, оның ішінде үнемдеу –
3 млрд. теңге, игерілмегені – 23,5 млрд. теңге. Ең көп игерілмеу - Нұр-Сұлтан қаласы, Батыс Қазақстан облысы, Алматы қаласы, Қызылорда, Түркістан облыстарында қалыптасты», - деп толықтырды ведомство басшысы.

Мемлекеттік аудит

Ерұлан Жамаубаевтың сөзінше, ағымдағы жылғы 8 айдың ішінде камералдық бақылаумен сомасы шамамен 5,3 трлн. теңгеге 634 мыңнан астам мемлекеттік сатып алу рәсімі қамтылған. Тексеру қорытындылары бойынша 30 мың рәсім бойынша бұзушылықтар анықталған. Мемлекеттік аудит объектілері бұзушылықтарды жою туралы 29 мыңға жуық хабарламаны орындаған.

«2 198 аудиторлық іс-шара өткізілді. Аудитпен 1 трлн. 429 млрд. теңге бюджет қаражаты қамтылды. 146 млрд. теңге сомасына қаржылық бұзушылықтар анықталды», - деді ол.

Сонымен бірге, тауарларды жеткізумен, қызметтерді көрсетумен және жұмыстарды орындаумен қалпына келтіру, бюджетке өтеу және есепте көрсету жолымен 94 млрд. теңгеге бұзушылықтар жойылғанын атап өтті. Аудит объектілері қызметін жетілдіру және тиімділігін арттыру үшін шамамен 2 мың ұсыным берілген. 

Мемлекеттік активтерді басқару

Оның мәліметінше, жекешелендірудің 2021-2025 жылдарға арналған кешенді жоспарында 733 объектіні сату көзделген. Есепті кезеңде сомасы 36 млрд. теңгеге 106 объект сатылды және кейіннен сатып алу құқығымен сенімгерлік басқаруға берілген.

«110 объект сатылымға қойылды. 6 объект таратылуға жіберілді. Алдағы уақытта 451 объектіні өткізу керек», - деп түйіндеді министр.

Барлық жаңалықтар