• Басты
  • Елорданы дамыту: Тұрғын үй құрылысы, үш ауысымды мектеп және әлеуметтік мәселелер

Елорданы дамыту: Тұрғын үй құрылысы, үш ауысымды мектеп және әлеуметтік мәселелер

9 Желтоқсан, 2020 15:05

Елорда бюджетін оңтайландыру нәтижесінде 43 миллиард теңге үнемделіп, ол қаражат әлеуметтік саланы жетілдіруге жқмсалған. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәжілісінде астана әкімі Алтай Көлгінов мәлім етті. Еліміздің бас қаласының даму барысы мен мемлекет басшысының жолдауда берілген тапсырмаларының орындалуы Strategy2050.kz тілшісінің материалында.

Елорда бюджетін оңтайландыру нәтижесінде 43 миллиард теңгені үнемделіп, ол қаражат әлеуметтік салаға бағытталған. Алтай Көлгіновтың айтуынша, мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау шеңберінде мемлекет пен квазимемлекеттік сектордың өнімсіз шығындарын азайту бойынша ауқымды жұмыс жүргізілген. Оңтайландырылған қаражат нақты әлеуметтік мәселелерді шешуге, індет кезінде шағын және орта бизнесті қолдауға, жұмыспен қамту мәселелеріне, қаланың инфрақұрылымын жақсартуға және қоғам үшін өзекті басқа салаларға бағытталған.

«Мысалы, экономиканың және инфрақұрылымның нақты секторын қолдауға 25,7 миллиардтан астам теңге бөлінді. Бұл апаттық жағдайдағы үйлерді бұзу, жолдар, аулалар салу, инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым салу, шағын және орта бизнесті несиелеу, тұрақтандыру қорын толтыру, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағаларын ұстап тұруға арналған несиелер бойынша пайыздық мөлшерлемені субсидиялау және басқалар», - деп атап өтті елорда әкімі.

Бұдан бөлек, қала әкімі білім, денсаулық сақтау және әлеуметтік көмекке қосымша 10,5 миллиард теңге бөлінгенін еске салды. Оның мәліметінше, бұл қаражат әлеуметтік көмек көрсетуге, мәселен, қашықтан оқытуды ескере отырып, аз қамтылған отбасылардан шыққан оқушыларға компьютер, маршрутизатор, мектеп киімдерін сатып алуға жұмсалған. Сондай-ақ, медициналық техниканың қосымша көлемін сатып алуға кеткен. Сонымен қатар, медицина саласы бойынша әкімдіктің резервіне шамамен 6 миллиард теңге қарастырылған.

«Оңтайландыру барысында бірқатар қымбат нысандар таратылып, сенімгерлік басқаруға берілді, ведомстволық бағынысты ұйымдардың басқару құрамы қысқартылды», - деді астана әкімі.

Құрылысы ұзаққа созылған үйлердің саны 2 есеге азайды

Қала басшысының мәліметінше, астанада бір жарым жыл ішінде құрылысы ұзаққа созылған нысандардың саны екі есеге қысқарған. Мәселен, 2019 жылы жаздың басында елордада 52 үлестік құрылыс нысаны болса, 2019 жылы 10 көппәтерлі тұрғын үй кешенінің құрылысы аяқталып, тұрғындарға пайдалануға берілген. Биыл одан екі есе көп, яғни 2020 жылдың соңына дейін 20 нысанды аяқтау жоспарланған.

Алтай Көлгіновтың сөзіне сүйенсек, үлестік құрылыстың барлық нысандарындағы жағдай әртүрлі, мысалы, бір жерде тек қазаншұңқыр болса, бір жерде үйдің қаңқасы бар. Бірақ оны аяқтау оңай емес, өйткені үйдің қаңқасы жылдар бойы тұрады.

«Бұл жерде үйге толық техникалық тексеру жүргізу қажет, өйткені каркас тұрғызылған кездер де болады. Бірақ бұл ретте құрылысшылар немқұрайлы қарап, өрт қауіпсіздігін, лифтілерді, инженерлік желілерді жүргізуді, сонымен бірге тағы басқаларын ескермеген», - деді қала әкімі.

Мәселен, оның сөзінше, 2004 жылдан бері тұрған сондай құрылыс нысанының бірі - «Территория комфорта-1». Үйді техникалық тексеру барысында көппәтерлі тұрғын үй кешенін салу кезінде де бастапқыда қателіктер болған.

Қала әкімінің айтуынша, үлестік құрылыс объектілері бойынша қадамдық іс-шаралар жоспары жасалған. Ұзақ құрылыстың аяқталуы мемлекет басшысының бақылауында екенін тілге тиек етті.

Тұрғын үй сертификатының мөлшері 1,5 миллион теңгеге ұлғайтылмақ

Тұрғын үй сертификатының мөлшері 1,5 миллион теңгеге дейін ұлғайту жоспарланған. Ол бұған 1 млн теңге болған еді.

Сонымен қатар, елорда әкімі Алтай Көлгінов «Шаңырақ» (5-10-20) тұрғын үй сертификатын алушылар санатын кеңейту туралы бастама көтерді. Оның айтуынша, егер бұған дейін бұл тізімде халықтың әлеуметтік осал тобынан тек 3 санат болса, қазір барлық тоғыз санат енгізілген.

«Тұрғын үй мәселесі маңызды бағыттардың бірі. Тұрғын үй сертификаттарымен қатар, қазақстандық ипотекалық компаниямен бірлесіп жүзеге асырып жатқан бағдарламаға да өзгеріс енгізілді. Мұнда біз әлеуметтік пәтер алушылар санатын кеңейттік. Мың пәтерге медицина қызметкерлері мен мұғалімдер ғана емес, өрт сөндірушілер, әлеуметтік, мәдениет және спорт, полиция департаменті қызметкерлері жүгіне алады. Аталған бағдарлама бойынша бастапқы жарна пәтер құнының 1 %-ын құрайды және кейінірек тұрғын үйді жекешелендіруге болады», - деді Алтай Көлгінов.

Сонымен қоса, қала әкімі мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша биыл қолжетімді тұрғын үй құрылысының көлемі ұлғайтылғанын атап өтті. Оның сөзінше, бұл шамамен 8 мың пәтер, олардың бір бөлігі кезекте тұрғандарға, қалғаны Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі кезегінде тұрғандарға берілмек.

Мектеп мәселесі жолға қойылып келеді

Елордада үш ауысымды және бала саны тым көп мектептер 2 есеге азайған. Осы орайда, елорда басшысының сөзінше, мектептер жүктемесін одан әрі азайту үшін астанада жыл сайын кем дегенде 10 білім беру мекемесін салу қажет.

«Қалада халық санының өсуін ескере отырып, әлеуметтік нысандарға, оның ішінде білім беру мекемелеріне жүктеме артып келеді. Егер 2019 жылы 6 мектеп салынып, пайдалануға берілген болса, биыл екі есе көп, яғни, 12 мектеп. Мектептер салған кезде біз шағын өлшемдерден үлкен өлшемдерге ауысамыз», - деді қала басшысы.

Сондай-ақ, қала әкімінің айтуынша, қазірдің өзінде алдағы жылдары пайдалануға берілетін мектептер салынып жатыр. 2021 жылы кем дегенде 12 мектептің құрылысын аяқтап, пайдалануға беру жоспарланған.

Сонымен қатар, биыл үш ауысымда оқитын мектептердің санын 8-ден 4-ке, ал шектен тыс жүктемесі бар мектептерді 22-ден 14-ке дейін азайған. Мәселен, Алтай Көлгіновтың айтуынша, Мичурино елдімекенінде мектеп оқушылары мен мұғалімдері мекеменің шағын көлемін ескере отырып, мектепке бейімделген нысанда жұмыс істеп, сабақтар үш ауысымда өтетін. 1 желтоқсанда жаңа мектеп ашылып, қазіргі кезде оқушылар кең, жайлы үш қабатты ғимаратта білім алып жатыр. Сонымен қоса, мұғалімдерге тұрмыстық жағдай жасау үшін бұрынғы үй-жайларды жатақханаға қайта жабдықтауды, балаларға арналған үйірмелер ашу жоспарда бар.

5 жылдық кезеңге арналған кешенді жоспар аясында 50-ге жуық мемлекеттік мектеп салу жоспарланған. Сондай-ақ, елорда әкімі білім беру мекемелерінің құрылысына жеке инвестициялар тартылатындығын, тек бюджетке сенудің қажеті жоқ, азаматтар мен қалаға қажетті жобаларды салуда жеке қаражатты белсенді түрде тартылатынын баса айтып өтті.

Барлық жаңалықтар