• Басты
  • Елорданың дамуы: Қолжетімді баспа мен мектеп құрылысы, тұрғын үй және газбен қамту мәселері

Елорданың дамуы: Қолжетімді баспа мен мектеп құрылысы, тұрғын үй және газбен қамту мәселері

30 Маусым, 2021 13:05

Бүгiн Орталық коммуникациялар қызметiнде өткен баспасөз мәжiлiсiнде елорда әкiмi Алтай Көлгiнов мемлекет басшысының тапсырмалары аясында Нұр-Сұлтан қаласының әлеуметтiк-экономикалық дамуы жөнiнде баян еттi. Ол өз өз баянында қолжетiмдi баспана құрылысының қарқыны, тұрғын үй сертификатының көлемiн ұлғайту және қатысушылар санатын кеңейту, газбен қамтамасыз ету, мектеп құрылысы, сонымен бірге әлеуметтік көмек көрсету шаралары туралы айтып берді. Толығырақ Strategy2050.kz тілшісінің материалында.

Елордада 57 нысанның құрылысы аяқталмақ

Ел астанасы әкiмдiгiнiң мәлiметiнше, Нұр-Сұлтанда 2021 жылы құрылысы ұзаққа созылған үйлер саны 57-ге қысқарады. Проблемалы көппәтерлi тұрғын үй кешендерiнiң мәселесi шешiлiп, көптен күткен пәтер кiлтiн 7 мыңнан астам үлескер алады.

«Нұр-Сұлтан әкiмдiгi үлескерлердiң проблемасын шешу бойынша жүйелi жұмыс жүргiзуде. Осылайша, тек екi жылдың iшiнде ұзаққа созылған құрылыс саны екi еседен астамға қысқарады», - дедi қала басшысы.

Оның сөзiнше, 2019 жылдың жазында елордада 52 үлестiк құрылыс нысан болған. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша ұзақ салынған құрылыс жұмыстарын аяқтау бойынша жүйелi жұмыстар жүргiзiлiп жатыр. 2019 жылдың жарты жылдығында әкiмдiк құрылысы ұзаққа созылған 10 нысанды салып, пайдалануға берген. Бұл 13 көппәтерлi тұрғын үй кешенi (ТК). Ал, өткен жылы 14 нысан аяқталды, бұл 20 ТК.

«Биыл тағы 57 проблемалық көппәтерлi тұрғын үй кешенiнiң құрылысын аяқтауды жоспарлап отырмыз. Бұл 7 мыңнан астам үлескер көптен күткен пәтерiне ие болады деген сөз», — деп толықтырды Алтай Көлгiнов.

Нұр-Сұлтан әкiмiнiң сөзiне сенсек, үлестiк құрылыстың барлық нысанында түрлi жағдайлар болған. Мәселен, атап айтсақ, бiр жерде тек шұңқыры ғана қазылған, ал бiр жерде үйдiң тек қаңқасы тұр, ендi бiр жерде салынған блоктар апатты күйде, сондықтан оларды толығымен бұзу қажет болған.

«Себебi адам тұруға арналмаған және қауiптi. Ұзақ салынған құрылыстар бойынша бiрiншi кезекте техникалық аудит жүргiзiлдi, себебi үйлердiң қауiпсiздiгi бәрiнен маңызды. Дегенмен, ұзаққа созылған құрылыстардың жұмысы қарқын ала бастады, әсiресе, Шығыс, Жағалау, Территория комфорта-1 және т.б. Үлестiк құрылыстың әрбiр нысаны бойынша қадамдық iс-шаралар жоспары жасалды», - дедi елорда басшысы.

10 мың әлеуметтiк жеңiлдiкпен пәтер салынады

Бұдан бөлек, қала әкiмi Нұр-Сұлтанда биыл 10 мың әлеуметтiк пәтер салынатынын атап өттi. Оның айтуынша, соңғы үш жылдың iшiнде қолжетiмдi тұрғын үй саны 5,5 еседен астам ұлғайған.

«Қала тұрғындарының маңызды және өзектi мәселелерiнiң бiрi – тұрғын үй. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша қолжетiмдi тұрғын үй құрылысы көлемiн ұлғайтуды жүйелi жүргiзiп жатырмыз. Мысалы, 2018 жылы 1800 әлеуметтiк пәтер, ал 2019 жылы 2 900 әлеуметтiк пәтер салынса, 2020 жылы осындай 7 000-нан астам пәтер салынып, пайдалануға берiлдi. Биыл бұл көрсеткiштi 10 мыңға жеткiзудi жоспарлап отырмыз», - дедi Алтай Көлгiнов.

Оның мәлiметiнше, жақында әлеуметтiк аз қамтылғандар арасында кезекте тұрған отбасыларға 400-ге жуық пәтер кiлтi берiлетiн болады. Әлеуметтiк тұрғын үйлер құрылысы қаланың барлық ауданында жүргiзiлiп жатыр. Мысалы, нақтырақ айтсақ, Отау, Жағалау шағын аудандарында, Пригородный елдi мекенi, Ш.Құдайбердiұлы, Р. Қошқарбаев көшелерiнде, жаңа вокзал ауданында жүруде.

Сонымен қатар, Нұр-Сұлтан әкiмiнiң тапсырмасы бойынша тұрғын үй сертификатының сомасы 1 млн теңгеден 1,5 млн теңгеге дейiн ұлғайтылғанын да еске салып өттi.

«Қазақстандық тұрғын үй компаниясының (ҚИК) бағдарламасы бойынша қатысушылар санаты кеңейтiлдi: медицина қызметкерлерi, педагогтар, әлеуметтiк қызметкерлер, өрт сөндiрушiлер, тәртiп сақшылары, мәдениет және спорт қайраткерлерi қатыса алады», - дедi ол.

Сондай-ақ, қала әкiмi Елбасының бастамасымен қолға алынған «Жұмыс iстейтiн жастарға арналған сатып алу құқығынсыз жалға берiлетiн» бағдарламасы биыл да жалғасатынын тiлге тиек еттi. Осы бағдарлама аясында жыл соңына дейiн тағы 1 мыңнан астам жас баспаналы болмақ. Осы мың пәтерден бөлек, биыл жыл басында 350 жасқа пәтер кiлтi тапсырылған болатын. Сол сияқты 2021 жылы жастар үшiн арнайы тұрғын үй бағдарламасы (әлеуметтiк кредиттеу) iске қосылатын болады.

Биыл 143 мың тұрғын газға қосылады

Бұдан бөлек, биыл Нұр-Сұлтанда тағы 143 мың тұрғын үшiн газ қолжетiмдi болатынын атап өттi. Әкiмнiң сөзiнше, бұл өткен жылмен салыстырғанда үш есе көп.

«Газдандыру – Елбасының ауқымды жобасы. Бұл жоба экологияны едәуiр жақсартуға мүмкiндiк бередi, өйткенi жеке сектор тұрғындары үйiн көмiрмен жылытпайды, нәтижесiнде қауiпсiздiк артады, қала тұрғындарының өмiр сүру жағдайы жақсарады және т.б. Мысалы, осы жылдың маусым айында Көктал-1 тұрғын алабы газға қосылды, осылайша тағы 2600 үй көгiлдiр отынмен қамтамасыз етiлдi. Бiз сыртқы желiлердi жүргiзгеннен кейiн тұрғындар оны үйдiң iшiне өткiзуi керек», - дедi Алтай Көлгiнов.

Сонымен қатар, ол әкiмдiк Оңтүстiк-Шығыс тұрғын алаптарына, Агроқалашық, Промышленный аудандарына газ тарату желiлерiн салуды жалғасатынын еске салды.

«Сондай-ақ, «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ Күйгенжар, Мичурино, Интернациональный елдiмекендерiнде газбен жабдықтау желiлерiнiң құрылысын жүргiзуде. Биыл тағы 317 шақырым газ тарату желiсiн саламыз, оның 200 шақырымы бiрiншi жартыжылдықта салынды», - дедi ол.

Осылайша, жаңа жылыту маусымында тағы 7 тұрғын үй алабы газға қосылуға мүмкiндiк алмақ. Мысалы, өткен жылы 43 мың тұрғын газға қосылды.

Сонымен қоса, ол өткен жылыту маусымында Железнодорожный, Көктал-2 тұрғын алаптарының және Агроқалашықтың бiр бөлiгiнде тұратын тұрғындар газға қосылғанын, сол кезде 345 км кварталiшiлiк желi салынғанын атап өттi.

«Газдандыру басталған сәттен бастап Нұр-Сұлтан әкiмдiгi әлеуметтiк аз қамтылған отбасылардың үйiн газға көшiру бойынша әлеуметтiк көмек көрсету тетiгiн енгiздi. Әлеуметтiк көмек алу үшiн egov.kz электрондық үкiмет порталы арқылы өтiнiм жiберуге болады», - дедi Алтай Көлгiнов.

Сондай-ақ, ол өткен жылы газ тарифi төмендетiлгенiн, газдың бiр текше метрiнiң бағасы 45 теңгеден 34,6 теңгеге дейiн төмендегенiн еске салды. Жеке сектор тұрғындары үшiн есептегiштердi тегiн беру қарастырылған. «Halyk bank» АҚ және «ECOJER» қауымдастығымен елорда тұрғындарына үйлерiн газға қосу үшiн пайызсыз кредит беру ұйымдастырылды. 

«Бұдан басқа, жылу электр орталықтарын жаңғырту жұмыстары жалғасуда. ЖЭО-1 және ЖЭО-2-дегi төрт су жылыту қазандығы газға ауыстырылды, қалған қазандықтар осы жылдың соңына дейiн газға көшiрiледi», - деп толықтырды қала әкiмi.

2021 жылы 40 мыңнан астам оқушыға орын ашылады

Нұр-Сұлтанда қала тұрғындарының жыл сайынғы өсуi ескерiле отырып, iрi мектептердiң құрылысы жүргiзiлiп жатқанын атап өттi. Осы орайда, биыл 15 мектеп салынады, осылайша 40 мыңнан астам жаңа оқушы орны пайдалануға берiледi. Бұл, әкiмдiктiң дерегiнше, 2020 жылмен салыстырғанда екi есе, ал 2019 жылдан төрт есеге көп.

«Елордада жыл сайын iшкi көшi-қон есебiнен де, туу көрсеткiшi есебiнен де қала тұрғындарының саны өсiп келедi. Мысалға 2010 жылы қала мектептерiнде 74 мың оқушы бiлiм алса, қазiр 193 мың оқушы бiлiм алуда. Жыл сайын бiрiншi сынып оқушыларының саны өсiп келедi. Мысалы, 2019 жылы 5,5 мыңнан астам түлек мектеп бiтiрсе, бiрiншi сыныпқа 24,5 мыңға жуық бүлдiршiн келдi. Ал 2020 жылы 6,6 мың түлек болса, бiрiншi сыныпқа 21 мыңнан астам бала келдi», - дедi қала әкiмi.

Сонымен қоса, Алтай Көлгiнов 2030 жылға қарай Нұр-Сұлтанда 400 мыңға жуық оқушыға жететiнiн атап өттi. Ттиiсiнше мектептердiң көбiрек ашылуын талап етедi.

«Бiз iрi мектептердiң құрылысына көштiк. Бiлiм мекемелерi қаланың барлық ауданында, соның iшiнде тұрғын үй массивтерiнде салынып жатыр. Қажеттiлiгi бар аудандарға ерекше назар аударылады», - дедi елорда әкiмi Алтай Көлгiнов.

Сонымен қатар, ол елордада 2019 жылы 6 мектеп, ал 2020 жылы 11 мектеп салынса, биыл 15 мектеп салынатынын тiлге тиек еттi. Бұл жаңадан 40 мың оқушы орнын ашуға мүмкiндiк бередi. Егер салыстырмалы түрде қарасақ, бұл 2020 жылдан екi есе, ал 2019 жылдан төрт есе көп.

«Алдағы бес жылға елордада 67 мектептiң құрылысы жоспарланып отыр. Оқу орындарының құрылысы жеке инвестицияларды тарту есебiнен де жүргiзiлуде», - дедi ол.

Сонымен қоса, ол әкiмнiң тапсырмасы бойынша болашақ педагогтарды ынталандыру мақсатында гранттар саны ұлғайтылғанын, жыл сайын орта арнаулы оқу орындарында оқуға кемiнде 800 грант, ал жоғары бiлiм алуға тағы 300 грант бөлу жоспарланып отырғанын атап өттi.

Әлеуметтiк көмек көрсету шаралары

Қала тұрғындарына әлеуметтiк көмек көрсету бойынша жүйелi шаралар қабылдау үшiн елорда әкiмi Алтай Көлгiнов апта сайын азаматтарды қабылдайды. Әкiмдiктiң хабарлауынша, 2019 жылдың жазынан бастап 2021 жылдың бiрiншi жартыжылдығына дейiн елорда әкiмi екi мың тұрғынды қабылдаған. Мысалы, қала басшысы биыл алты айда 250-ден астам қала тұрғынының проблемасын шешуге көмектестi. Сонымен қоса, пандемияны ескере отырып, азаматтарды қабылдау онлайн-режимде жүргiзiлетiнiн де атап өттi.

«Елордалықтар негiзiнен тұрғын үй, әлеуметтiк көмек алу, бiлiм алу, жұмысқа орналасу, медициналық көмек секiлдi түрлi проблемаларды көтередi. Тiкелей көмек көрсету үшiн ғана емес, әлеуметтiк көмекпен тұрғындарды барынша көп қамту үшiн бiрқатар маңызды орталықтар ашылды», - дедi ол.

Мысалы, оның айтуынша, 2020 жылдың күзiнен бастап тұрғын үй саласында қызмет көрсететiн бiрыңғай орталық жұмыс iстейдi. Онда тұрғын үй кезегiнiң нөмiрi, кезекке қалай тұру керектiгi, тұрғын үй бағдарламаларының тетiктерi секiлдi түрлi проблемалардың шешiм жолын бiлуге болады.

«Жанұя» отбасы институтын қолдау орталығы

«Ал әлеуметтiк мәселелердi шешу үшiн «Жанұя» отбасы институтын қолдау орталығы ашылды. Онда «бiр терезе» қағидаты бойынша қала тұрғындарына 70-тен астам мемлекеттiк қызмет көрсетiледi. Осы жылдың бiрiншi жартыжылдығында 25 мыңнан астам тұрғынға көмек пен кеңес көрсетiлдi», - дедi ол.

iQala қалалық қызметтер орталығының жұмысы

Сонымен қатар, қалада iQala қалалық қызметтер орталығы жұмыс iстейтiнiн еске салды. Бұл жерде тұрғын үй-коммуналдық секторды «бiр терезе» қағидаты бойынша ұйымдастыру қызметiн алуға болады.

«Бұрын қызмет көрсету регламентi болмаған: қала тұрғыны барлық монополистердi аралап жүрiп, әрқайсысымен жеке-жеке шарттар жасасып, жиi-жиi хабарласып, құжаттардың дайын болғанын бiлуi тиiс едi. Бұл шамамен бiр ай уақытты алатын. Қазiр iqala.kz сайты арқылы өтiнiш берiледi, ал 3-5 күн iшiнде құжаттардың дайын екендiгi туралы SMS хабарлама келедi», - Алтай Көлгiнов.

Сонымен бiрге, өткен айда жастарға қызмет көрсету орталығы (Гете,1) ашылды. Мұнда жастар бiлiм алу, жұмысқа орналасу секiлдi өзектi мәселелер бойынша кеңес ала алады. Осы әлеуметтiк орталықтардың жұмысын күшейтудi ары қарай да жалғасатынын айтты.

«Бұдан басқа, азаматтарды қабылдау кезiнде келiп түсетiн мәселелердi ескере отырып, оқуға бөлiнетiн гранттар саны ұлғайды, оңалту және медициналық орталықтар, балаларға арналған демалыс орталықтары мен үйiрмелер, қоғамдық кеңiстiктер (саябақтар, гүлзарлар, желекжолдар) мен аулалар желiсi кеңейтiлдi, сондай-ақ бұзылуға, күрделi жөндеу жүргiзуге жататын апатты үйлер және т.б. тiзiмге енгiзiледi», - деп түйiндедi Алтай Көлгiнов.

Барлық жаңалықтар