• Басты
  • Елордалықтар полиэтиленді пакеттерге қарсы

Елордалықтар полиэтиленді пакеттерге қарсы

28 Қазан, 2019 12:53

«Жасыл ел» еңбек жасақтарының Республикалық штабы ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Қорының қолдауымен Елорда тұрғындары және қала қонақтарына арналған «ECO Pack» экологиялық науқанын ұйымдастырды.



ECO Pack – бұл экологияның көкейкесті мәселелері мен қоршаған ортаны қорғау мәселесіне қоғамның назарын аудартуға бағытталған экологиялық науқан. Бұл науқанның мақсаты – экологиялық мәдениет қалыптастыру, қоршаған ортаға құндылық ретіндегі қарым-қатынас орнату мен табиғат ресурстарын тиімді қолдануға назар аудару. 

Бұл жобаның аясында 700-ден 1000 жылға дейін ыдырайтын полиэтиленді пакеттер көп мәртелік эко-дорбаларға ауыстырылды. 

 «Биыл біз «ECO Pack» жобасын алғаш рет ұйымдастырып отырмыз. Бұл экологиялық науқанды ұйымдастырудағы мақсатымыз – жаһандық жылыну, қоршаған ортаның ластануы, қоқыстардың табиғатқа тигізетін зияны сынды экологиялық мәселелерге жұртшылықтың назарын аудару. Эко-дорбалар планетамыздың экологиясын жақсартуға көп үлес қосады. Полиэтиленді пакеттерге қарағанда, табиғи матадан жасалған эко-дорбалар бірнеше айдың ішінде ыдырап, топырақты органикамен байытады. Осы сынды экологиялық науқандар тек қана Елордамызда емес, Қазақстанның барлық өңірлерінде жүзеге асып келеді», - дейді «Жасыл ел» еңбек жасақтары Республикалық штабының жетекшісі – Азамат Данияр.

ECO Pack науқаны блогерлер және қазақ эстрада жұлдыздары - Мирас Жүгінісов, Rick 04/07 қатысуымен өтетін концертпен сүйемелденді. Ұйымдастырушылар концерт барысында ойын ойнату және бағалы сыйлықтар тарату арқылы жұртшылықтың назарын экологиялық мәселелерге аударды.

Барлық жаңалықтар