• Басты
  • Елордалық дәрігер: Президенттік үстеме ақы медицина мамандарын ынталандырады

Елордалық дәрігер: Президенттік үстеме ақы медицина мамандарын ынталандырады

12 Сәуір, 2020 14:07

Дәрігерлердің жалақысына қосылатын президенттік үстемеақы өте маңызды қолдауға айналды. Бұл пікірді елордалық фтизиопульмонология орталығының дәрігері Марал Әбдірахманова білдірді, деп хабарлайды Strategy2050.kz.

«Біздің бөлімнің ұжымына кеше Президент тапсырмасымен тағайындалған үстемеақы берілді. Ұжым атынан Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа және Үкіметке алғыс айтқым келеді. Барлық дәрігерлер, медбикелер, одан да басқа қызметкерлер осындай қиын кезеңде қаржылай көмек алып отыр. Олар мұнда күндіз-түні жұмыс істейді,коронавирустық инфекциямен алдыңғы шепте күресіп жүр. Медициналық қызметкерлерді үш топқа бөлді, ал ең жоғары қаупіте тұрған біздің ұжымға 3 ай бойы 20 АЕК көлемінде 850 мың теңге қосымша төленді. Оған дейін де Президент тапсырмасымен сыйақы түскен еді, бұл медициналық қызметкерлерді ынталандырады», - деді М. Әбдірахманова.


Қалалық фтизиопульмонология орталығының мамандарына басқа да қолдау көрсетіліп жатыр. Олар «Hilton» қонақүйіне уақытша жайғасты және барлық тағаммен, жұмысқа барып-келетін арнайы көлікпен қамтамасыз етілді. 

Сонымен бірге, дәрігерлер арнайы киім, маска, көзілдірік сынды қорғаныс құралдарымен және иммунитетті нығайтатын дәрумендермен толық қамтылды. 

«Орталықта науқастарға қажетті барлық дәрі-дәрмек бар. Орталық дәрігерлеріне үздік клиника мамандары телефонмен және бейнебайланыспен консультациялық көмек береді. Мемлекеттің осындай қолдауы үшін қуаныштымыз. Әрине, біз де індетті еңсеруге бар күшімізді саламыз», - деді М. Әбдірахманова. 


Еске сала кетсек, наурыз айының соңында ТЖ режимін қамтамасыз ету жөніндегі Мемлекеттік комиссия эпидемияға қарсы шараларға атсалысқан медициналық қызметкерлерге үстемеақы тағайындады.



Барлық жаңалықтар