• Басты
  • Елордада ЖОО-лардағы білім сапасын арттыру мәселесі талқыланды

Елордада ЖОО-лардағы білім сапасын арттыру мәселесі талқыланды

23 Ақпан, 2021 18:38

Бүгін ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовтің жоғары оқу орны басшыларымен кездесу барысында білім саласындағы сапаны арттыру жайлы сөз қозғалды. Жиында 120-ға жуық университеттің басшысы жоғары білім саласындағы өзекті мәселелерді көтеріп, білім сапасын арттыру жолдарын талқылады.Соның ішінде ЖОО оқытушыларын қағаз жүктемесінен босату бойынша жұмыс жүргізілетіні жайлы айтылды, деп хабарлады Strategy2050.kz тілшісі.

Жекеменшік университеттегі студенттен саны 53,8%-ға артқан

Жиынға қатысқан Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім департаментінің директоры Әділет Тойбаев жекеменшік университеттерде білім алушылар саны жыл өткен сайын артып жатқанын атап өтті. Нақтырақ айтар болсақ, 2016-2020 жылдар аралығында жеке меншік университетте білім алушылардың саны 53,8%-ға өскен. Қазіргі уақытта елімізде жалпы 127 жоғары оқу орны бар, оның ішінде 70-і жекеменшік болып табылады. Қазіргі таңда оларда 391 309 адам білім алып жатыр. Олардың 47 421-і мемлекеттік тапсырыс бойынша. Жекеменшік жоғары оқу орындарында білім алушы студенттің көпшілігі - Шымкент қаласында.

«Шымкент университетінің өзінде 15527 студент білім алады. Артынша Қазақстан инженерлік-педагогикалық Халықтар достығы университетінде 12 мың 717 және «SilkWay» университетінде 9 мың 320 студент», - дейді Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім департаментінің директоры Әділет Тойбаев.

Оның айтуынша, 2030 жылға қарай мектеп түлектерін 2 есеге, яғни 301 602 адамға дейін ұлғайту күтілуде. Сондай-ақ, ол студенттер саны өскенімен, университеттердің инфрақұрылымы ұлғаймағанын тілге тиек етті. Сондықтан министрдің тапсырмасы бойынша биыл мемлекеттік-жекешелік әріптестікті қолдану арқылы инфрақұрылымды оқу ғимараттарын дамыту бойынша іс-шара басталатынын жеткізді.

Ғылыми жетекшілерге қойылатын талап күшейді

Бұдан бөлек, ол магистратура мен докторантура деңгейлерінде ғылыми жетекшілерге қойылатын талаптар бұрынғыдан күшейе түскенін, докторантураның мазмұнына академиялық жазудағы пәндер мен ғылыми зерттеу әдістері жасақталып енгізілетінін атап өтті.

Сондай-ақ, оның мәліметінше, қызметтің типтік ережелер ақылы білім беру қызметін реттейтін ереже алып тасталған. Сыныптар мен жатақханаларды пайдалану үшін сенімді басқару мүмкіндігі берілген.

«Есептерді азайту және ЖОО оқытушыларын қағаз жүктемесінен босату бойынша жұмыс жүргізілді. Бұл жоғары оқу орындарының академиялық және басқарушылық дербестігін арттыратыны сөзсіз. Жалпы алғанда есептіліктің 11 нысаны алынып тасталды. Сондай-ақ, осы жылдан бастап ЖОО-лар алғаш рет өз үлгісіндегі дипломдарын береді», - деді Тойбаев.

Оның айтуынша, білім беру бағдарламаларының сапасын қамтамасыз ету үшін сараптама жүргізіледі және тізім қалыптастырылады.

«Тізімде 9 168 ББ тіркелген, оның ішінде жаңа 2 592 және инновациялық 268. Бұл ретте, инновациялық бағдарламалардың үлесі төмен екені байқалып тұр. Былтыр жұмыс берушілер 90 мамандық бойынша 2000 ББ бағалады, оның 32,6%-ы ғана жұмыс берушілердің талаптарына сәйкес келеді. Оның ішінде ББ 15,6% күтілетін нәтижелерге сәйкес келмейді», - деп айтты Әділет Тойбаев.

«ЖОО-дағы кіріс тек жоғары білімнің өзіне ғана жұмсалуы тиіс»

Жоғары білім саласында сапаны арттыру мәселелерін талқылауға қатысқан KAZGUU университетінің Басқарма төрағасы Талғат Нәрікбаевтің пайымынша, жоғарғы оқу орнындағы кіріс тек жоғары білімнің өзіне ғана жұмсалуы тиіс. Сапа мен академиялық адалдық үшін күресті бастаған кез келген жоғарғы оқу орны адал бәсекелестік қана тиімді болатынын жақсы ұғынуы керек. Қазіргі кезде жоғары оқу орындары үшін академиялық әрі басқарушылық дербестік жеткілікті болып тұр. Осы орайда барынша тиімді қадамдар мен әдістерді енгізу мүмкіндік екенін атап өтті.

«Адал бәсекелестік – ол базалық ережелерді сақтау және сапа стандарттарын және этикалық нормаларды бұзбау дегенге саяды. Егер мемлекет адал бәсекелестік үшін талаптарды қамтамасыз етпесе, онда тәртіпсіздік орын алатыны белгілі», - деді Т. Нәрікбаев.

Айта кету керек, ол бұған дейін жоғары оқу орындары тек табыс жасау мақсатында ашылған кезең болғанын жасырмады. Бұл өз кезегінде білім сапасына теріс әсер ететінін жеткізді. Оқу орнында қолайлы жағдай жасалып, озық цифрлық шешімдерді енгізіп, еңбекақы көлемін ұлғайту секілді негізгі мәселелерге бағытталғаны жөн санайтынын айтты.

«Дайындық тиімділігінің көрсеткіштерінің бірі - жұмыспен қамту көрсеткіші. Елімізде жұмысқа орналастырудың жалпы көрсеткіші мемлекеттік тапсырыс бойынша 70,2%-ды құрайды», - деді ол.

Оның пікірінше, осындай ЖОО-лар барлық жоғары білім саласы бойынша қоғамда жалпы теріс пікірді қалыптастырады. Сондықтан, бұл жағдайды шұғыл түрде түзету керек, жоғар білімде кіріс тек жоғары білімнің өзіне жұмсалуы тиіс.

Оның айтуынша, басты клиент– студенттер емес, жұмыс берушілер екенін естен шығармаған жөн. Қазір білім алып жатқан студенттер кейін біздің және балаларымыздың болашағына ықпал ететінін ұмытпаған жөн. Егер университет студенттен оқу ақысын ала отыра, еңбек нарығында сұранысқа ие сапалы білім бермесе, ол алаяқтық деп есептелетінін жеткізді.

Оның сөзіне назар аударсақ, оқу процесі мен бизнес процесті цифрландыру үнемі қаржылық мүмкіндіктерге байланысты бола бермейді. Осы тұрғыда бастапқы кезеңде сапалы әрі терең аудит пен хронометраж жүргізуді ұсынды. Сондай-ақ, оқу процесі мен бизнес-процестерді цифрландыру әрдайым ақшаға тіреле бермейтінін атап өтті.

«Бұл өз кезегінде жоғарғы оқу орындарының ішінде қандай проблемалар бар екенін, қай жерде нәтижелер бұрмаланатынын түсінуге нақты көмегін береді. Академиялық процестерді цифрландыруға қарсылық танытқандар көбіне ашықтық болғанын қаламайды десек болады. Себебі, білімді бағалаудың, өтінімді қарау мен шешім қабылдаудың әрбір кезеңі бәріне көрініп қана қоймай, базада сақталады», - деді Нәрікбаев.

Атап өтейік, шара Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігінің Фейсбуктегі ресми парақшасында тікелей эфирде көрсетілді.

Венера Жоламанқызы

Барлық жаңалықтар