• Басты
  • Елордада Жеңіс Нұрлыбаевтың «Пандемия. Шектеу. Самғау...» атты жеке көрмесі ашылды

Елордада Жеңіс Нұрлыбаевтың «Пандемия. Шектеу. Самғау...» атты жеке көрмесі ашылды

10 Қыркүйек, 2021 11:07

Елордада ҚР тұңғыш президенті – Елбасы кітапханасында белгілі кескіндемеші, график, ҚР Суретшілер одағының мүшесі, публицист Жеңіс Нұрлыбаевтың жеке көрмесінің ашылу салтанаты өтті. Аталмыш көрмеге суретшінің 60-қа жуық жұмысы ұсынылды, деп хабарлады Strategy2050.kz тiлшiсi.

«Пандемия. Шектеу. Самғау...» көрмесінің авторы Жеңіс Нұрлыбаев «Тәуелсіздіктің мәдени негізі» жобасы аясында халықаралық кеңістікте Ұлы Дала елінің мәдени кодын қалыптастыратын саңлақтарды ұсынады. «Күміс қауырсын» графикалық топтамасын жалғастыра отырып, автор мәжбүрлі оқшаулану кезеңдерін тордан ұшатын құс бейнесінде адамның эмоционалды-психологиялық жағдайын қабылдау механизмін іске қосқан триггер ретінде бағалайды.

Жиында музей құндылықтарын есепке алу және сақтау қызметінің басшысы Күләйша Ақтаева алғаш болып сөз алып, бұл жоба әлемді шарпыған пандемияға қарамастан, ұлт мәдениеті көрнекті өкілдерінің өнерін, ұрпақтар сабақтастығының маңыздылығын насихаттауды көздейтінін атап өтті. Оның сөзінше, ұсынылған сериядағы әр жұмыс біртұтас рухани мазмұнды құрайды.

«Белгілі шебер Жеңіс Кәкенұлының көрмесі – автор әлемінің айнасы. Оның туындылары табиғатқа, құстарға, үйлесімдікке ұмтылады. Қанық бояуларға толы суреттер шығармашылық бейнелер мен тылсым нәзіктікті әбден сіңірген» - деді Күләйша Ақтаева.

Жиынға қатысқан «Құланшы» заманауи өнер орталығы кураторлық кеңесінің төрағасы, Еуразия өнер академиясының президенті Ләйлә Махат өз сөзінде Жеңіс Кәкенұлын дарынды кескіндемеші ретінде біраздан білетінін айтып, ал графикалық суретші ретінде жаңа қырынан танып жатырғанын жеткізді.Оның айтуынша, өнердің даму тарихы- әлеуметтік, экономикалық немесе саяси өзгерістер сияқты сынақ пен дағдарыстың кезінде өнер саласының түрлі бағыттары шарықтап, жаңа кезеңге қадам басқанын аңғаруға болады. Осы тұста, Жеңіс Кәкенұлы да бұл ахуалдың тұсында жаңа қырынан ашыла түскенін тілге тиек етті. Сондай-ақ, авторды көрменің ашылуымен қатар Еуразия өнер академиясының мүшелігіне кіруімен құттықтады.

«Биыл ол кісіні графикалық суретші ретінде жаңадан танып жатырмын. Расында да пандемияның бәрімізге әсері зор. Алайда нағыз өнер соғысты да, пандемияны да төзеді. Әрине, суретшінің қолжазбасы сезіледі, алайда түстер мен штрихтерден өзгеріс байқалады, - деді Еуразия өнер академиясының президенті Ләйлә Махат.

Суретші Жеңіс Нұрлыбаев өз шығармашылығының салаға бөлінетінін айтып өтті. Атап айтқанда, «Көз көргендер», «Менің суретшілерім» «құлыншақ» «Сәйгүлік семантикасы» сынды көрме өткізілгенін жеткізді.Ал бұл көрме тұқтасымен құстарға арналған графикалық көрме екенін айтты.

«Құстарға арналаған Күміс қауырсын сериясы 2000 жылы басталып, 300-ге жуық картина дүниеге келген болатын. Сол картиналардың 60-ын алдарыңызға ұсынып отырмын. Суретшілер өзін барлық жанрда байқауы керек деп ойлаймын. Бұл жерде барлық бояу түрлері соның ішінде маркер, акварель, акрил бояулары қолданылды», - деді Жеңіс Нұрлыбаев.

Сондай-ақ, ол осы уақытқа дейін шығармашылығыма ұлтымыздың тарихы, мәдениеті мен фольклоры арқау болса, бұл ретте жалпы адамзат болмысы мен құндылықтарына сүйеніп, адамның ішкі дүниесі мен жан әлемін бейнелеуге тырысқанын тілге тиек етті.

«Көрмені тамашалауға келген азаматтардың туындыларға терең үңіліп, мазмұнын түсінуге тырысуы - суретші үшін үлкен мадақ. Сол қауымды жинаған іс-шараның ұйымдастырушыларына алғысым шексіз, - деді Жеңіс Нұрлыбаев.

Аталмыш іс-шараға Қазақстан Республикасында аккредиттелген шетелдік елшілік өкілдері, «Құланшы» көркем галереясының және «Has Sanat» арт-галереясының, «Байта» ҚФ, «Фолиант» баспасының өкілдері, Нұр-Сұлтан суретшілер одағының мүшелері, Нұр-Сұлтан қаласындағы ЮНЕСКО клубының балалар көркемсурет мектебінің мұғалімдері, сондай-ақ астаналық гуманитарлық колледж студенттері қатысты.

Айта кету керек, «Пандемия. Шектеу. Самғау...» көрмесі 27 қыркүйекке дейін жалғасады.

Барлық жаңалықтар