• Басты
  • Елордада жас суретші Анар Әбжанованың жеке көрмесі ашылды

Елордада жас суретші Анар Әбжанованың жеке көрмесі ашылды

14 Мамыр, 2021 11:22

Ел астанасындағы Елбасы кітапханасында суретші, Mondial Art Academia халықаралық Француз өнер қауымдастығының мүшесі, «Қазақстанның 100 жаңа есімі» ұлттық жобасының «Мәдениет» номинациясы бойынша жеңімпазы Анар Әбжанованың «Алатау жауһарлары» атты жеке көрмесінің ашылу рәсімі өтті, деп хабарлады Strategy2050.kz тілшісі.

Аталмыш көрме үшін қылқалам шебері арнайы 30-дан астам сурет салған. А.Әбжанованың туындыларынан оның шеберлігін ғана емес, туған өлкесіне деген сүйіспеншілігі мен табиғатқа таңданысын да аңғаруға болады. Суретші өзінің шығармашылығы арқылы көрерменді табиғатты бағалауға және қорғауға шақырады.

Жиында Елбасы кітапханасының директоры Бақытжан Темірболат алғаш болып сөз алып, Анар Әбжанованың бүгінгі Қазақстанның бейнелеу өнерінің көш басында келе жатқан суретшілердің бірегейі екенін атап өтті. Оның сөзінше, суретшінің еңбектерінде Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласының мазмұны шығармашылық негізде көрініс тапқанын айта өтті. Сондай-ақ, мекеме басшысы авторға «Нұрсұлтан Назарбаев. Өмірбаян» кітабын тарту етті.

photo5255872521339777328.jpg

«Анар Әбжанованың еңбектерінде Н.Ә. Назарбаевтың мақалалары өнер тілінде жақсы суреттелген. Бүгін мұнда бейнелеу өнерін бағалайтын жандар жиналды. Осы жердегі көздің жауын алатын керемет дүниелерді Анар бүгінгі көрме үшін арнайы салды», – деді Бақытжан Темірболат.

Жиынға қатысқан ҚР Ұлттық музейінің директоры Арыстанбек Мұхамедиұлы да жас суретшінің өнерін тілге тиек етіп, оның тек өнерде ғана емес, өмірде де тамаша адам екенін, өте байсалды жан екенін атап өтті.

«Анарды бірінші курстан жақсы білемін, өте жақсы оқып, күні-түні шеберханада тынымсыз еңбек етті. Бұл, әрине, өз жемісін берді. Сол кездің өзінде ол халықаралық деңгейге шықты, түрлі конкурстардың бас жүлдесін жеңіп алды, көрмелерге қатысты. Т. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы үшін бұл үлкен мақтаныш, студенттер үшін мотивация болды», – деді А.Мұхамедиұлы.

photo5255872521339777323.jpg

Сондай-ақ, жиында жас суретшінің ұстазы, суретші-кескіндемеші, ҚР Суретшілер одағының мүшесі Арыстан Смағұлов автор шығармашылығына ерекше баға берді.

«Анар Әбжанова сияқты шебердің қалыптасуына өз үлесімді қосқанымды мақтан тұтамын. Жас кезінен бастап ол өз шеберлігін шыңдап, көп жұмыс істеді. Тынымсыз еңбегінің арқасында Қазақстаннан тыс жерлерде көрмелер өткізіп жүр. Анар – өте еңбекқор да талантты адам. Оған тек шығармашылық табыстар тілеймін», – деді ол.

Биылғы жылы суретшінің шығармашылығына 20 жыл толады. Анар Әбжанованың «Әлем – арман қанатында» атты алғашқы жеке көрмелерінің бірі 2012 жылы Елбасы кітапханасының алаңында (Тұңғыш Президент музейінде) «Үкілі үміт» шығармашыл жастарды қолдау жобасы аясында өткізілген екен.

photo5255872521339777326.jpg

Суретшінің айтуынша, қазақстандық қызғалдақтар тақырыбына арналған жұмыстар топтамасын жасау идеясына Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы шабыт берген. Онда Н.Ә. Назарбаев Қазақстан алма мен қызғалдақтың тарихи отаны екенін атап өткен.

Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығын мерекелеу жылында Елбасының бағдарламалық мақаласының мазмұны «қарапайым, бірақ бүкіл әлем үшін өзіндік мән-маңызы зор»   қызғалдақтарға арналған жұмыстардың жарық көруіне мұрындық болды. Н.Ә. Назарбаевтың «өсімдіктер әлемінің жауһары» атаған Грейг қызғалдақтарының әсемдігі Анар Әбжанованы Іле Алатауына шыққан кезде таң қалдырған. Грейг қызғалдақтары бейнеленген жұмыстар циклі Регель, Колпаковский қызғалдақтарының суреттерімен толықтырылған.

photo5255872521339777324.jpg

«Тауларда өсетін қызғалдақтардың гүлдеген сәтін екінің бірі көре алмайды. Бұл сирек кездесетін құбылыс. Сұлулығына тіл жетпейді. Мен осы кереметті көріп, қағазға түсіре алдым. Табиғаттың өзі маған сенім артқандай. Өз суреттерім арқылы табиғатқа, Қазақстан таулары мен даласының бірегей сұлулығына ұқыпты қарауды насихаттағым келеді. Қызыл кітапқа енген өсімдіктерді жоймай, керісінше сақтап қалуды сұраймын», – деді Анар Әбжанова.

Аталмыш көрме Елбасы кітапханасының жинағында тұрған танымал авторлардың шығармашылығын насихаттауға бағытталған «Тәуелсіздіктің мәдени коды» жобасы аясында ұйымдастырылды.

photo5255872521339777327.jpg

Сондай-ақ, іс-шараға шет мемлекеттердің елшілері мен дипломатиялық корпустарының өкілдері, суретшілер, өнертанушылар мен өнер қайраткерлері, ҚазҰӨУ көркемсурет факультетінің оқытушылары, Нұр-Сұлтан қаласындағы Балалар көркемсурет мектебі – ЮНЕСКО клубы мен «AVANGARD» көркемсурет мектебінің педагогтары мен оқушылары қатысты.

Айта кету керек, көрме 11 маусымға дейін жалғасады. Көрме материалдарымен Елбасы кітапханасының сайтындағы «Көрмелер», «Жобалар» бөлімінен танысуға болады.

Венера Жоламанқызы

Барлық жаңалықтар