• Басты
  • Елордада «Жамбылмен бірге жырлайық» шығармашылық байқауы қорытындыланды

Елордада «Жамбылмен бірге жырлайық» шығармашылық байқауы қорытындыланды

26 Ақпан, 2021 21:41

Бүгін Елордада «Жас Сарбаз» жасөспірімдер әскери-паториоттық қозғалысы ұйымдастырған «Жамбылмен бірге жырлайық» атты онлайн өткен шығармашылық байқаудың қорытынды кеші өтті, деп хабарлады Strategy2050.kz тiлшiсi.

Шараның алғашқы кезеңі көрменің таныстырылуымен өтті. Сонымен қатар, аталған шара тәуелсіздігіміздің 30 жылдығымен тұспа-тұс келіп отырған Жамбыл Жабаевтың 175 жылдығына орай оның өмірі туралы бейнероликпен жалғасты. Кеште ақынның ұрпақтары Жамбылов Ердәулет пен Мырзабек Олжас өнер көретті.

Халық поэзиясының алыбы атанған Жамбылдың есімі дүниежүзі халықына кеңінен мәлім екені белгілі. Ұйымдастырушылар, Жамбыл медресе мектептерінің есігін ашып, қолына қалам ұстап, жазу сызуды білмесе де, жастайынан домбыра тартып, жыр жаттап, қазақ халқының сөз өнерін үйренгенін, сонымен бірге «Көрұғлы», «Мұңлық -Зарлық», «Шаһнама», «Қыз Жібек» сияқты үлкен дастандарды бірнеше апта бойы жырлағанын атап өтті.


Сондай-ақ, «Жас Сарбаз» жасөспірімдер әскери-паториоттық қозғалысы «Жамбылмен бірге жырлайық» атты инстаграм желісінде жарияланған байқаудың қорытындысы таныстырылды.

Жиынға қатысқан Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің «Жастар» саясаты мәселелері басқармасы басшысы Қайрат Тельманұлы құттықтап, жеңімпаздарды марапаттады.

«Жыр алыбы, суырыпсалма ақын, қазақ халқының ұлы перзенті Жамбыл атамыздың 175 жылдығы тұғырлы тәуелсіздігіміздің 30 жылдығымен тұспа-тұс келіп отыр. Осы орайда жеңімпаздарды құрметтеу, грамота беру - мен үшін үлкен мәртебе» - деді Қайрат Тельманұлы.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, басты мақсат жастардың рухани патриоттық сезімін оятып, бойына сіңіру. Сондай-ақ, республикалық деңгейде ұйымдастырылған бұл байқауға қатысуға еліміздің әр төңірегінен 500-ге жуық өтінім түскен. Оның ішінен 50-ге жуық қатысушы іріктеліп алынып, 6 қатысушы алғыс хатпен марапатталды.


«Бұрын ата-бабаларымыз 5 жасынан балаға қару ұстатқан халықпыз, қазіргі заманда жастарымыздың бәсеке қабілетті болуы үшін тәрбие мен терең білімнің маңызы жоғары. Сол себепті бұл байқауда топ жарып жеңімпаз атанып отырған оқушылыларды шын жүректен құттықтаймын. Оның ішінен 50-ге жуық қатысушы іріктеп алынып, 6 қатысушы алғыс хатпен марапатталды»,- деді «Жас Сарбаз» жасөспірімдер әскери-паториоттық қозғалысы Нұр-Сұлтан қалалық филиалының төрағасы Асхат Бағдатұлы.

Нақтырақ айтар болсақ, №66 мектеп оқушысы Мейрамбек Сымбат I орынмен, №72 мектеп оқушысы Мукашева Ламисса II орынмен, №53 мектеп оқушысы Боранбай Аян III орынмен, №3 мектеп оқушысы Задаева Амира, №53 мектеп оқушысы Ай Асия, сондай-ақ Көлік және коммуникация колледжінің студенті Федорова Мира алғыс хаттармен марапатталды.

Бұдан бөлек, алдағы уақытта Жамбыл Жабаевтың 175 жылдығына орай көрме ұйымдастырылатыны атап өтілді.

Венера Жоламанқызы

Барлық жаңалықтар