• Басты
  • Елордада «Жаңғыру жолы» республикалық жастар қозғалысының мүшелерімен кездесуі өтті

Елордада «Жаңғыру жолы» республикалық жастар қозғалысының мүшелерімен кездесуі өтті

18 Ақпан, 2021 18:22

Бүгін елордадағы Достық үйінде Қазақстан халқы Ассамблеясы депутаттық тобының ҚХА «Жаңғыру жолы» республикалық жастар қозғалысының мүшелерімен кездесуі өтті. Ондағы негізгі мақсат - мемлекеттік жастар саясатын жүзеге асыру бойынша диалогтық сарапшылық алаң құру. Кездесу барысында 2021 жылға арналған жұмыс жоспары мен міндеттері талқыланды хабарлады Strategy2050.kz тілшісі.

Жиынға қатысқан ҚР АҚДМ этносаралық қатынастарды дамыту комитеті төрағасының орынбасары Еркін Үйсімбаев мемлекеттік жастар саясатын іске асыру бойынша бастамаларды жүзеге асыру маңызды екенін айтты.

«Жастар – ел болашағы, жастар саясаты тәуелсіз Қазақстан елінің басты басымдылықтарының бірі болып табылады. Осыған байланысты министрлік Қазақстан халқы ассамблеясының республикалық және өңірлік қоғамдық құрылымдарымен және "Қоғамдық келісім" КММ жұмысының бірыңғай тұжырымдамасын әзірледі. Онда Ассамблеяның барлық құрылымдарының жұмыс тәртібі, функционалдық басымдықтары мен қызметінің негізгі бағыттары баяндалған»,-деді Еркін Үйсімбаев .

Үйсімбаев "Жаңғыру жолы" республикалық жастар қозғалысының қызметіне жоғары баға берді. Оның айтуынша, министрлік жастар саясаты аясында бірқатар жұмыс атқарылып отыр.

«Қазіргі уақытта министрлік "Жарасым" республикалық жастар ұйымымен бірлесіп Қазақстан халқы ассамблеясының жастар ұйымдарын дамыту жөніндегі жұмыс жоспарын әзірлеуде. Жоспар "Жаңғыру жолы" республикалық қозғалысының штабтарын өңірлік деңгейде күшейту, еліміздің жоғары оқу орындарының базасында "Жарасым" жастар клубтарының желісін құру, жастардың өзін-өзі басқаруын дамыту, Қазақстан этностары арасында қазақ тілін танымал ету жөніндегі жұмыс, қайырымдылық іс-шараларын өткізу кешенін қамтиды»,-деді Үйсімбаев.

Оның айтуынша, осыған байланысты "Жарасым" республикалық жастар ұйымының базасында жастар көшбасшыларының, ҚХА мүшелерінің, этномәдени бірлестіктердің, танымал блогерлердің, еріктілердің, қайырымдылық ұйымдары өкілдерінің, журналистердің, мемлекеттік қызметшілердің қатысуымен жас ұрпақты толғандыратын өзекті мәселелерді талқылау бойынша "Жалынды жастар" пікірталас алаңын құру ұсынылған. Еркін Үйсімбаевтың сөзінше, бұл бастаманы Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева қолдаған.

Сондай-ақ, жиынға қатысқан мәжіліс депутаты Сауытбек Әбдірахманов жастардың елдің дамуы мен жаңғыруының негізгі тетігіне айналуы үшін қолдау көрсету керегін айтты.

«Әрбір екінші қазақстандық жастардың құрамына жатады. Біздің болашағымыз үлкен. Жастары көп ұлт ретінде жастар саясатына ерекше көңіл бөлуіміз керек. Елбасы мен Президент жастар саясатына ерекше көңіл бөлу туралы жиі айтады. Қоғамның жаңғыру жағдайында және адам капиталын дамыту аясында жастарды дамыту елдің дамуы мен жаңғыруының негізгі тетігіне айналуы керек», - деді Сауытбек Әбдірахманов.

Сонымен қатар, жастар арасында қылмыстық істер азайғаның тілге тиек етті.

«Былтыр 2019 жылмен салыстырғанда қылмыстық істер 30 пайызға азайғанның өзі маңызды болып отыр. Себебі қылмыстардың басым бөлігі жастармен байланысты болады.Бас прокуратура да бұған назар аударып отыр. Жастардың арасында қылмыстың азайғаны қуантады», дейді Сауытбек Әбдірахманов

Сондай-ақ, ол жастардың ұлы мақсаттарды бағындырғанын қаласақ жастардың бойындағы асыл қасиеттерін бағалай білуіміз қажет екенін баса айтты.

«Демек жастар ертеңін ойлайтын, болашағына үмітпен қарауды үйреніп келе жатыр. Біз үнемі жастардың бұзылып кеткенін айтып, көңіліміз толмай жатады. Бұл туралы тек адам ғана тіс жармады. Олар – Адам мен Хауа ана. Себебі олардың кезінде адам болмады. Келесі ұрпақты кінәлай алмады. Ал адамдар жастар басқаша екенін айтты», - дейді Әбдірахманов.

Депутат адамзатты алға жылжытатын түптеп келгенде жастар екенін атап өтті. Сондай-ақ, ол мемлекет жастарды қоғамдық іске тартуда ауқымды іс атқарып жатқаның тілге тиек етті.

«Біздің қоғамымызды да алға жылжытатын жастар болады. Бұл орайда, президент жастарға туған тілі мен өзге тілдерді білу бойынша талап қойды. Біз жастарды барлық біліктілікке үйретуіміз керек. Мемлекет жастарды қоғамдық істерге тарту бойынша ауқымды іс атқарып жатыр», - деді ол.

Депутат жастарға көңіл бөлініп жатқанын айтып өтті. Мәселен, оның айтуынша, мәжіліс құрамындағы жастардың үлесі артқан.

«Мәжілістегі ең жас депутаттың жасы 25-те. Ол кеше өзінің тақырыбы бойынша депутаттық сауал жасады. Жастарға арналған жатақханалардың жағдайына қатысты мәселені көтерді. Осыған дейін ең жас депутат Генадий Шиповских болатын. Енді бұл мәртебеден айырылып қалды», - деп езу тартты Сауытбек Әбдірахманов.

Депутат жастарға қатысты талқылайтын, ойластыратын көп мәселе бар екенін еске салды. Осы орайда, «Жаңғыру жолы» алаңдары өте тиімді екенін атап өтті.

Бұдан бөлек, жиынға қатысқан АҚДМ Жастар және отбасы істері комитетінің төрағасы Шахмардан Байманов «Тәуелсіздік ұрпақтары» ұлттық жобасы туралы айтып өтті. Бұл жобада, ол жастардың проблемалық мәселелеріне ерекше көңіл бөлінетінін жеткізді.

«2019 жылы елбасының тапсырмасымен Жастар жылы жарияланды. Кейін 2020-да Волонтерлар жылы жүзеге асырылды. 2021 жылы ел тәуелсіздігінің 30 жылдығы тойланады. Жиынның күн тәртібіндегі негізгі мәселенің бірі - «Жастар саясаты туралы» заңына өзгерістер енгізу болып отыр,» - деді АҚДМ Жастар және отбасы істері комитетінің төрағасы Шахмардан Байманов.

Байманов «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік жастар саясаты мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы заңының жобасына 2021 жылға арналған жұмыс жоспары қосылғанын айтты.

«Осыған сәйкес, оны парламент мәжілісіне енгізу биылғы желтоқсанға жоспарланып отыр. Қазіргі таңда жұмыс тобын құру бойынша жұмыс жүзеге асырылып жатыр. Жұмыс тобының отырыстарында заң жобасының тұжырымдамасы әзірленеді. Министрлік 3 ақпанда стратегиялық сессия форматында іс-шаралар ұйымдастырды. Ол бойынша әр өңірде аталған заң жобасы талқыланып, ұсыныстар алынды,» - деді Байманов.

Шахмардан Байманов айтқандай, қазір «Тәуелсіздік ұрпағы» ұлттық жобасы әзірленіп жатыр. Осы орайда, ол ұлттық жоба аясында қазақстандық жастардың өзекті проблемаларын шешудің нақты қадамдары ескерілуі тиіс екенін атап өтті.

«Осы бойынша ұсыныстар қабылданып жатыр. Жастардың проблемалық мәселелеріне ерекше көңіл бөлу жоспарланып отыр. Оның ішінде жастардың қолжетімді баспанамен қамтылуы және жұмыспен қамту, білім беру мәселелері бар. Бұл мәселе бойынша мемлекеттік органдармен жеке жұмыс атқарылып жатыр. 2019 жылы Алматы, Нұр-Сұлтан, Шымкент қалаларында жастарға арналған пәтерлер беру басталды. 2021 жылға дейін баспана алған жастар саны 9 мыңға жетеді,» - деді Шахмардан Байманов.

Сонымен қатар, айта кетейік, іс-шараға Қазақстан халқы Ассамблеясының ҚР Парламенті Мәжілісіндегі депутаттары, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі М.А.Әзілханов, ҚХА этномәдени бірлестіктері мен жастар қанатының өкілдері қатысты.

Венера Жоламанқызы

Барлық жаңалықтар