• Басты
  • Елордадағы "ерекше" балалар "Ailand" орталығына тегін саяхаттады
14 Қазан, 2020 18:27

Елордадағы "ерекше" балалар "Ailand" орталығына тегін саяхаттады

«Q Charity» қоғамдық қоры апта сайын мүмкіндігі шектеулі балаларға, әлеуметтік осал топқа жататын отбасылардан шыққан балаларға, сонымен қатар көпбалалы отбасылардың балаларына арнап Елорданың отбасылық демалыс орнына саяхат ұйымдастыруды бастады, деп хабарлады Strategy2050.kz тілшісі.


Елордадағы "ерекше" балалар "Ailand" орталығына тегін саяхаттады

Қор басшысы Мадина Жұмағалиеваның айтуынша, астанадағы бірнеше қор бірлесіп мүмкіндігі шектеулі балалардың көңілін көтеру үшін түрлі шаралар ұйымдастыруды әдетке айналдырған. 

Тек осы жылдың көктем айынан бастап карантиндік шектеу шаралары енгізілгеннен бері "ерекше" балалар үшін ұйымдастыратын шараны тоқтаттық. Бүгіннен бастап қайтадан қолға алдық. Бүгін даун синдромы, аутизм, ДЦП сияқты диагнозы бар балалар үшін сахат ұйымдастырдық. Мұндай шара әр сәрсенбі сайын өткізіледі. Бәрі тегін! Қазір келген балаларды үш топқа бөліп, алғашқы тобы океанариумға, екінші тобы экзотариумға, үшінші топ айналмалы дөңгелекке барып Нұр-Сұлтан қаласын биіктен тамашалайды. Саяхат біткен соң біз балаларға арнап тәтті дастарқан жайдық. Сонда күтеміз, - деді Мадина Жұмағалиева.

Ailand орталығы директорының орынбасары Азамат Рақымжановтың айтуынша, орталық санитарлық талаптарды қатаң сақтап, арнайы жұмыс кестесі бойынша жұмыс істеп жатыр. Сенбі-жексенбі күндері орталық жабық болады.

Ailand отбасылық демалыс орталығында океанариум, экзотариум, аквасаябақ, Джунгли және  айналмалы дөңгелек бар. Біздің орталықта демалу үшін көпбалалы отбасыларға, мүмкіндігі шектеулі балаларға жеңілдіктер қарастырылған. Және қайырымдылық қорларымен бірігіп бүгінгідей акция ұйымдастырып тұрамыз. Бизнес өкілі ретінде біз қоғамдағы әлеуметтік осал топтар үшін жауапкершілік алып, оларға тегін демалыс күндерін өткіземіз. Бұл орталық 2007 жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қолдауымен «Думан» атты орталық болып ашылған. 2017 жылы Ailand орталығы болып қайта ашылды. Пандемия бізге әсер етпей қоймады. Келушілер қарасы бұрынғыдан әлдеқайда аз. Балықтарды сақтап қалу үшін барлық әдістер жасалып жатыр. Соған қарамастан балықтардың саны азайып жатыр. Қазір 3 млн литр суда 3000-ға жуық теңіз балықтары мен 100 теңіз фаунасы өмір сүреді. Океанариумда суға 10 мың тонна тұз себілген. Су арнайы фильтрден, арнайы айналымнан өтіп тұрады. Жақында форель балықтарын алып, океанариумның бір бөлігін балық аулау аймағына айналдыруды жоспарлап отырмыз. Бұл естанамызда жоқ жаңа демалыстың түрі болмақ. Бүгін біз балалардың Джунгли аймағына кіруіне рұқсат бермедік. Өйткені балалар кішкентай, оның үстіне денсаулықтарында ақау бар. Олар анимациялы үлкен жануарлардан шошып кетуі мүмкін. Біз үшін балалардың денсаулығы бірінші орында , - деді орталық басшылығының өкілі.

Балалар демалыстан кейінгі әсерімен бөлісті.

6 жасар Дина Әлімханның айтуынша, бүгінгі күн көңілді әрі танымды болды.

Біз карантин болғасын үйден көп шықпаймыз. Қазір бұрынғыдай емес, осындай көңіл көтеретін орындар аз. Балықтарды жақыннан әйнектің артынан көрген ерекше ұнады. Олардың түрі көп. Үйдегі аквариумның үлкен түрі. Маған ұнады, - деді бүлдіршін.

5 жасар Әбілмансұр айналмалы дөңгелек туралы әсерімен бөлісті:

Мен бүгін қаланы аспаннан қарадым. Қорықпадым. Ұшаққа мінген сияқты болдым. Бүгін күн де жылы. Енді біз осы жерге жиі келіп тұрамыз, - деді ол.

Экзотариумдегі тірі бауырымен жорғалаушыларды көріп шыққан Алдияр зообаққа бармағанына көп болғанын айтты.

Біз бұрын зообаққа баратын едік. Қазір карантин болғаннан бері қыдыруды азайттық. Бүгін мен тасбақалар, қолтырауын мен жыландарды көріп, оларды ұзақ бақыладым. Олар далада еркін жүруі керек. Біз сияқты балаларға қуаныш сыйлау үшін олар арнайы жәшіктерде өмір сүріп жатыр. Оларға рақмет. Бүгін бізді қыдыруға алып шыққан апайларға да рақмет, - деп бөлісті Алдияр.

 

Барлық жаңалықтар