• Басты
  • Елордадағы эпидахуал күрделі

Елордадағы эпидахуал күрделі

29 Сәуір, 2021 12:37

Елордада коронавирусқа қарсы вакциналау пунктерінің саны 100-ге жетті. Десе де, қаладағы эпидахуал тұрақсыз. Бұл туралы қала әкімдігінде өткен дөңгелек үстелде қала басшылығы мен дәрігерлер айтты, деп хабарлады Strategy2050.kz тілшісі.


Қалада егу пункттерінің саны артты

Қала әкімінің орынбасары Бақтияр Мәкеннің айтуынша, қазіргі уақытта ең басты міндет – азаматтарды коронавирусқа қарсы вакциналаумен жаппай қамту.

«Осы орайда тұрғындардың вакцина алуын кеңінен қамту үшін қалада вакцинация пунктерінің саны 100-ге дейін артты. Сондай-ақ, жұртшылыққа ыңғайлы болу үшін қаламыздың ең үлкен ойын-сауық орталықтарында, «Mega Silk Way», «Keruen», «Хан Шатыр» және «Әбу-Даби Плаза» сияқты кешендерде вакцинация пунктерін аштық.», - деді ол.

Бүгінгі таңда әр пункт күн сайын 250-300 адамға вакцина салуды қамтамасыз етіп отыр. Әкімдік өкілінің сөзінше, бұл жұмыстар айтарлықтай нәтиже беруде.

«Қаламызда сәуір айының басынан бері 100 мыңнан астам адам вакцина алды», - деп хабарлады ол.

Бақтияр Мәкен қала тұрғындарының вакцинаға деген сенімі артып келе жатқанын мәлімдеді.

«Өздеріңізге белгілі бастапқыда жұртшылық вакцинацияға қауіппен қарады. Бірақ вакцина қабылдамау денсаулыққа қауіпті екендігі түсінгеннен кейін вакцинация анғандардың қатары толыға бастады», - деді.

Қазір халықтың алаңдаушылығы мен үрейі басылды. Өз денсаулығына жауапкершілікпен қарайтындардың қатары көбейді. Спикерлер тұрғындарды адам көп жиналатын жерлерге бармауға, санитарлық нормалар мен карантиндік талаптарды сақтауға шақыруды.

«Әлем ғалымдары мен отандық ғалымдар вакцинация қауіпті инфекциямен күресудің ең тиімді әдісі екенін дәлелдеді. Бұл қалыпты өмірге тезірек оралуға көмектесетініне көзіміз жетіп отыр», - деді ол.

Күн сайын 600-ге дейін жағдай тіркелуде

Нұр-Сұлтан қаласының бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Сархат Бейсенова қаланың эпидемиологиялық жағдайына алаңдаулы. Нұр-Сұлтан қаласы бір жарым ай бойы «қызыл» аймақта екені белгілі.

«Күніне коронавирустың 300-ден 600-ге дейінгі жағдайы тіркеледі. 2021 жылдың басынан бері қала бойынша ауырғандар саны 60 мыңнан асты», - деп мәлім етті дәрігер.

Алайда соңғы бір аптада қалада 100 мың тұрғынға шаққандағы апталық сырқаттанушылық көрсеткіші 320-дан 285-ке дейін аздап төмендегені байқалды. Қазігі уақытта қалада белсенді ошақтар саны – 2553. Медициналық бақылауда 5572 науқастармен байланыста болған адам қаралып жатыр. Осы жылдың басынан бері қала бойынша ауырғандардың саны 26 мыңнан асты, пандемия басталғаннан бері 44 562 науқас бары анықталды. Оның ішінде 29 338 симптомы бар және 15 224 симптомсыз.

Санитар дәрігердің хабарлауынша, өткен тәулікте 584 бастапқы жағдай тіркелді. Симптомдары бар - 462, симптомсыз – 122 жағдай.

«Қазіргі уақытта белсенді ошақтар саны - 2 553, оның ішінде үй ошақтары – 1724, ұйымдастырылмағандар арасында - 824. Медициналық бақылауда 5 572 байланыста болған адам бар», - деді Сархат Бейсенова.

Дәрігер айтқандай, вирус жұқтырғандардың басым бөлігі егде жастағылар мен жасөспірімдер.

«Науқастардың ішінде егде жастағылар көп. Олардың көрсеткіші 79,7%-ды құрайды. Балалар арасындағы көрсеткіш – 17,4%, жасөспірімдер арасындағы көрсеткіш – 2,9%-ды құрап отыр. Ал, ересектер арасында 30-39 жастағылар жиі кездеседі», - деді ол.

Дәрігердің айтуынша, азаматтардың санитарлық талаптарды орындамауы қаладағы эпидахуалды дұрыстамай отыр.

«Қаланың әр тұрғынын сақтық шараларын ұстануға, атап айтқанда қоғамдық орындарда бетперде киюге, әлеуметтік қашықтықты сақтауға, бұқаралық іс-шараларды ұйымдастырмауға және қатыспауға шақырамын. Сақтық шараларын бәрі біледі. Қала тұрғындарын өз денсаулығына және айналасындағы адамдардың денсаулығына жауапкершілікпен қарауды сұраймын», - деді санитар дәрігер.

Постковидтік синдром

Бүгінгі шарадағы тағы бір спикер Сәуле Атығаева көпбейінді ауруханада меңгерушінің орынбасары қызметін атқарып жүр. Ол коронавирус індеті басталғалы осы ауруға шалдыққан науқастармен жұмыс істейді.

«Менің коронавирусқа арналған госпитальде жұмыс істеп жүргеніме 15 ай болды. Мыңдаған адамды емдеп шығардық. Өкінішке қарай, осы аурудан айықпай көз жұмғандар да жетерлік. Олардың арасында дәрігер әріптестеріміз де, туысқандарымыз да бар. Сәуір айында сырқаттанудың ерекше өскенін байқағанымызды айтқым келеді. Қаңтар айына қарағанда ауру жұқтыру көрсеткіші 3-4 есеге артты. Өлім көрсеткіші 5 еседей өсті. Қаңтарда 22 адам қайтыс болса, сәуірде 104 адам көз жұмды. Оның бәрі біреудің ата-анасы, біреудің жақын туысы, біреудің досы, әріптесі», - деді инфекционист.

Дәрігердің айтуынша, жақынын жоғалтқандар вакцинаның ерте шықпағанына өкінеді.

«Қайтыс болған адамның сүйегін әкетуге келген адамдарды көру бізге өте ауыр. Сол адамдардың аузынан «Әттең, вакцина неге ертерек пайда болмады екен? Вакцина болып, ата-анамызға екпе жасатқанда қазір аман-есен телефонмен сөйлесіп отыратын едік. Бүгін оларды зиратқа емес, саяхатқа апара жататын едік» деген өкініштерді жиі естиміз», - дейді маман.

Дәрігер қала тұрғындарына ауру жұқтырудың оңай екенін, алайда жазылып шығу өте қиын екенін айтты.

«Әркімнің таңдау еркі өзінде. Стационарға түскеннен кейін құлан таза айығып шығу екіталай. Пациенттерді емдеп шығудың құны да қымбатқа түсіп жатыр. Көптеген қан талдауларын жасауға мәжбүрміз. Өйткені бұл вирус мутацияға ұшыраған, басқаша», - деді.

Постковидтік синдром деген түсінік бар. КОронавирус адам денесіндегі көптеген органдарды зақымдайды. Әуелі өкпені, одан кейін жүректі, асқазан мен өтті зақымдайды. Бұдан науқастар арасында қант диабетіне шалдығып жатқандар Ми да, бүйрек пен қантамырлар қатты шабуылға ұшырайды. Тіпті жолыңыз болып, ем тиімді жүріп, ағзаңыз қарсы тұрып жазылып шықтым дегеннің өзінде қалыпты өмірге орала алмауыңыз мүмкін. Аурудан кейін мүгедек болып қалу мүмкін.

«Ashyq» қосымшасының эпидемиологиялық жағдай кезіндегі тиімділігі

Нұр-Сұлтан қаласының бас мемлекеттік санитар дәрігері Сархат Бейсенованың айтуынша, қазіргі эпидемиологиялық жағдай кезінде «Ashyq» қосымшасы дәрігерлер үшін тиімді болып отыр.

«Осы қосымша арқылы әр түрлі нысандарға барған адамдардың арасында «қызыл» және «сары» мәртебесі бар 736 адам анықталды. Олардың ішінде қызыл - 299 адам және сары – 437 адам», - деді ол.

Оның түсіндіруінше «қызыл» мәртебесі бар адамдар үйде емделулері тиіс.Олар қатаң карантиндік талапты сақтаулары керек. Ал «сарылар» жартылай шектеу шараларын орындайды. Олар ПТР-тестің ақпараттық базасында науқаспен байланыста болған адам ретінде белгіленген. Оларға тек азық-түлік пен шаруашылық дүкендерге, сондай-ақ, дәріханаларға ғана баруға болады. Соның өзінде үйден 500 метрге шалғай жерге шығуға тыйым салынған.

Ал «көк» және «жасыл» түстілер аса қауіпті емес. «Көктер» ПТР-тесті талап ететін жерден басқа кез келген орындарға кіре алады. «Жасылдарға» ешқандай шектеу жоқ, олар кез келген орынға кіре алады. Өйткені олардың тест нәтижесі теріс.

Нұр-Сұлтан қаласы инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасы басшысының орынбасары Гүлмира Ермолдинаның хабарлауынша, «Ashyq» пилоттық жобасына шамамен 30 кәсіпкерлік нысан қатысқан. Қазіргі кезде олардың саны 200-ге жетті. Дәмхана, театр, монша, кинотеатрлар, компьютерлік клубтар, фитнес пен боулинг орталықтары осы қосымша арқылы кәсіп жүргізіп жатыр.


Барлық жаңалықтар