• Басты
  • Елордада «Туған өлкем» көрмесi ашылды

Елордада «Туған өлкем» көрмесi ашылды

26 Қаңтар, 2021 18:15

Бүгiн, яғни 26 қаңтарда ел астанасындағы Елбасы кiтапханасының музейiнде қалалық Балалар көркемсурет мектебi – ЮНЕСКО клубы түлектерiнiң дипломдық жұмыстары көрмесiнiң ашылуы өттi. Аталмыш көрмеге әртүрлi техникада орындалған мектеп түлектерiнiң 50-ден астам жұмысы қойылды, деп хабарлады Strategy2050.kz тiлшiсi.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, «Туған өлкем» көрмесi балалар шығармашылығы мен қосымша бiлiм беру ұйымдарын қолдау бойынша республикалық бағдарлама аясында ұйымдастырылған.

Елбасы кітапханасының директоры Темірболат Бақытжан Берікбайұлының сөзінше, аталмыш жобаның негізгі мақсаты – қосымша білім беру мекемелерінде оқитын балалардың жұмыстарын көрсету.


«Туған өлкем» көрмесі 2018 жылдың ақпанында Елбасы кітапханасында бастау алған балалар шығармашылығын және қосымша білім беру ұйымдарын қолдауға бағытталған республикалық бағдарлама аясында ұйымдастырылды. Осы бастаманың арқасында елорда тұрғындары мен қонақтары Қазақстандағы балалар көркемсурет мектептерінің үздік дипломдық жұмыстарымен таныса алады. «Біздің жобаның негізгі мақсаты – қосымша білім беру мекемелерінде оқитын балалардың жұмыстарын көрсету», - деді мекеме директоры.

Сонымен қоса, кітапхана директоры ұйымдастыруларға алғыс айтты.

«Елбасы кітапханасының «Балалық шақтан көзқарас» балалар жобасы бойынша байырғы серіктес мекемеміз – Нұр–Сұлтан қаласы Балалар көркемсурет мектебі – ЮНЕСКО клубының ұжымына ризашылығымды білдіремін. Бүгін Нұр-Сұлтан қаласының Балалар көркемсурет мектебнің жас өрендерінің дипломдық жұмыстары көрмесінің нәтижесін бірге бөлісуге жиналып отырмыз. Бұл біздің ұжым үшін де, еліміз үшін өте маңызды оқиға деп білемін», - деді Бақытжан Темірболат.

Ұйымдастырушылардың сөзіне сүйенсек, Н.Ә. Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында орындалған «Туған өлкем» республикалық бағдарламасы жас таланттарды анықтауға және республиканың қосымша бiлiм беру ұйымдарының жұмысын насихаттауға бағытталған. Бағдарлама 2018 жылдан бастап жүзеге асырылуда, осы уақыт iшiнде Елбасы кiтапханасының алаңында Семей, Шымкент, Павлодар, Екiбастұз, Қарағанды, Шахтинск және Көкшетау мектептерi түлектерiнiң дипломдық жұмыстарының көрмелерi ұсынылған.

Сонымен бірге, жиынға қатысқан Нұрсұлтан қаласы суретшілер одағы басқармасының мүшесі, өнертанушы Динара Нугер әр келген сайын көрмедегі оқушылардың жұмысына тінті болатынын жеткізді.

«Осы көрмеге жиналып отырғанымыз өте керемет оқиға. Себебі біз болашақ ұрпағымыз өте лайықты түрде өсіп жетілуде. Өткен жыл және биыл көптеген ерекше жұмыстар көрмеге қойылды. Жұмыстардың көпшілігі қашықтан дайындалады. Ал қашықтан жұмыс істеу оқытушылар үшін де, оқушылар үшін де өте қиынға соқты. Мен бұл көрмеге әр келген сайын оқушылардың жұмысына таңғала қараймын. Олардың әлемдері өте керемет. Ұйымдастырушыларға осындай қиын кезде де басымызды қосқанына алғысымды білдіремін», - деді өнертанушы.

Ал, Балалар көркемөнер мектебі директорының орынбасары Әлия Өтепова ұйымдастырушыларға ризашылығын білдірді.

«Осы көрмені ұйымдастырған Елбласы кітапханасы басшаларына да, қызметкерлеріне де алғысымды білдіремін. Әрине, сонымен қатар, бұл көрменің басты себепкері оқушыларды шын жүректен құттықтаймын. Педагог еңбегіне шығармашылық шабыт пен махаббат тілеймін», - деді мектеп директорының орынбасары.

Еске салайық, Нұр-Сұлтан қаласының Балалар көркемсурет мектебi – ЮНЕСКО клубы 1983 жылы құрылған. Осы жылдар аралығында мектеп өзiндiк дәстүрлердi қалыптастырып, көркемдiк бiлiм беру саласында педагогикалық жұмыс тәжiрибесiн жинақтады.

Айта өтейік, көрме 2021 жылдың 25 ақпанына дейiн жалғаспақ.

Барлық жаңалықтар