• Басты
  • Жаңалықтар
  • Елордада цифрландыру аясында жүзеге асқан жобалар жемқорлықты азайта алды ма

Елордада цифрландыру аясында жүзеге асқан жобалар жемқорлықты азайта алды ма

4 Наурыз, 2021 13:41

Бүгін ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің баспасөз алаңында цифрландыру саласындағы жобаларды іске асыру есебінен Нұр-сұлтан қаласында сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін төмендету шаралары туралы айтылды. Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орынбасары Малика Бектұрова елордада жүзеге асқан «Сергек», «Астана Инвест», «Smart Astana», «IQala», «Геопортал» сияқты жобалардың қала өміріне қалай әсер еткені туралы айтты. Толығырақ Strategy2050.kz тілшісінің материалында.


Нұр-Сұлтан қаласын «Ақылды қала» тұжырымына сай цифрландыру және трансформациялау бойынша әр салада ауқымды жұмыстар атқарылып жатыр. Қала әкімінің орынбасары Малика Ерланқызы «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде білім беру, денсаулық сақтау, қоғамдық қауіпсіздік, бизнес, тұрғын үй-коммуналдық қызметтер, жер қатынастары, әлеуметтік салалар, көлік және мемлекеттік қызметтер салаларын цифрландыру жұмыстарына жауапты. Ол антикор алаңында осы салаларда жүзеге асқан цифрлық жобалар туралы айтып берді.

981ae47c_4b91_4491_93f6_023fc4a7433d.jpg

 Әкімдікке келіп, кез келген мәселені шешуге болады

Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігі халықпен сервистік байланыс орнатуға көшкен. Малика Бектұрованың айтуынша, бұл халық пен әкімдік арасында байланыс орнатудың тиімді жолы.

«Қала әкімдігіне келген қала тұрғыны бюрократиямен бас қатырмайды. Ол әкімдікке келіп, қандай басқармаға, қай маманға келіп мәселесін айту керектігін жақсы біледі. Ол өтініш қағаздарын толтырып, басқа кабинетке өткізіп жүрмейді. Қазір бәрі электронды түрде жүреді, яғни цифрландырылған», - деді ол.

Бұл принцип «Астана – адалдық алаңы» жобалық кеңсесі аясында жұмыс істеп келе жатқанына бірнеше жыл болған. Жобалық кеңсе елорданың аудандық әкімдіктерінде пилоттық жоба ретінде басталған. Қазір Қазақстанның барлық аймағында ашылды.

«Бұрын азаматтар арасында әкімдікке барып, ашық түрде мәселе шешу мүмкін емес болып көрінетін. Қазір олай емес. «Астана – адалдық алаңы» жобасы тұрғындар мен әкімдік өкілдерінің байланысын жақындатты. Тұрғындар келіп формальді түрде электронды кезекке тұрады, арнайы бағдарламадан өзін алаңдатқан сұрақты таңдайды, сол сұраққа жауапты әкімдік қызметкерін да таңдайды. Сөйтіп ашық диалог жүргізеді. Бұл онлайн және офлайн форматта жүргізіледі», - деп түсіндірді Малика Ерланқызы.

Әкімдік көрсететін мемлекеттік қызметтің бәрі онлайн форматқа көшкен

 Бүгінгі таңда Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігі халыққа 150 мемлекеттік қызмет түрін көрсетеді.

«Цифрландыру тренді мен пандемия тұспа-тұс келгендіктен біз бұл қызметтің бәрін онлайн түрде көрсетеміз», - деп қосты әкімнің орынбасары.

Әкімдік ұсынатын кейбір қызметті онлайн және жартылай офлайн форматта алуға болады. Онлайн қызметтің бәрі арнайы сайтта көрсетіледі. Бектұрованың айтуынша, осы сайт арқылы күн сайын аналитика жүргізіледі.

«Қызметтің қай түрі онлайн алуға қолайсыз, қайсысы керісінше қолайлы екеніне талдау жасаймыз. Сонымен қатар файлдар мен құжаттарды тіркеу әрекетін азайту үшін де жолдарын қарастырамыз. Мұның бәрі халық үшін онлайн қызмет алу оңай әрі ыңғайлы болу үшін жасалады», - деді ол.

 «Астана – адалдық алаңы» жобалық кеңсесі

 «Астана – адалдық алаңы» цифрландыру процессін жеделдетуге, жемқорлық әрекеттерін азайтуға септігін тигізді. Сонымен қатар бюджеттің ашықтығын қамтамасыз етіп жатыр.

«Ашық бюджет» жобасы – сәтті жобалардың бірі. Осы жоба арқылы кез келген адам Нұр-Сұлтан қаласы мен аудандарына бөлінген бюджет қаражатының қайда жұмсалғаны, қандай конкурстар болғаны туралы біріздендірілген ақпаратты көре алады. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің бұл жобасы жемқорлық әрекеттерін азайтуға, мемлекет қызмет сапасын жақсартуға ептігін тигізді», - деді спикер.

 «IQala» жобасы

 Нұр-Сұлтан қаласының басшылық өкілі «IQala» жобасына тоқталды. Айтуынша, бұд жанжақты жоба. «iQala» фронт-офисі атқарушы органдар мен коммуналдық және муниципалдық қызметтердің, кәсіпкерлікті дамыту және қолдау институттарының қызметтерін бір жерге реттестіріп, тұрғындарға «бір терезе» принципі бойынша қызмет көрсетеді. Алаңның мақсаты – тұрғындар мен ШОБ өкілдерінің мемлекеттік және мемлекеттік емес қызметтерді алу процестерін мейлінше жеңілдету.

«Тұрғындар бұл қосымшаны жүктеп алып, жеке кабинетінен бір ғана өтініш жіберу арқылы су, жылу, жарық, қоқыс төгу қызметтеріне тапсырыс бере алады. Бұрын тұрғындар бұл өтініштерді беру үшін әкімдіктің коммуналдық бөлімшелерінде кезекке тұрып, бірнеше өтініш жазып уақыт жоғалтатын еді. Қазір цифрлық жүйе арқылы үйде отырып, бірнеше қызметке бір өтінішпен тапсырыс бере алатын мүмкіндікке қол жеткізді», - деді Малика Бектұрова жобаның тиімділігіне тоқталып.

Айтуынша, осы жобаның арқысында жемқорлық азайды, қалада қанша абонемент бар екенін білуге мүмкіндік жасады. 2020 жылғы 31 желтоқсандағы жағдай бойынша жоба арқылы 72 712 қызмет көрсетілген. Бұл қаржылық шығындарды азайтуға, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайтуға және өтініш берушілердің уақытын үнемдеуге мүмкіндік берді.

 «Геопортал»

Жер қатынастары саласында жемқорлық жиі кездеседі. Бұл ретте электронды үкімет порталы мен Бірыңғай мемлекеттік жылжымайтын мүлік кадастры, жергілікті атқарушы органның геопорталы және электронды сауда алаңының ақпараттық базалары өзара ықпалдастырылды. Мемлекет меншігіндегі жерлер геопортал арқылы онлайн сатылады. Бұл да жемқорлық тәуекелдерін жоюға септігін тигізеді.

Халықты әлеуметтік қорғау мен жұмыспен қамтамасыз ету саласында да цифрландыру жұмыстары басталып кеткен.

«Пандемия кезінде бұл сала толығымен онлайн форматқа көшті. 2021 жылдың ақпан айынан бастап әлеуметтік қызмет түрлерін көрсету үшін aleumet.gov.kz сайтына толық өттік. Осы сайтта кез келген тауарды таңдап барлық суреттемесімен танысуға болады. Санаторийларды демалу үшін де бір жерге барып, кезекте отырып, көп қағаз толтырудың қажеті жоқ. Бір басу арқылы осы сайтта жолдама алуға болады», - деді М. Бектұрова.

 «Smart Astana» жобасы

«Smart Astana» тегін мобильді қосымшасы тұрғындар үшін пайдалы. «Smart Astana» қосымшасы – мемлекеттік және коммерциялық 70-тен астам сервис түрлері мен қызметтерді көрсетеді. Соның ішінде дәрігердің қабылдауына жазылу, учаскелік дәрігерді үйге шақырту, айыппұлдар мен әкімшілік бұзушылықтарды тексеру, дәрігердің рейтингін қарау, еңбекке жарамсыздық парағын және кең таралған анықтамаларды «шынайлығын» тексеру, «белсенді тұрғын» қызметтері бар.

«Қазір біз бұл жобаны жетілдіріп жатырмыз. 2gis, Яндекс сияқты қосымшалар бар. Олар қоғамдық көліктер мен таксилердің келу-кету уақытын нақты көрсетпей жатады. «Smart Astana» қосымшасында автобустардың келу уақытының дәлдігі көрсетіліп, карантин кезіндегі өзгерістер, қандай мектеп жабық, қандай дүкен ашық – осының бәрін көрсетіп тұратын функцияны іске қосып жатырмыз. Бұл қосымша да тұрғындардың уақытын үнемдеуге септігін тигізеді», - деп сендірді әкімдік қызметкері.

«Сергек» жобасы

«Сергек» жобасы алғаш рет Нұр-Сұлтан қаласында басталған болатын. Қазір Қазақстанның барлық қалаларында бар. Малика Бектұрова атап өткендей, жоба тұрғындардың жолда жүру тәртібіне жақсы әсер етті. Жемқорлықтың азаюына да мүмкіндік берді.

«Қазір ол платформада барлық қозғалыс тіркеледі. Кез келген уақыттағы құқықбұзушылықтарды анықтауға болады. МАИ қызметкерлерінің де жұмысын жеңілдетті. Қала тұрғындары тұрғын үйлердің әр ауласындағы оқиғаларды көру үшін бейнебақылаулар жазған жазбаларды көру мүмкіндігіне ие. Бұл қаланың әр бұрышын қауіпсіз етуге мүмкіндік беріп отыр», - деді ол.

 «Astana Invest» жобасы

Бизнес климатты жақсартуға бағытталған Елордадағы «Астана Инвест» жобасы – ең ұтымды жобалардың бірі екенін атап өтті әкімнің орынбасары. Бұл жобаның мақсаты экономиканың басым бағыттарына инвестициялар тарту арқылы, сонымен бірге мемлекет пен бизнестің серіктестігі қағидаттарында негізделген әрекеттерді атқарып елорданың дамуына жәрдемдесу. Қазіргі уақытта «Астана Инвест» жобасы Нұр-Сұлтан қаласының инвестициялық тартымдылығын жақсарту бойынша талдамалық зерттеулер жүргізумен айналысады. Мұнымен қоса мемлекеттік қызметтерді, өзге де ұйымдар көрсететін басқа да қызметтерді алу кезінде инвесторларды қолдап отыру бөлігінде «бір терезе» қағидаты бойынша инвесторлармен өзара байланыс орнатады. Осы сияқты тағы бірнеше қызметті ұйымдастырып отыр.

Қорыта айтқанда, Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігі цифрландыруға аса назар аударып, қала өмірін жақсартуға арналған, тұрғындар үшін қолайлы болатын, қоғамның әр саласында цифрлық жобаларды жүзеге асырған. Олардың әрқайсысы тиімділігін дәлелдеп, жоба жасауға кеткен шығындарын өтеп, ұтымды жоба болғанын көрсете алған.


Барлық жаңалықтар