• Басты
  • Елордада тәулігіне 500 адамнан коронавирус анықталуда

Елордада тәулігіне 500 адамнан коронавирус анықталуда

20 Сәуір, 2021 13:29

Бүгін Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің баспасөз алаңында Нұр-Сұлтан қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Тимур Мұратов пен Нұр-Сұлтан қаласының бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Сархат Бейсенова елордадағы эпидахуал мен вакцинациялауға қатысты түсіндірме ақпаратпен бөлісті, деп хабарлады Strategy2050.kz тілшісі.


Нұр-Сұлтан қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Тимур Мұратовтың айтуынша, қалада ұжымдық иммунитетті қалыптастыру мақсатында 600 мыңнан астам адамды вакцинациялау жоспарланған.

«Ұжымдық иммунитетті қалыптастыру қазіргі таңда өте маңызды. Коронавирустық инфекциядан құтылудың негізгі жолы – осы. Сондықтан жас шектеуі мен медициналық көрсеткіштерін ескере отырып, қала тұрғындарының кемінде 60%-ын вакцинациялау керек. Бұл 600 мыңға жуық адам», - деді ол.

Қазіргі уақытта Нұр-Сұлтан қаласында 65 мыңнан астам адам коронавирустық инфекцияға қарсы егілді. Вакцинадан кейін асқынулар тіркелген жоқ. Медицина қызметкерлері, педагогтар, күш құрылымдарының, дипломатиялық қызметтердің мамандары және созылмалы аурулары бар адамдар, сол сияқты тілек білдірген азаматтар бірінші лекпен екпе салдырды. Қарулы Күштерде 12 мыңнан астам адам короновирусқа қарсы екпе салдырды.

Спикер халықты вакцинациялаумен кеңінен қамту үшін қала әкімі Алтай Көлгіновтің тапсырмасы бойынша егу пункттерінің саны 36-дан 100-ге дейін артқанын, АМСК ұйымдарында жұмыс уақыты 08:00-ден 24:00-ге дейін, ойын-сауық орталықтарында 10:00-ден 22:00-ге дейін жұмыс уақыты ұзартылғанын айтып өтті. Қаланың екі ірі «Mega Silk Way» және «Хан Шатыр» сауда орындарында вакцина жасау пункттері құрылды.

Бір апта ішінде «Mega Silk Way» 1 800-ден астам адамға коронавиурсқа қарсы екпе салды. Жақын арада мұндай пункттер «Керуен» сауда-ойын сауық орталығы мен мен «Абу-Даби Плаза» кешенінде де ашылады. Қажет болған жағдайда вакцинация пункттері қаланың қонақ үйлерінде де ашылмақ.

Халықтың COVID-19-ға қарсы вакцина алу белсенділігінің жоғары болуына байланысты Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы жылжымалы бригадалар ұйымдастырып, еңбек ұжымдарын жаппай вакцинациялауға кірісті. Әртүрлі кәсіпорындарда COVID-19-ға қарсы вакцина алғысы келетіндердің саны 1000 адамға жетеді.

«Қазіргі уақытта коронавирустық инфекциямен күрестің маңызды кезеңі – халықты вакцинациялау. Вакцинация күшті профилактикалық шара болып саналады және оны қолданудың пайдасы аурудың ықтимал қауіптерінен едәуір асып түседі», — деп атап өтті спикер.

Нұр-Сұлтан қаласының бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Сархат Бейсенова сәуір айында қалада сырқаттанушылық деңгейінің артқанын айтты. Наурыз айымен салыстырғанда 50%-ға, қаңтар-ақпан айларындағы көреткіштен 37,8%-ға артқан. Әдеттегідей ауырғандардың басым бөлігі ересектер. Олар жалпы сырқаттанушылықтың 79,9%-ын құрайды, балалар үлесі 17,3%-ды және жасөспірімдер 2,8%-ды құрайды. Ересектер арасында 30%-ы 30-39 жас аралығындағы топқа тиесілі. Дәрігер атап өткендей, осы айдан бастап егде жастағы адамдар арасында ауру жұқтыру көрсеткіші 2,2%-ға өссе, 18-29 жастағы адамдар арасында 0,7%-ға өскені бақалады.

«Наурызда динамикада 14 жасқа дейінгі балалар арасында ақпан айымен салыстырғанда 2,3 есе өсу байқалды, яғни ақпанда – 479 жағдай, наурызда – 1 106 жағдай, сәуірдің алғашқы 20 күнінде наурыз айымен салыстырғанда 1,3 есе – 1 447 жағдайдың өсуі байқалды», - деді санитар дәрігер.

Десе де, сәуір айында жалпы сырқаттанушылық құрылымындағы балалардың үлес салмағы 0,8%-ға азайды, бұл әсіресе 7-10 жас аралығындағы топ оқушыларына қатысты қабылданған шектеу іс-шараларының тиімділігін көрсетеді, онда төмендеу 5%-дан 4%-ға дейін болды. Балалар арасында ең жоғары аурушаңдық 3-10 жас тобында 54,5%-ды құрайды. Сырқаттанушылық құрылымында ауырғандардың негізгі үлесі жұмыс істейтін халыққа тиесілі – 43,6%, жұмыс істемейтіндер – 23,4%, зейнеткерлер – 15,3%, оқушылар – 11,1%. Осы орайда сәуір айында жұмыс істейтіндер арасында ауырғандардың үлес салмағы 4,2%-ға, жұмыс істемейтін халықтың 5,5%-ға, сондай-ақ оқушылар арасында 4%-ға төмендеген.

«Коронавирустық инфекцияның таралуы азаймай отыр. Батсы себеп сақтық шараларының сақталмауы. Тұрғындар көп адам жиналатын орындарға барып, бетперде кимей, қашықтықа мән бермей кетуінің салдары аурудың таралуын ұлғайтып отыр. Сондай-ақ негізгі себептердің бірі амбулаториялық науқастардың да, жақын байланыста болған адамдардың да үй карантині режимін сақтамауы болып табылады», - деді Сархат Бейсенова.

Тыйым салынғанға қарамастан, оқшаулануы тиіс адамдар үй карантинін бұзуда, бұл олардың Ashyq жобасына қатысушылардың нысандарына баруымен расталады, ол бойынша сәуір айында ғана үй карантинін бұзушылардың 189-ы, оның ішінде 89 науқас және 100 байланыста болған адам анықталды.

Жыл басталғалы 21 мыңнан аса елордалық коронавируса шалдыққан.

«Нұр-Сұлтан қаласындағы CОVІD-19 індеті бойынша эпидемиологиялық жағдай тұрақсыз болып қалуда, қала бір айдан астам уақыт бойы «қызыл аймақта» тұр. Күніне 350-ден 650-ге дейін жағдай тіркеледі. Соңғы аптадағы сырқаттанушылық көрсеткіші алдыңғы аптадан 17%-ға жоғары, 100 мың тұрғынға шаққандағы қарқынды көрсеткіш – 326,2 құрады. Репродуктивті саны – 1,07. Жыл басынан бері қала бойынша ауырғандар саны 21 мыңнан асты, пандемия басталғаннан бері 40 169 жағдай тіркелді (оның ішінде 26 130 – симптомы бар және 14 039-симптомсыз)», – деді С.Бейсенова.

Динамикада жүргізілген зерттеулер саны артты (қаңтарда – 109 444, ақпанда – 100 406, наурызда – 151 441, сәуірде – 117 167). Бір апта ішінде 46 643 зерттеу жүргізілді, орташа есеппен тәулігіне 6 500 зерттеу жүргізіледі.

Тәулігіне 401 алғашқы жағдай тіркелді (симптомдармен 291 жағдай, 110 симптомсыз жағдай).

Қазіргі уақытта Нұр-Сұлтан қаласында 111 адам жан сақтау бөлімінде жатыр. 26 науқас өкпені жасанды желдету аппаратына қосылған. 4000 адам диагнозбен үйден ем қабылдауда. Қала әлі «қызыл аймақта». Тәулігіне 500 жағдай тіркеліп отыр. Бұл көрсеткіш өткен жылдың шілде айымен салыстырғанда көп.

«КВИ-мен ауыратын науқастарды емдеу үшін 15 аурухана тартылған, олардың төсек сыйымдылығы 2 264 төсек-орын. Бүгінгі күні 1 212 науқас ауруханаларда ем қабылдап жатыр, оның ішінде коронавирус 1 112 адамда расталған, 100 науқас пневмониямен емделіп жатыр», - деді Тимур Мұратов.
Бүгінгі Үкімет жиынында премьер-министр Асқар Мамин Қазақстанда ай сайын 2 млн адам коронавирусқа қарсы вакцина алу керек екенін айтқан болатын. 

Барлық жаңалықтар