• Басты
  • Елордада Салық Зимановтың 100 жылдығы атап өтілді

Елордада Салық Зимановтың 100 жылдығы атап өтілді

19 Ақпан, 2021 15:56

Бүгін Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде ҚР тұңғыш заң ғылымдарының докторы, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, профессор, академик Салық Зимановтың туғанына 100 жыл толуына орай «Салық Зиманов: азамат, ғалым, мемлекет және қоғам қайраткері» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өтуде, деп хабарлады Strategy2050.kz тілшісі.


Барлық санитарлық талапты сақтай отырып, онлайн және офлайн форматта өткен іс-шара ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында ұйымдастырылды. Конференция Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау сөзімен ашылды. ҚР Премьер-министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов Мемлекет басшысының құттықтау хатын оқып берді.

«Бүгін аса көрнекті ғалым, академик Салық Зимановтың туғанына 100 жыл толды. Бұл – отандық заң ғылымы ғана емес, бүкіл еліміз үшін айтулы күн. Салық Зиманұлы тәуелсіз Қазақстанның құқықтық негіздерін қалыптастыруға орасан зор еңбек сіңірді. Ол мемлекеттік, егемендік туралы декларацияны, Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы конституиялық заңды – алғашқы Ата-заңымызды әзірлеуге атсалысты. Сондай-ақ Қазақстандағы парламентаризм институтын дамытуға барынша үлес қосты», - делінген мемлекет басшысының құттықтау сөзінде.

Президенттің айтуынша, Салық Зиманұлы ұлағатты ұстаз ретінде көптеген білікті заңгерді тәрбиелеп өсірді. Сондай-ақ ғалымның құқық саласының қыр-сырына терең бойлап, тағылымды еңбектер жазып қалдырғанын атап өтті. Сонымен қатар Салық Зимановтың шәкірттері ел экономикасының түрлі саласында табысты еңбек етіп жүргенін де тілге тиек етті.

«Әсіресе, еліміздің саяси және құқықтық даму тарихы, билер институты сияқты үлкен тақырыптарды терең зерттеді. Оның мол мұрасы алдағы уақытта да ел игілігіне айнала беретіні анық. Салық Зиманұлы ұлағатты ұстаз ретінде көптеген білікті заңгер тәрбиелеп өсірді. Оның шәкірттері ел экономикасының түрлі саласында табысты еңбек етіп жүр. Биылғы мерейтойы Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығымен тұспа-тұс келіп отыр, мұның символдық мәні зор. Туған еліне қалтқысыз қызмет еткен Салық Зимановтың ғибратты ғұмыры жас ұрпаққа әрдайым үлгі-өнеге, - делінген президенттің құттықтау хатында.

Конференцияға модераторлық жасаған жоғары оқу орнының ректоры Ерлан Сыдықов Еуразия ұлттық университеті Салық Зимановтың 100 жылдық мерейтойын алғашқылардың бірі болып бастап отырғанын атап өтті. «Салық Зиманов: азамат, ғалым, мемлекет және қоғам қайраткері» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференциясын өткізудегі басты мақсат – ұлағатты ұстаздың сан қырлы, ауыртпалығы мен қызығы мол өмірі мен шығармашылығын жас ұрпақты тәрбиелеу үшін үлгі етіп, насихаттау екенін жеткізді. Сонымен қатар ол айтулы мерейтой аясында өткізіліп жатқан шараларға тоқталды.

«Оқу орнымыздың деңгейінде де бірқатар іс-шара өткізу жоспарланды. Солардың негізгісі – бүгінгі республикалық конференция. Конференцияны өткізуде көздегеніміз – ұлағатты ұстаздың сан қырлы, ауыртпалығы мен қызығы мол өмірі мен шығармашылығын жас ұрпаққа үлгі етіп, насихаттау. Академиктің 100 жылдығын атап өтуіне қатысты, Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевқа бірқатар ұсыныс жеткізген болатынмын. Сол ұсыныстар, міне, бүгін қолдау тауып, іске асып келеді! Еліміздің жоғары оқу орындарында, ғылыми орталықтарында түрлі іс-шаралар өткізумен қатар, Нұр-Сұлтан қаласында Салық Зимановтың атына көше берілді»,- деді Ерлан Сыдықов.

Ералы Тоғжановтың айтуынша, қазақтың «әкеңнің баласы емес халықтың баласы бол» деген ұлы тілегі Салық Зимановқа толығымен қабыл болған. Себебі, Зимановтың өмір жолы – дәл осы сөздің нақ дәлелі. Сондай-ақ ол Зимановтың соғыстағы ерлігін атап өтті.

«Мен Салық Зимановтың тікелей шәкіртімін. Оның қоластында қызмет істедім. 1921 жылы өмірге келіп, халқы мен туған жерінің басына түскен барлық қиындықты өз басынан өткізген қазақтың біртуар ұлы мектепте аса ұқыптылықпен оқып, еңбек жолын мұғалім болудан бастаған. Соғыста халқы мен Отаны үшін аянбай ерлік көрсетіп, «гвардия полковнигі» шенін алған. Бейбіт өмірге оралған жас жігіттің жолында Қаныш Сәтбаев сияқты ұлы ғалым кездесіп, 1948 жылдан бастап ғылымға бет бұрған», - дейді ҚР Премьер-министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов.

Оның айтуынша, Салық Зиманов 29 жасында Мәскеуде КСРО ғылым академиясының Құқық институтында «заң ғылымдары кандидаты» ғылым дәрежесін, 40 жасында «Заң ғылымдарының докторы» ғылыми дәрежесін қорғаған.

«Ол ұлтымыздың тарихында «Заң ғылымдарының докторы» дәрежесін иеленген алғашқы қазақ десем, артық айтқандық емес. Ол 46 жасында «Қазақстан Республикасы ғылым академиясының академигі» атағын иеленген. Мұндай атаққа ие болу оны ғылыми ортада мойындалу ғана емес, жалпы қазақ жастарын ғылыми бағытқа, оның ішінде заң ғылымы ортасына алып кіруіне ықпал етті. Осы бағытта ұлттық ғылыми ортаны қалыптастырды. Академик өнегелі өмірінде 200-ге жуық ғылыми еңбек жазып, заң саласының негізін қалап, өркендеуіне сүбелі үлес қосқан», - деді Тоғжанов.

Сондай-ақ Салық Зиманов қазақ құқығының кең байтақ қыпшақ даласында, еркіндік пен бостандықтың саясында, көшпенділердің дүниетанымы өзіндік теңдік, өзін-өзі басқару ұғымдарының негізінде дамытуға үлес қосты. Сонымен қатар билер сотының теңдесі жоқ институт екенін дәлелдеген ғалым екенін атап өтті.

«Ол билер сотына арналған еңбектерінде былай деп жазды: «Қазақтың би, қазылары ешкімге тәуелді болмаған, оларды ешкім сайламаған, төрелік айтатын адамды дауласушылардың өздері таңдап, оның әділ шешіміне жүгінген. Сондықтан билер өз абырой-беделі үшін ешкімге қиянат жасамай, шындықтың жаршысы болған».

Тоғжановтың пайымдауынша, Зимановтың бұл байламды тұжырымы қазақтың билер соты институтының бүгінгі сот жүйесіне үлгі етерлік тұстары көп екендігін ескерткен. Оның ойлары өз өміршеңдігін бүгін дәлелдеді.

ҚР Премьер-министрінің орынбасары академик Зимановтың ғылыми еңбектерін зерттеу ұзақ уақыт пен терең еңбекті талап ететінін айтты. Сондықтан да бүгін білім ордаларының Зимановтану бағытын қолға алу қажеттігін атап өтті.

«Салық Зиманов өз өмірін елінің дамуына арнаған азамат. Салық Зиманұлының білім және ғылым саласын басқару мен дамытуға қосқан үлесі мол. Қазақ мемлекеттік униерситетінің заң факультеті, Ұлттық ғылым академиясының философия және құқықтық институттарын басқарып, мыңдаған шәкірт тәрбиелеп, отыздан аса ғылым докторы мен кандидатын дайындады. Салық Зиманұлының жетекшілігімен 1999 жылы КСРО мен Ресей Федерациясы Еуропа мемлекеттерінің тәжірибесін ескерген ХХІ ғасыр заңгерін дайындау үлгісін жасады», - дейді Ералы Тоғжанов.

Жиында Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің төрағасы Қайрат Мәмидің құттықтау сөзін оқу үшін Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің мүшесі Үнзила Шапаққызы сөз алды. Ол құттықтау хатта университет басшысына өз алғысын білдірді.

Сондай-ақ Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының Төрағасы Жақып Асановтың құттықтау сөзін оқу үшін Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының судьясы, Қазақстан Республикасы Судьялар одағының Төрағасы Сәкен Абдолла сөз алды.

«Салық Зиманұлы - отандық заң ғылымының негізін қалаған тұңғыш академик. Оның есімі тарихымызға алтын әріптермен жазылды. Ол тәуелсіздік туралы декларация мен заңды дайындауға қатысты. Алғашқы ата-заңды дайындау тобын басқарды. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары жоғарғы кеңесінің екі мәрте депутаты болды. Оның ғылыми еңбектері біздің бүгініміз бен келешегіміз үшін құнды мұра», - делінген Жақып Қажыманұлының құттықтау сөзінде.

Республикалық конференцияда академик туралы сөз алған ғалымдар мен қонақтар Салық Зиманұлының республика егемендігінің бастауында тұрған аса көрнекті қазақстандық құқықтанушы ғалым болғанын айтты. Ол қазақстандық құқықтану, мемлекет және құқық тарихының негізін қалаушы, қазіргі ұрпақ үшін абсолютті білімге, кемелдікке және жаңа идеяларды іздестіруге деген шексіз ұмтылыстың шынайы үлгісі бола білген.

1ed86d45-392f-439e-bcdf-fa2580c105b3.jpg

f37ea963-7aa0-41ff-822b-7f564b3512c7.jpg

Айта кетейік, Салық Зиманұлы Зиманов 1921 жылы Атырауда дүниеге келген. Зиманов Салық 1990-1995 жылы Қазақстан Республикасы Жоғарғы кеңесіне халық депутаты болып сайланып, Жоғарғы кеңес төралқасының, сыртқы қарым-қатынастар мен парламентаралық байланыстар комитетінің мүшесі, Ардагерлер мен мүгедектер жөніндегі комитет төрағасы болды. Білікті заңгер маман ретінде егемендік, тәуелсіздік жолын таңдаған Қазақстанның халықаралық қарым-қатынастарын заңдастырып, қазақ тіліне мемлекеттік мәртебе беру, президенттік басқару институтын енгізу, құқықтық-демократиялық реформаларды жүргізу ісіне белсене араласты. Ол 1992–93 жылы Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Консультативтік кеңестің, мемлекеттік саясат жөніндегі ұлттық кеңестің мүшесі болған.

Іс-шара аясында Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің заң факультетінде академик Салық Зиманов атындағы аудитория ашылып, ғалымның ғылыми еңбектері мен өмірбаянының фотоматериалдар көрмесі ұйымдастырылды. Сондай-ақ, салтанатты шараға конференция қонақтары, университет ғалымдары мен профессор-оқытушылар қатысты.

Венера Жоламанқызы

Барлық жаңалықтар