• Басты
  • Елордада Салтанат Рақымбекова атындағы аллеяға 110 түп ағаш отырғызылды

Елордада Салтанат Рақымбекова атындағы аллеяға 110 түп ағаш отырғызылды

30 Сәуір, 2021 14:58

Бүгін елордада қоршаған ортаны қорғау саласына еңбек сіңірген қоғам қайраткері Салтанат Рахымбекова атындағы аллея 110 түп ағашпен толықтырылды, деп хабарлады Strategy2050.kz тілшісі.

Жиынға қатысқан «Жасыл экономика» және «G-Global дамыту коалициясының» атқарушы директоры Асхат Сүлейменов Салтанат Рахымбекованың жасыл экономиканы дамытуда күш-жігерін аямағанын жеткізді.


«Салтанат Рахымбекова көзі тірісінде азаматтық қоғамның дамуына баға жетпес үлес қосты. Республика бойынша 7 аймақта жасыл орталық экологиялық технологияларды қарапайым халыққа дәріптеу мақсатында ашылған болатын. Жалпы, биыл да 2 орталық Қарағанды және Қызылорда облыстарында ашылады деп жоспарлануда», - деді ол.

Сондай-ақ, мекеменің атқарушы директоры Салтанат Рахымбекованың шәкірт тәрбиелегенін айта өтті.

Сонымен бірге жиында «Қазақстанның экологиялық ұйымдары қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігінің басқарма төрағасы Айгүл Соловьева жан құрбысы Салтанат Рахымбекова тураы жылы естеліктерімен бөлісті.


«Бүгінгі ауа-райы да Cалтанаттың мінезіндей жайма-шуақ болып тұр. Ол еліміздің дамуына айтарлықтай үлесін қосқан жан. Оның қажырлы еңбегінің арқасында Қазақстанның жеті облысында жасыл технологиялар орталығының желісі ашылған болатын. Жиынға қатысқан әр адамға ерекше алғысымды білдіремін», - деді Айгүл Соловьева.

Жиын барысында Мәжілісі депутаты Ләззат Рамазанова да Салтанат Темірқұлқызын еске алды.

«Бәріміздің басымызды жоқ деуге қимайтын бір адам ғана жинапты. Осыншама елдің жүрегіне жылу берген, осынша елдің ойында қалған, қоғамымыздың қалыптасуына бірегей еңбегі сіңген Салтанат Рахымбекова. Ол ең бірінші адал жар, екіншіден аяулы ана, үшіншіден қимас дос. Осынау Рамазан айында осы жасаған игі ісімізді Салтанат Темқұлқызының рухына деп бағыштаймыз», - деді мәжілісі депутаты.

Сондай-ақ жиынға жиын барысында Салтанат Рахымбекованың жұбайы ағаш отырғызуды дәстүрге айналдыратынын атап өтті. Сондай-ақ бұл саябақ оның күніне екі рет келетін орны екенін де айта өтті.


«Былтыр 55 тал ектік. Себебі Салтанат 55 жасында өмірден озды. Ал биыл 110 түп ағаш отырғызамыз деп келістік. Оның 55-ін «Жасыл экономика» және «G-Global дамыту коалиция» ұжымының атынан, ал 55 тал ағаш отбасы мен туған-туыстарының атынан отырғызылды», - деді жұбайы Төлеутай Рақымбеков.

Сондай-ақ, С. Рахымбекова атындағы Аллеяға ағаш отырғызу шарасына ҚР Парламентінің депутаттары, қоғам қайраткерлері, әріптестері, шәкірттері мен достары, Салтанат Темірқұлқызының отбасы мен туыстары қатысты.

Естеріңізге сала кетейік, Салтанат Рахымбекова атындағы аллея 2020 жылдың қазан айында ашылған болатын.


Рахымбекова Салтанат Темірқұлқызы - «жасыл» экономиканы қолдау және G-Global-ды дамыту Коалициясының және ауыл әйелдері мен ауыл жастарын қолдау жөніндегі бірқатар қоғамдық ұйымның негізін қалаушы, Президент жанындағы «жасыл экономикаға» көшу жөніндегі Кеңес мүшесі, Қазақстанның Азаматтық Альянсының президенті, БҰҰ-ның Тұрақты даму мақсаттары бойынша көшбасшылар қозғалысы жұмыстарында өз ізін қалдырды.

Ұйымдастырушылар «жасыл» экономиканы қолдау және G-Global-ды дамыту Коалициясы мен Салтанат Рақымбекованың қоғамдық қоры атынан атап өткендей, осы экологиялық акция таяу арадағы бес жыл ішінде бүкіл республика бойынша екі миллиардтан астам ағаш отырғызу арқылы Қазақстанды ауқымды көгалдандыру бойынша Президент Тоқаевтың бастамасын қолдау мақсатында өткізілді.

Венера Жоламанқызы

Барлық жаңалықтар