• Басты
  • Елордада Отан қорғаушылар күні мен Жеңіс күніне арналған кездесу өтті

Елордада Отан қорғаушылар күні мен Жеңіс күніне арналған кездесу өтті

29 Сәуір, 2021 11:25

Бүгін елбасы кітапханасында Отан қорғаушы күні мен Жеңіс күніне арналған «Ел үмітін Ер ақтар» кездесуі өтті, деп хабарлады Strategy2050.kz тілшісі.

Іс-шарада Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев іс-шараның маңыздылығына тоқталып өтті.

«Бұл шара ҚР Тұңғыш президенті Елбасы атындағы кітапхана мұражайында өтуінің үлкен мәні бар. Өйткені, елбасымыздың Қарулы күштерді құруда рөлі өте зор. 1992 жылдың 7 мамырында елбасы қарулы күштерді құру туралы жарлыққа қол қойған болатын. Содан бері Қазақстан армиясы толық қалыптасты деп айтуға болады»,- деді министр.

Министрдің айтуынша, 30 жылдың ішінде қарулы күштер жан-жақты дамып, оның жауынгерлік деңгейі артқан. Сондай-ақ, қазіргі заманның талаптарына сай қарулы күштер қару-жарақпен, техникамен жасақталған.


«Отан қорғаушылар күні мерекесінің Ұлы Жеңіс күні қарсаңында аталып өтілуінің мәні бар. Бұл - Ұлы Отан соғысы ардагерлері мен Отан қорғаушылар арасындағы әскери дәстүрдің сабақтастығын көрсетеді. Жас оғландар аға буыннан ерлік, төзімділік, шыдамдылық, кәсіпқойлық, Отанға деген сүйіспеншілік және басқа да адами әрі кәсіби қасиеттерді үйренеді»-деді Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрі.

Министр Елбасы кітапханасының басшылығына осы іс-шараны өткізуге мүмкіндік беріп, бастамашылық жасағаны үшін алғысын білдіріп Қазақстанның жаңа тарихи оқиғаларын баяндау мен жастарды патриоттық тәрбиелеудегі кітапхананың рөлін атап өтті.

Сондай-ақ министр өз сөзінде алдағы уақытта әскери қызметкерлердің лауазымдық жалақысы 70 пайызға дейін көбейетінін жеткізді.

"Әскери қызметшілерді әлеуметтік қолдау мәселесі ел басшылығының ұдайы назарында. Жоғарғы бас қолбасшы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың шешімімен ағымдағы жылы 1 қаңтардан бастап әскери қызметшілердің лауазымдық айлығы 35 пайызға артқан болатын. Алдағы үш жылда лауазымдық айлықты 70 пайызға дейін көтеру жоспарлануда ", - деді министр.

Жиын Елбасы кітапханасының директоры Бақытжан Темірболаттың сөзімен жалғасты. Ол жиынның басты мақсаты алдағы екі атаулы мереке – Отан қорғаушылар күні мен Ұлы Жеңіс күні қарсаңында біз Отанға қызмет етіп, оның қауіпсіздігін қамтамасыз етіп жүрген азаматтарға құрмет көрсету екенін айтып өтті.


«Бүгінгі басқосуымыздың Қауіпсіздік Кеңесінің отырыс залында өтуінің символдық мәні бар. Осы алғашқы резиденцияда Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы, Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас қолбасшысы Н.Ә. Назарбаевтың төрағалығымен Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесінің отырыстары өткізілді. Бүгінде әскеріміз Тәуелсіз Қазақстанның берік қалқаны ретінде жауынгерлік шеберлік пен асқақ рухтың озық үлгісін көрсетіп келеді», – деді Елбасы кітапханасының директоры Бақытжан Темірболат.

Жиынға қатысқан генерал-лейтенант, Халық қаһарманы Бақытжан Ертаев Елбасы кітапханасы ұжымы мен Қорғаныс министрлігіне Қарулы Күштер ардагерлерінің кездесуін ұйымдастырғаны үшін және ол естелікке толы залда өтіп жатқаны үшін алғысын білдірді.

«Биыл біз Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығын атап өтеміз. Сол күннен бастап бүгін осында отырған ол кезде капитан, майор болған генерал әріптестерім біздің Тұңғыш Президентіміз, Жоғарғы Бас қолбасшы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың басшылығымен егемен еліміздің алғашқы Қорғаныс министрі, Ұлы Отан соғысының батыры Сағадат Нұрмағамбетовпен иық тіресе қызмет етті. Бізге, сол кездегі жас жігіттерге, дивизиялар мен полктер сеніп тапсырылды, біз ең қиын уақытта жұмыс істедік. Біз елдің болашағына сеніп, елмен, халықпен бірге осы даңқты жеңістер мен жетістіктерге жеттік»,– деді генерал-лейтенант, Халық қаһарманы Бақытжан Ертаев.

Сондай-ақ, жиынға қатысқан «Жас сарбаз» балалар мен жасөспірімдер әскери-патриоттық қозғалысының тәрбиеленушілері сөз сөйледі.


«Жастар – қоғамның қозғаушы күші ғана емес, елдің тірегі, мемлекеттің ең белсенді бөлігі. Олардың жасампаздыққа ұмтылысы, білім шыңына өрмелеп, елге қосар үлесі – жарқын болашақ кепіліне айналмақ. Кешегі ел рухын көтеріп, намысын жаныған, ұлтына тіреу, еліне жебеу болған біртуар тұлғалардың өнегелі өмірінен үлгі алып, білек күшімен емес, білім күшімен жарысқан заманның алды болуға ұмтыламыз, – деді «Жас сарбаз» балалар мен жасөспірімдер әскери-патриоттық қозғалысының тәрбиеленушісі Диас Мәуленбердиев.

Кездесуге қатысқандар Қазақстанның әскери-саяси стратегиясының өзекті мәселелерін, еліміздің доктринасына сәйкес келетін әскердің жаңа тұрпатын құру жолдарын ортаға салып, ел тарихындағы ерліктерге тоқталды.

Сонымен қоса, іс-шара барысында қонақтарға «Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерін қалыптастырудағы Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың рөлі» тақырыбында бейнеролик көрсетіліп, Елбасы кітапханасы музейінің экспозициялары бойынша экскурсия өткізілді.

Венера Жоламанқызы

Барлық жаңалықтар