• Басты
  • Елордада орта есеппен күн сайын 300 адам ауруханаға түседі

Елордада орта есеппен күн сайын 300 адам ауруханаға түседі

11 Тамыз, 2021 17:21

Бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәжілісінде Денсаулық сақтау министрлігінің мамандары еліміздегі эпидемиологиялық жағдай туралы айтып берді. Жиынға қатысқан Медицина ғылымдарының магистрі және стационарлық және стационарды алмастыратын көмек басқармасының басшысы Сағындыкова Айма республика бойынша төсектердің жүктелімі 54%-ға жеткенін мәлімдеді. Сондай-ақ, 10 тамыздағы жағдай бойынша, елорданың ұжымдық иммунитеті тиісті халықтың небәрі 34% - ын құрады. Елордадағы қазіргі эпидемиологиялық жағдай туралы толығырақ Strategy2050.kz тілшісінің материалынан оқи аласыз.

Елордадағы эпидахуал

Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Тимур Мұратов мәлімдеуінше, елордада коронавирустық инфекцияның өршуі байқалады. Бүгінгі күнгі дерек бойынша, орташа есеппен тәулік ішінде 300-ге дейін адам ауруханаға жатқызылады. Соның ішінде, 243 науқас реанимация бөлімшесінде жатыр. Ал 55 адам ӨЖЖ аппаратына қосулы, осылайша жүктеме 69%-ды құрап отыр.

«2 699 науқас емделуда. Оның ішінде КВИ расталған – 2 468 адам, пневмониямен-231 адам. Тәулігіне орта есеппен 200 адамды ауруханаға жатқылады. Стационарлардың төсек қуаттылығы 3 912 төсекті құрайды», - деді ол.

Күн сайын 300 адам ауруханаға түседі

Басқарма басшысының айтуынша, қазіргі таңда жедел жәрдем бригадалары, 103 қызметі және бастапқы медициналық санитариялық көмек беру ұйымдарындағы мобильді бригадалардың жұмысы қарқын ала түскен.

«Өткен тәулікте жедел жәрдем станциясына түскен қоңыраулар саны 3 300-ден мыңнан асты. КВИ бойынша қоңыраулар саны тәулігіне 396-ға жетті. Мобильді бригадалар күніне 2 мыңнан астам шақыртуға барады», - деді Тимур Мұратов.

Оның дерегінше, бастапқы медициналық санитариялық көмек беру ұйымдарында 12 мыңнан астам науқас коронавирус инфекциясынан ем алуда. Қала әкімнің тапсырмасымен мобильді бригадалардың саны 300-ге дейін көбейтілген. Ол сондай-ақ, жансақтау бөлімінде жатқан науқастар көпшілігі вакцина алмағандар екенін атап өтті

«Қазіргі уақытта коронавирус агрессивті бола бастады, яғни вирус тек тыныс алу жүйесін ғана зақымдамайды. Мутацияға ұшыраған вирусқа 25 жас пен одан жоғары азаматтар жиі шалдыға бастады. Атап айтқанда, сырқаттар тыныс алу жүйесінен бөлек, асқазан-ішек жолының бұзылуы, жүйке жүйесінің бұзылуы, буын ауруларының да зардабын тартып отыр», - деді басқарма басшысы.

Оның мәлімдеуінше, пациенттердің көбі орташа немесе ауыр жағдайда түсіп жатыр. Олардың көбі өкпеге оттегі беруді қамтамасыз ететін көмекші аппараттарды қажет етеді екен.

«Жансақтау бөлімдерінде екпе алмаған азаматтар жатыр. Олардың жасы 35 және одан жоғары», - деді Тимур Мұратов.

Оның дерегінше, бүгінде 243 науқас жансақтау бөлімінде жатыр және 55 сырқат өкпені жасанды тыныс алу аппаратына қосылған.

Төсектердің жүктелімі

СМ стационарлық және стационарды алмастыратын медициналық көмек басқармасының бас сарапшысы Айма Сағындықованың дерегінше, мониторингке сәйкес ағымдағы жылдың 11 тамызында өңірлер бөлінісінде 328 медициналық объектіде 55 658 инфекциялық төсек-орын дайындалған. Республика бойынша қамту 54% - ды құрайды, инфекциялық стационарлардағы реанимациялық төсек-орындар саны 4 969, қамту 45%-ды құрайды. Эпидемиологиялық жағдай күрделенген жағдайда 7 419 инфекциялық төсек-орынға арналған резерв бар екенін жеткізді.

Оның мәліметінше, Атырау облысы мен Нұр-Сұлтан қаласында инфекциялық төсек-орындармен қамту көрсеткіші 69% - дан, Ақтөбе облысында - 65% - дан, Алматы қаласы мен Жамбыл облысында - 63% - дан жоғары.

Сондай-ақ сарапшы нашарлаудың, реанимация бөліміне ауыстырудың және ауыр дәрежедегі пациенттер санының артуының негізгі себебі пациенттердің медициналық көмекке кеш жүгінуі және ілеспе аурулардың болуы екенін атап өтті.

«Тұрғындардан алдын алу шараларын сақтауға, адамдар көп жиналатын жерлерге бармауға, өзін - өзі емдеумен айналыспауға және уақытылы медициналық көмекке жүгінуге шақырамын», - деді Айма Сағындықова

Балалар арасындағы сырқаттанушылық

Тимур Мұратовтың айтуынша, балалар арасында сырқаттанушылықтың өсуі жаз мезгілінде байқалған. Қазіргі таңда оң нәтижесі бар 74 бала стационарлық ем қабылдауда.

«7 бала ауыр жағдайда ем алуда. Жағдайлары тұрақты. Реанимацияда балалар жоқ. Соңғы тәулікте 12 бала ауруханаға жатқызылды, 834 бала амбулаториялық ем қабылдауда», - деді Тимур Мұратов

Оның дерегінше, жыл басынан бері 10 мыңнан астам кәмелетке толмағандар КВИ-мен ауырған. Бұл стационарлық, сондай-ақ амбулаторлық пациенттер екен. Балаларда бақалатын белгілер интоксикация, қызу көтерілуі, қалтырау байқалады.

«Инкубациялық кезеңі ересектердегідей 4 күннен 14 күнге дейінгі аралықты құрайды. Шок жағдай да кездеседі. Ересектерді балаларымыздың қауіпсіздігі үшін вакцина алуға шақырамыз», - деді басқармасының басшысы.

Аурушаңдықтың ең жоғары деңгейі- ересектер арасында

Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Сархат Бейсенованың мәліметінше, аурушаңдықтың жоғары деңгейі 18-29 жастағы тұрғындар арасында тіркеліп отыр, ол 16,4%-ға тең.

30-39 жастағылардың аурушаңдық деңгейі 22,2%-ды, 40-59 жас аралығындағылар арасында 28,4%-ды көрсетіп отыр.

«Ал 60 жастан асқандардың 13%-ы індет жұқтырған. Балалардың 16,7%-ы COVID-19-бен ауырса, жасөспірімдер арасында 3,3%-ды құрады», - деді Сархат Бейсенова.

Сондай-ақ, ол биылғы наурыз айынан бергі 14 жасқа дейінгі балалар арасындағы аурушаңдықты талдау кезінде жағдайдың 5,5 есеге ұлғайғаны байқалғанын атап өтті. Нақтырақ айтар болсақ, наурыздан бері 1106 жағдайдан шілдеде 6058 жағдайға дейін жеткен.

«Барлық жастағы бала ауырған, осы орайда олардың 1,9%-ы ауруханаға жатқызылған. Бұл балалардың індеттің барынша жеңіл түрімен ауырғандығын көрсетіп отыр», - деді ол

Барлық жаңалықтар