Елордада мүмкіндігі шектеулі жандар ұйымдарының мәселелері талқыланды

22 Қаңтар, 2020 19:22

Ел астанасында "Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасының басқарма төрағасы Абылай Мырзахметовтың қатысуымен мүмкіндігі шектеулі жандардың мәселелері талқыланды. Атап айтқанда мүкіндігі шектеулі жандардың ұйымдарына индустриалды сертификат беру тәртібі, алу үшін қандай талаптарға жауап беру керек деген секілді мәселелер көтерілді, деп хабарлады Strategy2050.kz тілшісі.

Жиынға қатысқан "Атамекен" ҰКП мемлекеттік сатып алу жергілікті қамту департаментінің директоры Меруерт Әбдуалиева саладағы нақты проблемаларға тоқталды. Оның айтуынша, индустриалды сертификат өнімнің, құрал-жабдықтың барын растайды, алайда өнімнің сапасы мен қауіпсіздігіне жауап бермейді. 

"Индустриалды сертификат өнімнің, құрал-жабдықтың барын екендігін білдіреді, бірақ өнімнің не жабдықтың сапасы мен қауіпсіздігіне жауап бермейді. Мәселен, өткен жылдың сегіз айындағы қорытынды бойынша, индустриалды сертификат жөнінде ұлттық палатаға 215 шағым түскен. Олардың 30 пайызы мүмкіндігі шектеулі жандардың ұйымдары", - деді Меруерт Әбдуалиева.

Сол себепті департамент директоры Меруерт Әбдуалиева "Атамекен"  Ұлттық кәсіпкерлер палатасына мүмкіндігі шектеулі жандар жұмыс істейтін кәсіпорындарға индустриалды сертификатты беруді тоқтата тұру қажеттігін айтты. 

"Біз мүмкіндігі шектеулі жандар ұйымдарының проблемалары шешілгенге дейін аталмыш ұйымдарға индустриалды сертификатты беруді тоқтата тұруды ұсынамыз. Өйткені бұл жерде шешілмеген мәселе көп.  Атап айтсам, олардың қатарында салалық сараптама бағасының қымбаттығы, сала бойынша сарапшылардың жетіспеуі, жеңіл және жиһаз өндірісіндегі тауарларға арналған зертханалардың жоқтығы және де салалық сараптама жүргізу кезіндегі талаптардың көптігі бар", - деді "Атамекен" ҰКП мемлекеттік сатып алу жергілікті қамту департаментінің директоры.

Айта кетейік, индустриалды сертификат - өтініш берушінің тауарлар, жұмыстар мен қызметтердің тізімінде көрсетілген көлемде өнім өндіруге, жұмыстарды орындауға және қызметтер көрсетуге техникалық, технологиялық және ресурстық мүмкіндіктері барын растайтын ерікті сертификаттау. "Атамекен" ұлттық палатасы өткен жылдан бастап бере бастады. Соның ішінде мүмкіндігі шектеулі жаңдардың ұйымдары үшін индустралды сертификат беруді қолға алған еді.

Назерке Сүйіндік

Барлық жаңалықтар