• Басты
  • Елордада мұғалімдер мен полицейлер коронавирусқа қарсы вакцина ала бастады

Елордада мұғалімдер мен полицейлер коронавирусқа қарсы вакцина ала бастады

1 Наурыз, 2021 15:45

Бүгіннен бастап Нұр-Сұлтан қаласында коронавирусқа қарсы екпені мұғалімдер, балабақша тәрбиешілері, құқық қорғау органдарының қызметкерлері алады. Бүгін елорда емханаларында бұл науқан басталды, деп хабарлады Strategy2050.kz тілшісі.


Елорданың Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының мәліметі бойынша бұл топқа 15 мыңнан астам адам кіреді. Осы санаттағы адамдарды вакцинациялау үшін Нұр-Сұлтанда 36 алғашқы медициналық-санитарлық көмек ұйымдарында екпе егу бөлмелері ұйымдастырылды. Сондай-ақ екпе салдыртуда ведомствоаралық ұйымдар да қатысады.

3a5de9fb-4ce1-4ecc-bfae-d49ee89dbb1b.jpg

«Мұғалімдер мен тәрбиешілерге вакцинация АМСК ұйымдарына білім беру ұйымы бекітілген жері бойынша жасалады. Вакцина алатындардың тізімдері жасалды, тиісті емханаларға жіберілді», - деп мәлімдеді Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі.

1 ақпаннан бастап Нұр-Сұлтанда барлығы 2126 адам коронавирустық инфекцияға қарсы екпе алды. Өткен демалыс күндері Басқарманың қоймаларына 7 мыңнан астам жаңа доза вакцина түсті.

Бүгін екпе салдырғандар арасында кері әсер алғандар тіркелмеді. Олар вакцина қабылдаған соң жарты сағат медициналық мекемеде дәрігерлердің қарауында болды. Дәрігерлердің айтуынша, вакцинадан кері әсер ешбір пациентте байқалмады. Ал вакцинаның алдында әрбір азаматтың дене қызуы мен артериялық қан қысымы өлшенді.

2f376932-9287-4a82-a901-4902336f6cad.jpg

Өткен аптада журналистермен өткен брифингте бас санитар дәрігер 65 жастан асқан ересектердің вакцина қабылдауына рұқсат берілгенін айтқан болатын. Алайда мына диагнозы бар адамдар вакцинаны асқан сақтықпен қабылдауы қажет:

1) бауыр мен бүйректің созылмалы аурулары;

2) эндокриндік жүйе функциясының айқын бұзылуы (қант диабеті);

3) қан айналым жүйесінің ауыр аурулары;

4) эпилепсия, инсульт және ОЖЖ басқа аурулары;

5) жүрек-қантамыр жүйесінің аурулары (анамнезінде миокард инфарктісі, миокардит, эндокардит, перикардит, жүректің ишемиялық ауруы болса);

6) бастапқы және қайталама иммун тапшылығы;

7) аутоиммундық аурулар;

8) өкпе, демікпе және ӨСОА аурулары;

9) диабетпен және метаболикалық синдроммен, аллергиялық реакциялармен, атопиямен, экземамен ауыратын пациенттерде;

10) қанның қатерлі ауруларын қоса алғанда, қатерлі ісіктер.

1 наурыздағы мәлімет бойынша, 20 140 адам короновирус инфекциясынан емделуде, олардың ішінде 4 472 пациент стационарда, 15 668 науқас амбулаториялық деңгейде ем қабылдауда.

КВИ+, КВИ- шалдыққандардың арасында:

• 248 адамның жағдайы ауыр;

• 50 пациенттің жағдайы өте ауыр;

• 44 науқас ӨЖЖ аппаратында жатыр.


Барлық жаңалықтар