• Басты
  • Елордада «Ұлы дала құндылықтарының» концепциясы таныстырылды
18 Қараша, 2020 16:47

Елордада «Ұлы дала құндылықтарының» концепциясы таныстырылды

Бүгін елордада «Ұлттық құндылықтар – рухани жаңғырудың негізі» тақырыбына арналған дөңгелек үстел өтті. Жиынға қатысқан депутаттар, министрлер, сонымен қоса академиктер ұлттық құндылықтарды талқыға салды. Дөңгелек үстел барысында сенатор, академик Бақытжан Жұмағұлов «Ұлы даланың құндылықтары» жөніндегі концепциясын таныстырды. Толығырақ Strategy2050.kz тілшісінің материалында.

Елордада «Ұлы дала құндылықтарының» концепциясы таныстырылды

Жиынды ашқан сенат депутаты Мұрат Бақтиярұлы аталмыш отырыстың мақсат-міндеттеріне тоқталып өтті. Оның айтуынша, жиынның басты мақсаты – алдағы уақытта өткізілуі жоспарланған «Ұлы дала құндылықтары» тақырыбындағы парламенттік тыңдау бойынша жұмыс тобын құру, көтерілетін мәселелерді айқындап, тиісті ұсынымдар жобасын әзірлеу, парламенттік тыңдауды өткізуді ұйымдастыру мәселелерін пысықтау.

«Сонымен қоса тақырып аясындағы басқа да мәселелерді депутаттармен, тиісті министрлік басшыларымен және зиялы қауым өкілдерімен талқылау қажеттігі туындап отыр. Қазіргідей ешкімді аямайтын жаһандану заманында ұлттың бірегейлігін, ұлттық болмысты, рухани құндылықты сақтаған халық қана тарих сахнасында мәңгі жасайды. Тіліміз, салт-дәстүріміз ұлттық бірегейліігімзді көрсететін рухани жан дүниеміз, ең бастысы біліміміз бен ғылымымыз. Ұлттық құндылық – ұлттың қорғаушы шамшырағы. Отырыста келелі ұсыныстар айтылады деп үміттенемін», - деді депутат.

Ал сенатор, академик Бақытжан Жұмағұлов сенат төрағасы Мәулен Әшімбаевтың өзіне «Ұлы дала құндылықтары» жөнінде концепция жасауды ұсынғанын атап өтті. Оның айтуынша, оны ұлттық құндылықтардың жағдайы бұған дейін де ойландырып келген.

«Біздің халық небір аласапыран заманды бастан өткерді. Жаңа заман жаңа сынақтар әкелді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылғы 1 қыркүйектегі «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Қазақстан халқына жолдауында халқымыздың жаңа болмысын қалыптастыру, тұтас ұлт сапасын арттыру деген еді. Президент айтқан жаңа болмыс пен ұлт сапасын қалай жақсарта аламыз? Әрине, оны әлемдік өркениет жолымен ұлттық құндылықтарымызды қатар дамытқанда ғана жүзеге асыра аламыз. Сонда ғана ұлттық құндылықтарымызды қалыптастырып, оны орнықтыруға, өмірге араластыруға болады», - деді Бақытжан Жұмағұлов.

Академиктің пайымынша, осы жылдары бірқатар жұмыс атқарылды. «Мәдени мұра», «Болашаққа бағдар», «Рухани жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры» секілді жобалар ойдағыдай жүзеге асырылды.

«Әлі де жалғасын тауып жатыр. Олар мемлекеттік деңгейдегі іргелі жобалар. Сонымен қатар еліміздің әр отбасына, жеке азаматына қатысты ұлттық жоба қажет екені айқын. Ұлттық құндылықтар азайған сайын адамның рухани бейнесі де өзгереді. Өзгеден көрі өзі, қоғамнан көрі жеке отбасының пайдасын ойлайтын рухани жағынан біршама жүдеу, білім жағынан саяздау ұрпақ көбейгені алаңдатады», - деді сенатор.

Осыған орай ол басты бес ұлттық құндылықтың бағытын ұсынды.

1.     Тәуелсіздік және тарихи таным.

Академиктің айтуынша, тәуелсіздік егемендікті ғана алып келмей, сонымен қатар ұлтымыздың санасын өзгертті, сапасын жақсартты. Тәуелсіздіктің арқасында қазақ елін, Қазақстан халқын әлем таныды және мойындады. Тәуелсіздік рәміздері мемлекеттік туымыз, елтаңбамыз, әнұранымыз бар. Республика президенті мемлекеттік рәміздер туралы заңға тиісті өзгерістер жасау қажеттігін атап өтті.

«Бұл ұлттық құндылықтарымыздың тәуелсіздік ұғымымен пара-пар екенінің айғағы. Қазақстандағы тұрақтылық, ұлтаралық татулық кейбір сыртқы күштерді алаңдататын сияқты. Сондықтан да «үй ішінен үй тігу» секілді қоғамымызға жат ниеттерді ендіруге тырысуда. Оған жол беруге болмайды. Халық пен мемлекет біртұтас, яғни тәуелсіздік ұлттың басты құндылығы», - деді ол.

2.     Ел мен жер

Сонымен қоса ол ата-бабамыз ұланғайыр даланы көзінің қарашығындай сақтады, қылыштың жүзімен, найзаның ұшымен қорғағанын еске салып өтті.

«Қазақтың жері қасиетті. Ол бүгінгі жаһандық тайталас кезеңіндегі ұлттық бірегейліктің символы болып қала береді. Осындай ұланғайыр ұлы даланы бабаларымыз бізге аман етіп кетті. Мәңгілік мемлекеттің белгісі – жер мен ел. Кезінде көрші бір елдің елшісі «Құдайдың өзі де әділетсіз, осыншама аз халыққа осынша ұланғайыр жер берер ме еді?» деген сөзін ешкім ұмытпаған шығар. Жер – саяси сауда құралы емес. Президент Тоқаев айтқандай, қазақтың жері сатылмайды. Мұны қазақтың басты құндылығы деп білемін», - деді Бақытжан Жұмағұлов.

3.     Тіл мен имандылық

Тіл – мемлекеттің айбыны мен символы. Тіл бар жерде имандылық та бірге болады. Қазақ тілі әлемнің ешбір тілінен кем емес. Оның аясын кеңейте отырып, мемлекеттік тілімізді жетілдіруге бағыт алып отырғанын атап өтті.

4.     Ұлттық дәстүр және отбасылық тәрбие

Сонымен қоса бала бесіктен тәрбие алады, ұлттық дәстүрлерді бойға сіңіреді, ана жолдан тайса, ұлт жолдан таяды, әке жолдан тайса, ұлт тозады. Қоғам жолдан тайса, тәуелсіздіктен айырылатынын бас айтты. Ұлттық дәстүр және отбасылық тәрбие – патриотизмнің бастауы. Баланы бесіктен тәрбиелеу ұлттық ұғым кепілі.

5.     Білім мен біліктілік

«Білім жоқ ел беделсіз, ғылым жоқ ел бедерсіз. Қалыптасқан жағдайда білім мен ғылымның жүйесін қайта қарау керек», - деді ол.

Бұдан бөлек, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева да ұлттық құндылықтарды дамытып, дәріптеуге байланысты ойларын ортаға салды.

«Ұлттық құндылықтарды саралап, бағалай білген елдің қашанда болмысы бөлек, рухы биік. Содан болар, ұлттық құндылықтар дегенде халықтың әдет-ғұрпы мен салт-дәстүрін, ана тілі мен өнерін, мәдениеті мен әдебиетін айтамыз. Бұл әрбір азаматтың ұлттық кодына басылған қайталанбас дүние. Ал қоғамдық сана сол ұлттық кодты сақтай отырып, әрбір азаматымызды болашаққа баптайтын бірегей құралы болмақ», - деді Аида Балаева.

Сонымен қоса министр жақында «Рухани жаңғырудың» жаңа бағыты ұлттық жаңғыру кезіне өту туралы шешім қабылданғанын еске салды. Оның пікірінше, бұл ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев айтқандай, азаматтардың озық санасын дамыту арқылы ұлттың озат болмысын қалыптастыру үшін қажет тарихи қадам болды.

«Ендігі жерде руханиятты дәріптеу азаматтардың жас ерекшелітерін ескере отырып, жүзеге асырылады. Онда да тозығы жеткен емес, заманның бәскесіне, адамның қажеттілігіне жарайтын жасампаз құндылықтар болуы шарт. Бұл тұрғыда «Рухани жаңғыру» бағдарламасы тұлғалық даму, ұлттық бірегейлік және халықаралық мәртебе, азаматтық қоғамның дамуы деген құндылықтарға негізделеді. Сондықтан да «Рухани жаңғыру» үрдісін ең алдымен бала тәрбиесімен және жастардың рухани өсуінен бастауымыз керек», - деді Аида Балаева.

Сонымен бірге ол балалардың ойын қалыптастыруда виртуалды әлемнің ықпалы зор екені жасырын емес екенін атап өтті. Оның сөзінше, жасөспірімдер арасында бір-біріне, айналасына, жан-жануарларға деген қатыгездік, суицид, толеранттылықтың төмендігі секілді келеңсіздіктерге жиі орын алуда.

«Мұның бәріне бір жақты қарауға болмайды, кешенді зерттеуді талап ететін мәселе. Бірақ қоғамдық бақылау мен ұлттық тәрбиенің маңызы зор. Сондықтан жас ұрпақтың бойына ұлттық құндылықтарды сіңіре отырып, бүгінгі заманға сай тәрбие мен білім беру басты міндетә, деді министр.

Осы орайда, қазіргі таңда министрліктің бастамасымен балалар мен жасөспірімдерді адамгершілікке тәрбиелеу стратегиясын жасап, іске асыруды көздеп отырғанын атап өтті. Ол үшін мнистрлік жанынан Қоғамдық даму институты арнайы жұмыс тобы құрылған.

Айта кетейік, жиынға депутаттар, сенаторлар, соынмен қоса басқа да ғалым, акадмиктер қатысты.

Барлық жаңалықтар
// (function(m,e,t,r,i,k,a){m[i]=m[i]||function(){(m[i].a=m[i].a||[]).push(arguments)};m[i].l=1*new Date();k=e.createElement(t),a=e.getElementsByTagName(t)[0],k.async=1,k.src=r,a.parentNode.insertBefore(k,a)})(window, document, "script", "https://mc.yandex.ru/metrika/tag.js", "ym");ym(34776295, "init", {clickmap:true,trackLinks:true,accurateTrackBounce:true,webvisor:true,trackHash:true});//
5.255.231.81, 192.168.88.100