• Басты
  • Елордада Әлихан Бөкейханның 155 жылдығына орай ғылыми конференция өтті

Елордада Әлихан Бөкейханның 155 жылдығына орай ғылыми конференция өтті

3 Наурыз, 2021 18:44

Бүгін Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде Ұлт-азаттық Алаш қозғалысының көсемі, Алаш Орда үкіметінің төрағасы, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, энциклопедист-ғалым Әлихан Нұрмұхамедұлы Бөкейханның туғанына 155 жыл толуына орай «Әлихан Бөкейхан – қазақ елі мен жерінің тұтастық рәмізі» атты халықаралық онлайн конференция өтті, деп хабарлады Strategy2050.kz тілшісі.

Жиын тәуелсіздігіміздің 30 жылдығы аясында ұйымдастырылған. Конференция мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау сөзімен ашылды. Құттықтау хатты ҚР Президенті әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары Дәурен Абаев оқып берді.

«Құрметті конференцияға қатысушылар! Аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Алихан Бөкейханның 155 жылдығына арналған алқалы жиынының ашылуымен құттықтаймын! Әлихан Бөкейхан төл тарихымызды өшпес із қалдырған біртуар тұлға. Ол ХХ ғасырдың басында алаш ұлт азаттық қозғалысының көшін бастап дербес ел болудың алғышарттары мен негіздерін айқындады. Халқының бостандығы үшін бүкіл ғұмырын сарп етті», - делінген мемлекет басшысының құттықтау сөзінде.

Президент өз сөзінде Әлихан Бөкейхан ғылымның әр түрлі саласына терең бойлаған саңлақ саясаткер екенін атап өтті. Сондай-ақ, қазақтың ой өрісін кеңейтіп, руханиятымызды дамытуға зор үлесін қосып, ұлттық интелегенцияның жаңа буынын қалыптастыруға ұйытқы болғанын тілге тиек еткен. Сондай-ақ, халқына адал қызмет етіп, мол мұра қалдырғанын да атап өткен.

«Тарихи тұлғаның мерейтойы Қазақстан тәуелсіздігінің 30 жылдығымен тұспа-тұс келіп отыр. Мұның символдық мәні бар. Шын мәнінде, бүгінгі егемендігіміз Әлихан бастаған ұлт зиялыларының орындалған арманы. Әлихан Бөкейханның тағылымды өмір жолы әрдайым дәріптеліп жастар үшін үлгі өнеге болуға тиіс.Өскелен ұрпақ алаш арыстары ұстанған мемлекеттілік пен мемлекетшілілдік идеясына қашанда берік болу азаттық рухын асқақтата береді деп сенемін. Конференция жұмысына табыс тілеймін» , - делінген президенттің құттықтау хатында.

Конференцияға модераторлық еткен Еуразия ұлттық университетінің ректоры Ерлан Сыдықов бүгінгі конференция тәуелсіздігіміздің 30 жылдығы аясында өтіп жатқанын атап өтті.


«Алаш мұрасы бүгінгі жаңғыруларды сабақтастыруда. Ал, мерейтой болса, еліміздің рухани серпілісі, ұлттық ұйысуының шарасы. Бүгінгі халықаралық жиында осы және басқа да мәселелер қарастырылады», - деді Ерлан Сыдықов.

ҚР Президенті әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары Дәурен Абаев Мемлекет басшысының құттықтауын жеткізген соң, саналы ғұмырын халқының азаттығына арнаған Әлихан Бөкейханның «Бостандыққа апаратын жалғыз жол – ынтымақ» деген сөзін келтіріп, халықаралық конференцияның маңызына тоқталып өтті.

«Қазақтың азаттыққа қол жеткізуі қиын әрі күрделі болды. Бұл жолда талай ерлер басын бәйгеге тікті, жанын құрбан етті. Солардың ішінде 20 ғасырдың басында саясат сахнасына жарқырап шыққан тұлғаларымыздың орны ерекше. Соның бірі әрі бірегейі - Әлихан Бөкейхан екені сөзсіз», - деді Дәурен Абаев.

Сондай-ақ, Дәурен Абаевтың пайымынша, Әлихан Бөкейханұлы саясаткер ғана емес, сонымен қатар көп қырлы талант иесі, білгір экономист, дарынды журналист, білікті этнограф ретінде отандық ғылымның дамуына сүбелі үлес қосқан ғалым. Сонымен қатар, қазақ зиялыларының тұтас буынын тәрбиелеген ұстаз. Саналы ғұмырын халқының азаттығына арнаған қайраткер. Бұл ретте ғылыми конференция жасау өте маңызды екенін атап өткен ол Әлихан Бөкейханның жалпы алаш қайраткерлерінің еңбегі үнемі зерттеліп насихатталу керегін баса айтты.


«Қазақстан Республикасының тұңғыш президенті елбасы Н.Назарбаев алаш аманаты- өзіміздің тарихи мәдени бірлігімізді сақтау. Алаш аманаты- қоғамдық келісімді нығайту деген болатын. Сондықтан алаш зиялылары мирас еткен рухани мұрасы әрдайым ұлтымыздың қажетіне жарай берді», - деді Дәурен Абаев.

Бұдан бөлек, шараға қатысқан ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов Әлихан Бөкейхан мен Алаш қайраткерлерінің өмірі мен шығармашылық жолына тоқталып, елбасымыздың рухани жаңғыру бағдарламасының шеңберінде тарихымызды зерттеу, рухани мұрамызды зерделеу бойынша білім және ғылым министрлігі жоспарлы түрде жұмыс жүргізіп жатқанын жеткізді.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты бағдарламалық мақаласында бостандық бізге оңайлықпен келмегенін, ата-бабаларымыз азаттық жолында арпалысқанын атап өткен еді. Талай зұлмат замандармен нәубеттерді бастан өткергені белгілі. Осының барлығы халықтың есінде сақаталып, ұрпақтан ұрпаққа жетуі тиіс», - деді Асхат Аймағамбетов.

Сондай-ақ, министр әйгілі қазақ хандығынан кейін мемлекетшілдік тәжірибесін батыл жалғастырмақ болған алаш қайраткерлері еңбегін әсіресе, оның көшбасшысы Әлихан Бөкейхан мұрасын жан-жақты зерделеуге тиіс екенімізді деп атап өтті. Ол география бойынша оқулықтарды аударып, біраз мақалалар жазды. Әлихан Бөкейханның білім саласы бойынша, ғылым саласы бойынша біраз мазмұнды ойлары бар. Бірақ, біраз адам бұл туралы білсе, кей адамдар білмейді. Сондықтан, бұл жұмыстарды жинақтап, тиісті жұмыс жүргізу керек екеннін тілге тиек етті.

«Бұл ретте, Алашорда үкеметін басқарған Әлихан Бөкейхан және оның сенімді серігі болған, әрі білім саласын басқарған Ахмет Байтұрсынұлының ұшан теңіз қызметі, мұрасы, өсиеті - біз үшін рухани темірқазық», - деді Асхат Аймағамбетов.

Сонымен бірге, министр Әлихан Бөкейханның 155 жылдығына орай Қазақстан Республикасы білім және ғылым министрлігі білім беру ошақтарында, яғни мектептерде, колледждерде, жоғарғы оқу орындарында тиісті шаралар өткізілетінін атап өтті. Сондай-ақ, ғылыми негізде зерттеулер мен ғылыми жұмыстар жүргізілетінін де еске салды.


Бұдан басқа, аталмыш онлайн конференцияда Қазақстан Республикасы парламенті сенатының депутаты, Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Мұхтар Құл-Мұхамед құттықтау сөз сөйледі. Ол өз сөзінде Әлихан Бөкейханның үш қырына арнайы тоқталып өтті.

«Біріншіден, ол тарихта азаттыққа ұмтылған қазақ халқының өз еркімен, өз қолымен құрған тұңғыш ұлттық үкіметі Алаш Орданың премьер министрі болды. Бұл туралы әлі талай айтылатын, жазылтын болады. Екіншіден, ол 20 ғасырдың басындағы қазақ саяси қайраткерлерінің көшбасшысы болды. Бүгінде ешбір дайындығы жоқ, не парламентте, не үкіметте қызмет істемеген адамдардың үкімет басына, мемлекет басына келуі жаңалық болудан қалған. Бірақ, Әлихан Бөкейханов 20 ғасырдағы Ресей сияқты алып империяның бүкіл саяси қызметінің басы қасында жүріп, әбден шыңдалған қайраткер. Үшіншіден, Әлихан энциклопедист ғалым болды. Оның ғылыми еңбектері экономика, саясат, заң саласында, тарих, әдебиет саласындағы еңбектері бүгінгі күні қазақ оқырмандарының игілігіне айналды», - деді ол.

Сонымен қоса, Ресей тарихындағы алғашқы думаның депутаты болып, сол кездегі Ресейдің үлкен қайраткерлернің барлығымен дерлік тең дәрежеде араласқанын баса айтты.

«Еуропалық деңгейдегі барлық оқиғалардың куәгері болды. Ол қазақ халқының Еуропалық деңгейдегі дамыған мемлекеттер қатырына қосылуын мақсат етті. Әлихан Бөкейхан алаш орда үкіметін ғана құрып қойған жоқ, Алаш автономиясы атты Ресей құрамындағы жаңа мемлекеттік құрылымды да жариялады», - деді Мұхтар Құл-Мұхамед.

Сондай-ақ, Әлихан Бөкейханның саяси қайраткерлігіне, саяси күшті біріктірген ерекше тұлға болғанын айтты. Сұлтанхан Жүсіп пен Мүсілім Базарбаевтың құрастыруымен осыдан ширек ғасыр бұрын Әлихан Бөкейханның 30 баспа табақ еңбегін, одан кейін 15 томдық кітабын шығарғанын, бұл еңбектер әлихантанушылар үшін іргелі негіз болатынын ерекше атап өтті. Одан кейін дәл бүгінге дейін Алаш қайраткерлерінің дәл осындай деңгейдегі шығармаларының толық жинағы жарық көрмегенін де атап өтіп, алдағы уақытта үлкен ғылыми еңбектер жарық көретініне сенім білдірді.

Өз кезегінде сөз алған Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты, ҚР ҰҒА корреспондент мүшесі Алтынбек Нұхұлы, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттары Берік Әбдіғани, Қазыбек Иса, Берік Дүйсембаев қайраткердің ерекше қырларына тоқталса, ЕҰУ «Алаш» ҒЗИ директоры Сұлтанхан Жүсіп (Нұр-Сұлтан), Қажы Байрам Вели Университетінің профессоры Гүлжанат Құрманғалиева-Ерджиласун (Анкара), Мимар Синан көркем өнер университетінің профессоры Әбдіуақап Қара (Ыстамбұл), Қажы Байрам Вели Университетінің профессоры Хулия Касапоглы Ченгел (Анкара), Қырғызстан ҰҒА Б.Джамгерчинов атындағы тарих, археология және этнология институтынан Айида Кубатова (Бішкек), тағы басқа танымал тарихшы-ғалымдар арнайы баяндама жасады.

Сондай-ақ, халықаралық конференцияда ҚР БжҒМ Ш.Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры, ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі Зиябек Қабылдинов, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің проректоры, ҚР ҰҒА академигі Дихан Қамзабекұлы Ұлт-азаттық Алаш қозғалысының көсемі Әлихан Бөкейханның азаматтығы, ғалымдығы жайлы тәлімі мол тағылымды ой қозғап, заманынан озық туған қайраткер екенін ғылыми тұжырымдармен нақтылап өтті.

Венера Жоламанқызы

Барлық жаңалықтар