• Басты
  • Елордада Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезі Хатшылығының отырысы өтіп жатыр

Елордада Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезі Хатшылығының отырысы өтіп жатыр

6 Қазан, 2021 14:02

Бүгін Елордада Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезі Хатшылығының ХІХ отырысы өтіп жатыр. Жиынға қатысушылар кезекті Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің Съезіне дайындық мәселелерін талқылауда. Аталған іс-шарада айтылған мәселелер туралы толығырақ Strategy2050.kz тілшісінің материалынан оқи аласыздар.

Жиын барысында Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Төрағасы – Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезі Хатшылығының Басшысы Мәулен Әшімбаев Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің Съезі халықаралық күн тәртібіндегі бірегей бастама және жаһандық дінаралық диалогтың нағыз тиімді тетігі екенін атап өтті. Сондай-ақ, ол еліміздің тәуелсіздік жылдарында бейбітшілік пен жалпыұлттық диалогтың өзіндік моделін қалыптастыра алғанын тілге тиек етті.

«Биыл біз Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығын атап өтеміз. Осы кезеңде бейбітшіліктің, жалпыұлттық бірлік пен конфессияаралық диалогтың өзіндік моделін қалыптастыра алдық. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев негізін қалаған бұл бағдар өзінің тиімділігі мен өміршеңдігін дәлелдеп үлгерді», – деді Мәулен Әшімбаев.

Оның айтуынша, бірлік қағидаты елдің болашағы үшін ортақ жауапкершілікке және этносы мен дініне қарамастан, азаматтардың құқықтарын құрметтеу мен қамтамасыз етуге негізделген. Сонымен қатар, ол қазіргі таңда ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың басшылығымен этносаралық және конфессияаралық келісімді қамтамасыз ету саясаты жалғасып келетінін атап өтті.

«Біз Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің Съезі мен Хатшылық отырысын абырой-бедел жинау үшін өткізбейміз. Бұл – қазақстандық даму жолының біртұтас ажырамас бөлігі», – деді Мәулен Әшімбаев.

Сонымен қатар, ол биылғы Хатшылық отырысы күрделі жағдайда өтіп жатқанын атап өтіп, коронавирус пандемиясы мен соңғы жылдарда әлемде басқа да жаһандық проблемалардың ушыға түсуі себеп екенін тілге тиек етті.

Соның ішінде геосаяси және геоэкономикалық факторлар мен жаһандық қауіпсіздік жүйесінің бұзылуы салдарынан туындаған халықаралық шиеленістің күшеюі, қару-жарақ жарысының үдеуі және жаһандық экологиялық күн тәртібіндегі түйткілдер бар екенін жеткізді. Сондай-ақ, осындай жағдайда рухани көшбасшылардың басты міндеті құндылықтардың дұрыс жүйесін қалыптастыру және адамдарды бейбітшілік, адамгершілік, қоғамдық келісім, өзара қолдау сияқты идеялар аясына топтастыру керектігін атап өтті.

«Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезінің негізгі мақсаты да осы. Сондықтан баршаңызға біздің Форумға қатысып, белсенді қолдау көрсеткендеріңіз үшін шынайы алғысымызды білдіреміз», – деді Съезд хатшылығының Басшысы.

Жиында ҚР Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Серік Егізбаев 2022 жылы Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының 7-съезі жаңа форматта ұйымдастырылатынын айтып өтті. Оның сөзінше, кеше хатшылық жұмыс тобының отырысы өтіп, онда Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары 7-съезінің жалпы және секциялық отырыстарының тақырыбы бойынша жұмыс тобы мен хатшылық мүшелерінің 49 ұсынысын жинақтау жүргізілген.

Сондай-ақ, ол съездің дайындық кезеңіне тоқталып өтті. Оның айтуынша, съездің мақсаттары мен міндеттерін ілгерілету жөніндегі ақпараттық жұмысқа баса мән берілген.

«Мәселен, қазіргі уақытта ірі халықаралық бұқаралық ақпарат құралдарында мыңға жуық материал жарияланды. Фейсбук, Телеграм, Инстаграм әлеуметтік желілелерінде 3 мыңнан астам жарияланым орналастырылды. Жұмыс тобының мүшелері мен съезд хатшылығының қатысумен бірқатар түрлі форматтағы іс-шаралар өткізілді», – деді Серік Егізбаев.

Сондай-ақ, соңғы уақытта ғана Үндістан, Пәкістан, Женева, Чехия және Сауд Арабиясында съездің мақсаттары мен міндеттерін ілгерлетуге арналған іс-шаралар ұйымдастырылған. Соның ішінде, Армения, Венгрия, Германия, Иран, Канада, Қырғызстан, Малайзия, Түркияда осындай іс-шаралардың жоспарланғанын атап өтті.

Вице-министрдің сөзінше, жұмыс тобының отырысында дінаралық және мәдениетаралық диалогтың рөлі мен маңызы, рухани-адамгершілік құндылықтар, әлемнің пандемиядан кейінгі жағдайында 7-съезд жұмысын жаңа форматта өткізу қажеттілігі туралы талқыланған.

Бұдан бөлек, жиында Сауд Арабиясы Корольдігінің Ислам, шақыру және тәлім беру істері жөніндегі министрдің орынбасары Мухаммед бен Абдулуахед әл-Арифи пандемия адам өмірінің көптеген салаларына әсер еткенін атап өтіп, салалардың цифрлануына ықпал еткенін жеткізді.

Сондай-ақ, ол қатысушылар 7-съездің жұмысы мен форматы әлемді одан да қауіпсіз, толерантты үшін сындарлы ынтымақтастықты қамтамасыз ету, мәдениеттер, халықтар мен діндер арасындағы өзара іс-қимылдың тиімді тәсілін белгілеу тиіс екендігін атап өтті.

Сонымен бірге, еске салайық, Съезд Хатшылығының отырысына 20 елден келген әлемдік діндер мен конфессиялардың және халықаралық ұйымдардың өкілдері қатысуда. Дін лидерлері өз сөздерінде Қазақстан өз ішінде ғана емес, халықаралық деңгейде де дінаралық және конфессияаралық диалог орнатуға баса мән беріп, осы бағытта маңызды жұмыс атқарып келе жатқанын айрықша атап өтуде. Мәселен, БҰҰ Өркениеттер Альянсының Жоғары өкілі Мигель Анхель Моратинос тұрақты және қауіпсіз әлем құру үшін діннің қоғамдағы рөлін және халықаралық деңгейдегі өзара іс-қимылды талқылау тұрғысынан Съездің маңызы зор екенін жеткізді.

«Бұл бірегей алаң саясаткерлер, дін лидерлері, халықаралық және өңірлік ұйымдар және барлық мүдделі тараптарға әлемдегі дінаралық диалог пен тұрақты дамуға қатысты проблемаларды бірлесіп талқылауға жақсы мүмкіндік береді. Сондықтан БҰҰ Өркениеттер Альянсы алдағы VII Съезд жұмысына белсенді қатысады», – деді Мигель Анхель Моратинос.

Еске салайық, Хатшылық отырыстың қорытындысы бойынша, Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VII Съезі өтетін орын мен мерзім белгілі болады деп күтілуде. Аталған жиында пандемиядан кейінгі кезеңде адамзаттың әлеуметтік-рухани дамуындағы әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің рөлі кеңінен талқыланбақ.

Барлық жаңалықтар