• Басты
  • Елордада КВИ жұқтырғандар саны 2,4 есе артқан

Елордада КВИ жұқтырғандар саны 2,4 есе артқан

4 Тамыз, 2021 17:18

Бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәжілісінде Денсаулық сақтау министрлігінің мамандары еліміздегі эпидемиологиялық жағдай туралы айтып берді. Жиынға қатысқан Медицина ғылымдарының магистрі және стационарлық және стационарды алмастыратын көмек басқармасының басшысы Сағындыкова Айма республика бойынша төсектердің жүктелімі 56%-ға жеткенін мәлімдеді. Толығырақ Strategy2050.kz тілшісінің материалында.

Елордада жағдай әлі күрделі

Нұр-Сұлтан қаласының бас санитарлық дәрігері Сархат Бейсенова анықталған жағдайлар мен ауруханаға жатқызу саны әлі де жоғары екенін атап өтті. Оның дерегінше, алдыңғы аптадағы сырқаттану көрсеткіші – 885,3 ал, анықталған жағдай саны – 10 521.

«Соңғы аптадағы көрсеткіш – 875,8. Анықталған науқастар саны – 10 408 құрап отыр. 10 мың тұрғынға шаққанда төсек-орынның жүктелім көрсеткіші 200-ден жоғары болды. Кешегі күннен бастап инфекциялық стационарлардың жүктелімі 69 %-ға жетті», - деді Сархат Бейсенова.

Оның айтуынша, елордада эпидемиологиялық жағдайды бағалау матрицасы бойынша «қою қызыл» аймақтан «қызыл» аймаққа ауысқан. Бұл аймақта елорда 13 күн болған.

Бас санитар дәрігердің мәліметінше, шілде айында аурушаңдық деңгейі мамыр айындағы көрсеткіштен 2,4 есе, маусым айындағыдан 2,3 есе өскен.

«Шілдеде пандемия басталғаннан бері 100 мың тұрғынға шаққандағы ең жоғары апталық көрсеткіш тіркеліп, 915,9-ға жетті. Жағдайлардың орташа тәуліктік тіркелуі маусым айындағы 388-ден шілде айында 1200-ге дейін өсті», - деді Сархат Бейсенова.

Соңғы 19 күнде тәулігіне 1,5 мыңнан астам жағдай тіркелген

Сонымен қатар, ол соңғы 19 күнде тәулігіне 1,5 мыңнан астам жағдай тіркелгенін айты. Бұрынғыдай сырқаттанудың ең жоғары деңгейі 30-39 жас аралығындағы ересектер арасында екен.

«Ересектер арасында 22,2%, 40-59 жас аралығында 28,4% және 18-29 жас аралығында 16,4%, 60 және одан жоғары егде жастағы адамдар арасында 13% тіркелген. Соңғы аптада 14 жасқа дейінгі балалар арасында сырқаттанушылық 17,3% және жасөспірімдер арасында 2,7% құрады», - деді бас дәрігер.

Ол жиында сонымен қатар вакцинаны осы мезетте алу өте маңызды екенін ескертті. Соның ішінде, жаңа дельта штамы аса жұқпалы және ағзаға тезірек әсер етіп, денсаулыққа қауіп төндіретінін жеткізді.

«Вакцина алмаған жағдайда, мүмкіндігінше тезірек вакцина алуға шақырамын. Вакцина барлығын және бүкіл ұжымды қорғайды», - деді бас санитар дәрігер.

Төсек-орын жүктелімі 56%-ға жеткен

Стационарлық және стационарды алмастыратын көмек басқармасының басшысы Айма Сағындыкова елдегі инфекциялық төсектердің жүктелімі туралы айтып өтті. 4 тамыздағы жағдай бойынша елімізде 52 803 инфекциялық төсек орны ашылған. Ал, республика бойынша төсектердің жүктелімі 56%-ға жеткен екен.

Оның дерегінше, шілде айымен салыстырғанда, тамыз айында қосылған медициналық ұйымдардың саны 326-дан 339-ға дейін өскен. Сонымен қатар, төсек саны 10 мыңға артқан. Инфекциялық стационарлардағы реанимациялық төсек саны – 4 795, жүктелім – 46% болған.

«Инфекциялық төсектердің ең жүктелімі Шымкент, Нұр-Сұлтан қалаларында, Қызылорда және Қостанай облыстарында, реанимациялық төсектердің жүктелімі Нұр-Сұлтан қаласында, Маңғыстау және Атырау облыстарында байқалады», - деді Айма Сағындықова.

Оның айтуынша, эпидемиологиялық ахуал күрделенген жағдайда коронавирустан емдеу үшін қосымша 12 мың инфекциялық төсек және жоспарлы медициналық көмекті тоқтатпай 550 реанимациялық төсек орналастыру мүмкіндігі бар.

Вакцина алғандар 21 %-ды құрайды

ҚР ДСМ Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығының «Саниятариялық-эпидемиологиялық сараптама және мониторинг ғылыми- практикалық орталығы» филиалы директорының орынбасары Манар Смағұлтың айтуынша, коронавирус індеті өміріміздің көп саласына әсер еткен. Оның айтуынша, қалыпты өмірге оралу үшін ұжымдық иммунитетті қалыптастыру керек.

«Оған иммунизация арқылы ғана жетуге болады. Бүгінде ДДСҰ ұсынымы бойынша халықтың 80%-ы вакцина алуы керек. Біз қазір осы бағыт бойынша жұмыс істеуіміз керек. Себебі қазір ол көрсеткіш 21 %-ды ғана құрап отыр» - деді Манар Смағұл.

Ұжымдық иммунитет

Манар Смағұлдың сөзінше, Қазақстан да өзге елдер сияқты иммундау процесін жеделдету керек. Сол кезде ғана жағдайдың тұрақталуын қамтамасыз етіп, аурудың одан әрі өршуі тоқтайды.

«Вакцинаны 100% қауіпсіз деп те айта алмаймыз. Өте сирек жағдайларда олар аллергиялық реакция немесе қанның ұюы сияқты жанама әсерлерді тудыруы мүмкін. Мұндай реакциялар вакцина алған 50 мың адамның біреуінде ғана кездеседі. Бұл өте сирек кездеседі» - деді Манар Смағұл.

Сонымен қатар, Манар Смағұлдың айтуынша, керісінше егер вакцина алмай коронавируспен ауырған жағдайда, қан ұйығыштары аурудың ағымын науқастардың 20 %-да, яғни әр бесінші адамды қинайды. Бұл коронавирусқа қарсы егу арқылы өзін қорғаған адамдарға қарағанда мың есе жоғары екендігін атап өтті.

«Коронавирус бүгінде алдын алуға болатын ауру. Вакцина 100 % болмаса да коронавирус инфекциясынан, сырқаттың ауыр өтуінен қорғайды. Бүгінде әлемде түрлі вакциналардың 4 млрд дозасы егілді. Әрине, вакцинаның өзі вирус тудырмайды және вакцина алғандар іс жүзінде ковидтен өлмейді» - деді Манар Смағұл.

Балаларды коронавирустан қорғау

ҚР ДСМ “Ұлттық фтизиопульмонология ғылыми орталығы” директорының клиникалық және ғылыми жұмыстар жөніндегі орынбасары Ляззат Ералиеваның айтуынша, балаларды коронавирустан тек ұжымдық иммунитет арқылы қорғауға болады.

Оның айтуынша, жаңа оқу жылында балалар, студенттер офлайн режимінде оқуға мәжбүр болады. Алайда, соңғы уақытта балалар, жасөспірімдер мен жастар арасында коронавирустық инфекцияны жұқтыру жағдайларының саны артып келе жатыр.

«Бірінші себеп ата-аналары вакцина алмаған балалар ауруа. Екіншіден, ересек тұрғындар вакцина алмайтын кішкентай балаларды тек ұжымдық иммунитет арқылы қорғауға болатындығын есте ұстауы керек. Үшіншіден, формальды түрде емес, балалар мен жасөспірімдерді алдын-алудың дұрыс, стандартты шараларына үйрету керек» - деді Ералиева.

Барлық жаңалықтар