• Басты
  • Елордада 1980 адам коронавирусқа қарсы екпе салдырды

Елордада 1980 адам коронавирусқа қарсы екпе салдырды

19 Ақпан, 2021 15:26

Бүгін Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің әлеуметтік желідегі ресми парақшасында «Елордада Covid-19 қарсы вакцинациялау науқанының үш аптасы қорытындыланды. Кімдер вакцина алды? Препарат қалай сақталды? Толығырақ Strategy2050.kz тілшісінің материалында.


Елордалық Алғашқы медициналық-санитариялық көмекті ұйымдастыру бөлімінің басшысы Әлия Өмірзақованың айтуынша, тиісті контингент ішінде 6 300 адамның 1 980-і вакцина алды.

«Қазіргі уақытта қалада вакцинациялаудың үшінші аптасы аяқталды. Вакциналау емханаларда, инфекциялық стационарлардың, жедел медициналық жәрдем, алғашқы медициналық санитарлық көмек ұйымдарының, көпбейінді стационарлардың қабылдау бөлімдерінің медицина қызметкерлеріне жасалып жатыр. Олардың арасында асқыну анықталған жоқ. Қазіргі уақытта вакцинация ресейлік «Гам-КОВИД-Вак» вакцинасымен жүріп жатыр. Препарат екі компонентті, үш апта аралықпен екі рет егіледі», - деді ол.

Екінші рет екпе салу 22 ақпаннан бастап жүзеге асады. Екі компонентті алып болған адам толық курс алған болып есептеледі. Толық курстан кейін бір жарым ай ішінде адам ағзасында иммундық реакция пайда болады. Сол үшін екпе салдырған адам, екпе алғанына қарамастан, сақтық шараларын сақтағаны дұрыс.

Әлия Өмірзақованың айтуынша, вакцинаның келесі жеткізілімі ақпан айының соңына жоспарланған.

«Препараттардың жаңа партиясы келіп түскен уақытта медицина қызметкерлерін егуді жалғастырамыз. Сондай-ақ, педагогтарды, күш құрылымдары қызметкерлерін, созылмалы ауруы барларды және басқаларды кезең-кезеңімен егуді бастаймыз. Алғашқы медициналық-санитариялық көмек ұйымдарына вакцинация жүргізу үшін егу кабинеттері, күту залдары әзірленді», - деді ол.

Екпе салдырып болған адам 30 минутқа дейін емханадан алыстамай, дәрігердің бақылауында болады. Дәрігерлердің дерегінше, вакциналарды тасымалдауға арналған 20 мұздатқыш және 82 термоконтейнер бар. Бұлар жеткілікті. Вакцина алуы тиіс азаматтар тіркелген емханаларында тегін ала алады. Ол сонымен қатар дүние жүзі бойынша Қазақстанда вакцинаның аз мөлшерде әкелініп жатқанын айтты.

«Ресейлік вакцинадан басқа бізде өз елімізде дайындалған вакцина қолданылатын болады. Қазіргі кезде ресейлік вакцина, бірақ Қазақстанда өңдіріледі. Екпе егудің келесі кезеңінде қазақстандық вакцина бойынша емшаралар өткіземіз», – деді дәрігер.

 Спикердің мәлімдеуінше, вакцинация бойынша әлемде әзірге азаматтық зерттеулер жүргізіліп жатқан жоқ. Дүние жүзінде тек клиникалық зерттеулер жүргізіліп жатыр.

Нұр-Сұлтан қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Әлия Рүстемова шетелде жүргенде вакцина қабылдағандар Отанға оралғанға дейін қайтадан вакцина салдырмайтынын мәлімдеді.

«Егер қазақстандықтар шетелде жүріп вакцина қабылдаса, елге келген соң біз оны екпе салдырды деп тіркейміз. Мейлі, ол файзер немесе басқа да вакцина түрі болсын бәрібір, бастысы, ол қандай болса да вакцина салдырып, өзін вирустан қорғады», – деді дәрігер Рүстемова.

Әлия Рүстемова вакцинаны тасымалдау және сақтау шараларына кеңінен тоқталды. Оның айтуынша, қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының қоймасында төрт мұздатқыш қондырғы бар. Төрт мұздатқышта бір уақытта екі мыңға жуық вакцина дозасын сақтауға болады.

«СК-Фармациядан» бізге минус 18-20 градуста сақтап, алып келеді. Тасымалдау кезінде тиісті температура сақталады. Одан кейін қоймаға да барлық норманы сақтай отырып қабылдаймыз. Сонымен қатар барлық мед ұйымдар арнайы тоңазытқыштармен қамтамасыз етілген және осы бағыт бойынша біліктілігін шыңдаған мамандар жұмыс істейді», - деп түсіндірді ол.

Тасымалдаудың барлық кезеңінде де сақтау режимі қатаң сақталады. Егер қандай да бір олқылық анықталса, тиісті шара қолданылатынын брифинг спикерлері еске салды.


Барлық жаңалықтар