• Басты
  • Елордада дзюдо орталығы ашылды

Елордада дзюдо орталығы ашылды

2 Ақпан, 2021 16:34

Бүгiн, яғни 2 ақпанда «Нұр-Сұлтан» олимпиадалық даярлау орталығының жанында дзюдо орталығының ресми ашылу салтанаты өтті. Шараға ҚР Мәдениет және спорт вице-министрі Сәкен Мұсайбеков пен Қазақстан дзюдо федерациясының президенті Қайрат Қожамжаров қатысты. «Сарыарқа» волотрегі жанындағы бұл орталық 2020 жылдың қарашасынан бастап жұмыс істеп келеді. Бүгінде аталмыш орталықта 120-дан астам адам жаттығып жүр деп хабарлады Strategy2050.kz тiлшiсi.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, жастар арасында жапон жекпе-жегіне қызығушылық өте жоғары. Осыны ескерген олимпиадалық даярлау орталығының басшылығы оның ауқымын кеңейтіп, қатысушыларға жайлы жағдай жасауға тырысқан.

«Дзюдо бұл жай ғана спорт емес бұл үлкен философия.Осында жиналып отырған жас спортшылар мен болашақ чемпиондар үшін қуаныштымын.Жалпы Қазақстанда барлық спорт түрлерінің дамуына жағдай жасалуда. Соңғы жыл ішінде-ақ біз барлық облыс орталықтарында республикалық маңызы бар үш қалада 20 спорт секцияларын ұлттық дзюдо Комитетінің көмегімен аштық. Қазір негізгі залдың көлемі 410,4 шаршы метрді құрайды. Бұл бір мезетте 100 адамның емін-еркін дайындалуына мүмкіндік береді. Орталықтың жалпы ауданы 721,2 шаршы метрді алып жатыр. Бұл жерге киім ауыстыратын және басқа да бөлімдер кіреді. Дайындық жұмыстары аптасына 6 күн өтеді. Орталықта 2 бапкер бар. Орта есеппен күніне 70 адам залға келеді. Санитарлық талаптар қатаң сақталады», - деді Қайрат Қожамжаров.

Сонымен қоса, Қазақстан дзюдо федерациясының президенті биыл өтетін жарыстарға жастардың тыңғылықты дайын екендігін жеткізді.

«Осы залда біздің болашақ чемпиондарымыз жаттығады.Олар ұлттық дюздомыздың болашағы.Оған дәлелдеріміз жеткілікті және биыл өтетін жарыстарға тыңғылықты дайынбыз. Жүлделі оралуға үміттіміз», - деп сенім білдірді Қазақстан дзюдо федерациясының президенті.
Ұйымдастырушылардың сөзіне сүйенсек, ай сайынғы төлем 10 мың теңгені құрайды. Сонымен қатар, Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің мүгедектерді қоспағанда, дене шынықтыру-сауықтыру қызметтерін тегін немесе жеңілдікті шарттармен пайдаланатын азаматтар санаттарының тізбесін, сондай-ақ жеңілдіктер мөлшерін бекіту туралы 178 бұйрығына сәйкес қазіргі таңда 25 бала тегін айналысады.


Сонымен бірге, аталмыш орталықтың жаттықтырушысы Сергей Пак мұнда дәрігерлердің де қызмет етенін атап өтті.

«Біздің орталықта қазіргі таңда 130-ға жуық адам жаттығып жүр. Әр топта 20 оқушыдан. Сонымен қатар, бірнеше қызмет көрсете алатын дәрігерлер жұмыс істейді. Жас спортшыларға тек сәттілік тілеймін», - деді мекеменің жаттықтырушысы.
Ал, елордадағы №38 мектеп лицейінің 5 сынып оқушысы Әлішер Төлегенов дзюдо орталығының тұрақты қатысушы. Ол аптасына үш рет осында жаттығу сабақтарына қатысып, жаттығады.


«Маған дзюдо үйірмесі ұнайды. Аптасына 3 рет дүйсенбі, сәрсенбі, жұма күндері келеміз. Бұл залдың ашылғанына өте қуаныштымын. Залдың көлемі кең, әдемі. Біздің ағай Сергей Александрович бізді үнемі мақтап жүреді. Бізді үнемі қолдайды, жақсы көреді», - деді Әлішер Төлегенов.
Венера Жолманқызы

Барлық жаңалықтар